СұхбатДания Нүсіпбек: “Америка мектептерінде оқушыларға таңдау берілген”

Дания Нүсіпбек: “Америка мектептерінде оқушыларға таңдау берілген”

 

KazUnite – Бүгінде қазақ жастары әлемнің түкпір-түкпірінде білім алуда. Солардың бірі – 16 жастағы алматылық Дания Нүсіпбек. Ол бүгінде Чикаго қаласының маңындағы жекеменшік мектептің бірінде оқиды. Биыл жазда әйгілі Гарвард университетінің мектеп оқушыларына арналған (жоғарғы сынып) жазғы бағдарламасына қатысып, білімін толықтырған. Сабақтан үнемі қолы босай бермейтін Даниямен АҚШ мектептері туралы сұхбат құрдық.

– Дания, білуімше, қазір Американың Чикаго қаласында білім алып жүрсіз. Қай мектепте оқисыз? Ол жаққа қашан көштіңіздер? 

– Бұл – high school . Яғни 9-11 сыныптың балалары оқиды. Интернатта жатамын. Өзім Алматы қаласының тұрғынымын. 9-сыныпта жалғыз өзім Америкаға келдім. Жазғы және қысқы демалыс кезінде елге қайтамын.

– Алғаш барғанда тіл жағынан қиналмадыңыз ба? 

– Бұл мектепке келер алдында ата-анам мені жақсы дайындады. Бірақ мен аздап қиналдым. Өйткені оқушылардың көбі «жаргон» сөздерді көп қолданады екен. Оның үстіне сабақтарды ағылшынша оқу басқаша болды. Терминдерден қиналдым. Бірақ 1-2 жылдан кейін үйреніп кеттім.

– Алматы қаласында да бірнеше мектепте білім алдыңыз. Екі елдің оқу жүйесінде қандай айырмашылықтар бар екен? 

– Мектеп бағдарламасында айырмашылық бар. Қазақстанда шет тілін оқытқанда грамматика мен сөздік қорды дамытуға көңіл аударады. Бірақ Америкада ол жеткіліксіз. Өйткені елде жүргенде терең «анализ» жасауды меңгермегенмін. Есесіне математика және басқа да пәндерді АҚШ-қа қарағанда Қазақстанда жақсы үйретеді екен.

Тағы бір айырмашылық – Америкада мектептер балаларға таңдау береді. Мәселен, математика пәні ұнамаса, оңай деңгейдегі математика сабағын таңдауға рұқсат етеді. Ал математикаға қызығушылығыңыз болса, тереңдетілген түрін үйретеді. Мен 9-сыныпта қиын математиканы таңдадым.

– Шетелге, әсіресе, алпауыт АҚШ сияқты елге көшкенде көпшілік “мәдени шок” алдық деп жатады. Сізді не таң қалдырды, неден шошыдыңыз? 

– Америкада адамдар бір-бірімен өте оңай тіл табысады. Оны «смол ток» деп атайды. Мәселен, ешқашан сөйлеспеген бала жаныңа келіп, ауа райы туралы әңгімелеп, күлімдеп кетіп қалуы мүмкін. Бұл өте қызық ерекшелік. Мысалы, мен Бостонда қыдырып келе жатқанымда алдымнан шыққан бөтен қыз менің футболкама “комплимент” айтып кетті.

– Биыл Гарвард университетінің мектеп оқушыларына арналған жазғы бағдарламасына қатыстыңыз. Оған қатысу үшін қандай шарттар немесе талаптар болды? 

– Шарттардың барлығы Гарвардтың сайтында жазылған. Мектептің бағаларын жіберу керек және эссе жазып, интервьюден өту керек. Мұғалімдердің ұсыным хаты да керек болады. Маған тиген пайдасы – университеттің кредиттері. Мен университетке барғанда осы алған бағаларымды көрсетіп, сол сабақтарды жақсы оқығанымды растадым. Университет осы кредиттерді есептеді. Мысалы, университетте ең алғаш физика деңгейінен өттім. Сол сабақты университетте оқу керек емес болады. Өйткені 11-сыныпта мен оны Гарвард бағдарламасында оқып, бітірдім.

– Мектепте сізден басқа қай елдің балалары оқиды? 

– Жанымдағы балалар – АҚШ-тан, Қытайдан, Корея, Үндістан, Ресей, Украина, Гамбия, Сенегал, Литва, Польша, Аргентина, Австралия елдерінен келген балалар.

– Оқу бағдарламасы туралы тағы не айтуға болады? 

– Оқу бағдарламасында Қазақстандағыдай ортақ бағдарлама жоқ. Әр мектептің өз бағдарламасы бар. Мұнда қандай сабақ ұнаса, соны таңдай аласың. Менің мектебімде математика ғылыми сабақтар. Ағылшын, қосымша тіл үйрену, тарих және шеберлік сабақтары бар. Мұнда аз дегенде математиканы екі жыл оқу керек. Ағылшынды төрт жыл оқу керек. Шеберді жарты жыл, тарихты үш жыл, өзге тілді екі жыл оқу керек. Мен шебер сабағын және өзге тілді 9-10 сыныпта оқыдым. Қазір оларды оқып қажет емес. Бірақ оқығым келсе, тағы оқуға болады. Мен оның орнына қосымша математика және ғылыми сабақтарын таңдадым. Менің мектебімде ғылыми сабақтар ұнамаса, оны екі жыл оқып, аяқтауға болады. Тура университеттегідей әр сабақта әртүрлі оқушылармен оқимыз.

