СұхбатЖасы ұлғайғанда оқу ұят па – Жаңылхан Мәмежанқызының жауабы

Жасы ұлғайғанда оқу ұят па – Жаңылхан Мәмежанқызының жауабы

 

АЛМАТЫ. KazUnite – «Жасы ұлғайғанда оқу ұят» деп санайтындар әлі де бар. Осы көзқарасты қалай жеңуге болады? Үлкендердің заманға сай дамып, оқығанынан қазақ қоғамына қандай леп, өзгеріс келеді? Осы және өзге де сұрақтар бойынша аға буынға аяқ басқан шағында Нью-Йорк фильм академиясында оқып келген филология ғылымдарының кандидаты, «Абай» арнасының Бас продюсері Жаңылхан Мәмежанқызымен сұхбат құрдық.

– Жаңылхан Мәмежанқызы, Нью-Йорк фильм академиясында қандай мамандық бойынша, қанша уақыт оқыдыңыз? АҚШ-та білім алу бала күнгі арманыңыз ба еді?

– АҚШ-та білім алу бала күнгі арманым емес. Бала күнгі арманым – ҚазҰУ-да оқып болған соң әрі қарай Ленинградтағы Әдебиет институтында оқу болған. Студент кезімде тұрмыс құрып, балалы болған соң ол арманға қол жетпей қалды. Университетті қызыл дипломға бітірдім. Маған сол жерде қалуға ұсыныс болды. Мен «балам кішкентай, енеме қарауым керек», – деп қалмадым. Балам өскен соң барсам, «ғалымдарды ғана жұмысқа аламыз», – дейді. Содан кейін ҚазҰУ аспирантурасына оқуға түстім. Ғылыми жетекшім – филология ғылымдарының докторы, профессор Гүлдархан Смағұлова. Аспирантурада оқып жүргенде қосымша «Хабар» агенттігінде штаттан тыс редактор болып жұмыс істедім. Ғылыми диссертациямды қорғасам да, телевизия әлемінен шыға алмай қалып қойдым. Биыл тележурналистикада жүргеніме 21 жыл болады екен. Оның 16 жылы Ұлттық арнада өтті. Соңғы үш жылда қосымша журналистика факультетінің «БАҚ және электронды баспсөз» кафедрасында дәріс оқимын. Менің телеарнада жұмыс істеп жүргендегі арманым телевизия саласында өсу, білім жетілдіру, озық елдерде тәлімдемеден өту болды. Орайы келгенде семинар, тренингтерге қатысып жүрдім. Семинарда «арманыңыз орындалады» деген парақшаға «АҚШ-қа бару» деп жазып қойыппын. Орындалды. АҚШ-тың Нью-Йорк фильм акдемиясында оқу мүмкіндігіне Халықаралық «Болашақ» бағдарламасы арқылы қол жеткіздім. Алғысым шексіз. Ол жерде «Тележурналистика» мамандығы бойынша сегіз ай тәлімдемеден өттім. Теория мен практиканы қатар оқытады екен. Образды түрде айтсақ, қолыңа қармақты береді, өзің барып балық аулап әкелу керексің. Мұхиттан аулайсың ба, көлшіктен аулайсың ба, бастысы қармағын сындырмай, балығын әкеліп берсең болды. Тележоба түсіру, сценарий жазу, монтаждау тұрғысынан біраз нәрсе жетілдірдік.

Фото Жаңыл Мәмежанқызының жеке мұрағатынан

Алып Америка, ондағы тең құқылық әлемнің түкпір-түкпірінен барған адамдардың, тіпті туған елінде өзіне сенімсіз болып жүрген адамдардың жаңа қырын ашып, жетістікке жетуіне күш береді деседі. Ал өз еліңізде белгілі бір саланың биігіне көтерілген сізге АҚШ қандай да бір күш берді ме? Ол жақтан қандай әсер алдыңыз? Не түйдіңіз?