– Тамаша! Ал не ұнамады? 

– Ал ұнамайтын тұсына келсем, мұнда тамақтар зиян. Күнде қуырылған тағамдар береді. Сосын каникул кезінде интернаттар жабылады. Кей каникул өте қысқа болғандықтан, елге ұшып келе алмаймын. 5-10 күндік демалыстарда құрбыларымның үйінде немесе қонақүйде тұруға мәжбүрмін.

– Жалпы, бұл мектепке кез келген бала барып, білім алуына бола ма? 

– Кез келген бала оқи алады деп айта алмаймын. Менің мектебімде ештеңеге қызықпасаң, оқу қиын. Осы жерге түсу үшін интервью кезінде және эссе жазғанда міндетті түрде қызығатын нәрселерді көрсетуің керек. Мұнда әр бала өзіне не керегін түсініп, сол бағытта мектептің өміріне қатысады. Мәселен, мықты оқушылар мектепте баға рейтингін көтереді. Мектептегі мықты спортшылар оқу жағынан әлсіз, бірақ өзге мектеп оқушыларымен жарысқанда жеңіс алып келеді. Қысқаша айтсам, мұнда әр бала мектеп өміріне қалай қатысам деген қағиданы мықтап ұстануы тиіс.

– Сабақ кестесі қандай? 

– Шынымды айтсам, мектебімізде бос уақыт болмайды. Сағат 15:00-де сабақ аяқталады. 15:30-ға дейін спортқа дайындаламын. Баскетболдан жаттығу сағат 17:00-де бітеді. Одан әрі жарты сағат ішінде жуынып, киініп, үйірмеге үлгеруім керек. Мен робототехника, математика, информатика, ғылым клубтарына қатысамын. Әр клуб аптасына 1-2 реттен болады. Сағат 20:00-де бөлмеме келіп, түнгі 1-ге дейін сабақ оқимын. Содан кейін демаламын. Сенбі-жексенбі күні емтиханға дайындаламын.

Мұнда үйірмелер клубтар деп аталады. Оны оқушылардың өздері бастап жүргізеді. Мен рок группаға жазылдым. Үш жыл гитара мен пианинода ойнадым. Енді топтың көшбасшысымын. Математика, ғылым үйірмелерінде емтихандарға дайындаламыз. Робототехника үйірмесінде робот құрастырып, жарысқа қатысамыз. Мектепте кем дегенде 50 үйірме бар. Тіпті, шаңғы тебуді үйрететін үйірмелер де бар. Оқушылар қысқы демалыста жиналып, шаңғы тебуге барады. Сонымен қатар шай ішетін клубтар бар. Яғни, шайдың дәмін татып, өзара әңгіме-дүкен құрады.

– Болашақта қандай кәсіпті меңгергіңіз келеді? 

– Маған математика және физика пәндері ұнағандықтан, инженер болғым келеді. Бірақ қандай инженер болатынымды әлі таңдамадым. Бәлкім механикалық немесе электрикалық инженер боламын. Ал дәл қазіргі таңдағы арманым – мықты университетке түсу.

– Мақсатыңызға жетіңіз! Сұхбатыңызға рақмет! 

Сұхбаттасқан Гүлмира Шарханқызы

 

Соңғы жазбалар

АҚШ Сенаты TikTok-қа тыйым салу немесе сату туралы заң жобасын мақұлдады

0
ВАШИНГТОН. KazUnite - АҚШ Сенаты TikTok әлеуметтік желісінің иесі қытайлық ByteDance концернін басқа иелік етушіге беруге міндеттейтін заң жобасын қабылдады. Заң жобасында Қытай тарапына...

Шольц Путинге Канттың сөздерін мысалға келтіруге тыйым салды

0
Берлинде неміс философы Иммануил Канттың 300 жылдығына орай мерейтойлық жылдың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл туралы Берлин-Бранденбург ғылым академиясы мәлім етті, деп хабарлайды KazUnite тілшісі. Іс-шара Пруссия...

Грекиялықтар елдің НАТО-дан шығуын талап етті

0
Грекия астанасы Афинада коммунистік партия мен халықаралық және бейбітшілік комитетінің мүшелері қатысқан салтанатты бейбітшілік шеруі өтті, деп хабарлайды KazUnite тілшісі  902.gr-ға сілтеме жасап. Агенттіктің хабарлауынша,...

«Таза Қазақстан»: Мақаншы ауданындағы Айдынды-Алакөл жағалауы тазартылды

0
KazUnite - Қазақстанда «Таза Қазақстан» ауқымды экологиялық акциясы жалғасып жатыр. Абай облысы Мақаншы ауданындағы Айдынды-Алакөл жағалауында жалпы аудандық сенбілік өтті. Акцияға ауданның 11 ауылдық округі мен...

В5+1 форумында Anelya Alimova мен Business Woman KZ келісімшартқа отырды

0
АЛМАТЫ. KazUnite - Алматыда АҚШ және Орталық Азия елдері – Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстан үкіметтері мен іскер топтары өкілдерінің қатысуымен «В5+1» форматындағы...