– Өте дұрыс айтасыз. Америка соның ішінде Нью-Йоркте әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған әртүрлі ұлт өкілдері өмір сүріп жатыр. Олар – өз елінен қысым көргендер, опа таппағандардан бастап жайлы өмір іздегендер, өздерінің әлеуетін байқап көргісі келгендер. Барлығы жиналып келіп әкелген күшін, білімін, сол жерге құйса, әрине, әлемдегі дамыған ел қалай болмасын?. Қазір бізге Ресейден жұрт ағылып келіп жатыр ғой. Олар келіп біздің елді алға дамытуға жұмыс істесе істесін, әйтеуір, қиратпаса болды. Бірақ шаңырақ кімдікі екенін білсін. Америкада тұрып жатқандар да шаңырақ кімдікі екенін біледі, тәртіпке бағынады. Жалпы ол АҚШ па, Еуропа ма, Жапония ма, қандай ел болса да, дамыған елде білім алған адамның көкірек көзі ашылады. Құндылықтарға деген көзқарасың толысады. АҚШ саған керегіңді береді. Тілді үйрену, тәжірибені жетілдіру, жұмыс істеу, ақша табу, кәсіби жетілу деген сияқты. Сен нені керек етесің, ол өзіңе байланысты. Мүмкіндігінше ашық болуды, ойыңды ашық айтуды, қоғамдағы келеңсіз жайттарға селқос қарамауды үйретті.

Фото Жаңыл Мәмежанқызының жеке мұрағатынан

Қазақстанда 30-дан асқандар, әсіресе әйел адамдар өздерін оқу-білім алудан кеш қалғандай сезінеді деп жатады. Бұл ретте аға буынға аяқ басқан шағыңызда сіздің ізденімпаздығыңыз, білімге, жаңа мамандықты игеруге деген құлшынысыңыз білімге құмарлықтан ба, әлде миссия ма? 

– Әрине, білуге, білмекке құмартудан ғой оқығым келіп жүргені. Ешқандай да миссия емес. Менің негізгі миссиям – бала ретінде ата-ананы ұятқа қалдырмау, қыз ретінде тұрмысқа шығу, ана ретінде ұрпақ әкелу, жар ретінде отбасын дұрыс ұстау, келін ретінде ата-енеге қарау, туыс ретінде ағайынға көмектесу, маман ретінде ізденуден шаршамау, ұстаз ретінде үйрету, азамат ретінде елге қызмет ету. Оның бірін дұрыс атқарсам, бірін атқармаған да шығармын. Бірақ осы бағытта өмір сүріп келемін. Адамның саналы өмірі 30-дан кейін басталады. Оқимын деген адамға ешуақытта кеш емес.

Ағылшын тілін қалай және қашан үйрендіңіз?

– Мен негізі филологпын. Студент кезімізде филолог міндетті түрде бір шет тілін білу керек дейтін ұстаздарымыз. Соған аса мән бермедік, бала-шаға дедік, уақыт жоқ дедік. Балалар өсіп, екеуі екі жақта біреуі Торонтода, біреуі Мәскеуде оқып жатты. Уақыт табылды, сол ізденгіштік қой ағылшын тілі курсына жазылдым. Бір қызық оқиғаны айтайын. Осыдан жеті жыл бұрын Авторлар қоғамынан хабарласып, қаламақымды алып кетуді айтты. Менің өлеңдеріме жазылған әндердің ақшасы екен. Көп емес. Әлгі ақшаны алып тұрып ойланайын «достарды шақырсаң, бір мейрамханаға барасың, көйлек алсаң, бір киесің. Өзімнің Құдай берген дарынама келген ақшаны өзімді жетілдіруге жұмсайын деп ағылшын тіліне жазылдым. Күнделікті жұмыс уақыты – сағат 9.00-18.30. Ал мен таңғы курсқа жазылдым сағат 7.00-8.00 арасы. Мотивацияның көкесін сол жерде көрдім, менің парталасым 72 жастағы дәрігер апа екен. Зейнеткер апа келіп оқып жүр. Іштей ойладым «апаның жасына жеткенше ағылшын тілін анық үйренемін» деп, алты ай курсқа бардым. АҚШ-та ағылшын тілін жетілдіру үшін негізгі сабақтардан соң стипендиядан үнемделген ақшамен ақылы «ZONI  ағылшын тілі» кешкі мектебіне бардым. Жасы үлкен адамдармен оқыдым. Қолданыста жоқ тіл – өлі тіл. Сол үшін практика керек. Мүмкіндігінше ағылшын тілінде фильм көремін.

Фото Жаңыл Мәмежанқызының жеке мұрағатынан

Еліміздегі кез келген жастағы адамдар қандай да бір жетістікке жету үшін бойында қандай қасиет болуы керек және қандай әрекет жасауы керек деп ойлайсыз?

– Еңбекқорлық бірінші кезекте тұруы керек. Өз мамандығыңа адалдық. Сол жолдағы ізденімпаздық. Күніне бір жақсы іспен, шығармамен өзіңді толықтырып отыру керек. Күнде кешкісін өзіңе есеп беру. Мен бүгін не істедім? Үлкен мақсат қоя білу. Мүмкін бәріне жетпессің, бірақ бәрібір сол бағытқа жүргенде, әйтеуір, бір жетістікке жетесің. Қазір білімнің заманы. «Диплом алдым, сол жетеді» дегеннен арылу керек. Біз елімізді дамыған елдер қатарынан көргіміз келсе, әрқайсымыз іштей өсу керекпіз. Сөзден кетіп, нақты іске жұмыс істеу керек. Істеймін, жасаймын деп тұрған жастардың қанатын қырықпау керек. Билік басында зиялы, мейірімді, принципшіл, отанын сүйетін елшіл жастар көбірек болса деп тілеймін.

«Жасы ұлғайғанда оқу ұят» деп санайтындар әлі де бар. Осы көзқарасты қалай жеңуге болады?

– Ондай комплекстен арылу әр адамның өз қолында. Ішіп-жеп, той тойлап, өсек теріп, қызғанышқа бой алдырып, дүкен аралап, киім іздегенше сол уақытты білім алуға, оқуға, үйренуге арнаған абзал. Егер бағытыңыз дұрыс болса, ешкімді тыңдамаңыз. Менің өзіме де «жасы елуден асқанда үйінде отырмай ма, шетел асып несі бар?» дегендер де болды. Кімнің аузына қақпақ боласың?!

Оның үстіне қартаймаудың бір жолы – дене жаттығуларын жасаумен қатар, миға салмақ салып тұру. Үйреншікті жағдайларға қосымша жаңа нәрселерді қабылдау. Сондай нейрондар жақсы жұмыс істейді.

Үлкендердің заманға сай дамып, оқығанынан қазақ қоғамына қандай леп, өзгеріс келеді?

– Қалай десеңіз де, үлкендер оқығаннан қоғам жаман болмайды. Керісінше, жастардың бойына көріп-біліп келгенін сіңіреді. Бір сөзбен айтқанда, заманға жастардың көзімен қарайды, бір бағытта жұмыс істейді. Үлкендер ақыл тоқтатып, ес кірген, өмірлік тәжірибесі бар адамдар болғандықтан, шетелдің арзан күлкісі мен жылтыр дүниесіне әуес болмайды. Ненің қымбат, ненің арзан екенін түсінетін адамды оқытып отырса, одан қоғам да, мемлекет те ұтылмайды.

Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Нұрдәулет Кәкіш

 

Соңғы жазбалар

Алғаш рет ай топырағынан молекулалық су табылды

0
KazUnite -  Қытай ғалымдары алғаш рет ай топырағынан молекулалық су тапты. Бұл туралы ҚХР-дағы қазақша ақпарат тарататын онлайн «Халық Газеті» мәлім етті. Қытай Ғылым академиясының мәліметінше,...

АҚШ Сенаты TikTok-қа тыйым салу немесе сату туралы заң жобасын мақұлдады

0
ВАШИНГТОН. KazUnite - АҚШ Сенаты TikTok әлеуметтік желісінің иесі қытайлық ByteDance концернін басқа иелік етушіге беруге міндеттейтін заң жобасын қабылдады. Заң жобасында Қытай тарапына...

Шольц Путинге Канттың сөздерін мысалға келтіруге тыйым салды

0
Берлинде неміс философы Иммануил Канттың 300 жылдығына орай мерейтойлық жылдың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл туралы Берлин-Бранденбург ғылым академиясы мәлім етті, деп хабарлайды KazUnite тілшісі. Іс-шара Пруссия...

Грекиялықтар елдің НАТО-дан шығуын талап етті

0
Грекия астанасы Афинада коммунистік партия мен халықаралық және бейбітшілік комитетінің мүшелері қатысқан салтанатты бейбітшілік шеруі өтті, деп хабарлайды KazUnite тілшісі  902.gr-ға сілтеме жасап. Агенттіктің хабарлауынша,...

«Таза Қазақстан»: Мақаншы ауданындағы Айдынды-Алакөл жағалауы тазартылды

0
KazUnite - Қазақстанда «Таза Қазақстан» ауқымды экологиялық акциясы жалғасып жатыр. Абай облысы Мақаншы ауданындағы Айдынды-Алакөл жағалауында жалпы аудандық сенбілік өтті. Акцияға ауданның 11 ауылдық округі мен...