СұхбатАмерикалықтар асырап алған қазақ баласы: Қазақ туралы ақпарат көп іздедім

Америкалықтар асырап алған қазақ баласы: Қазақ туралы ақпарат көп іздедім

 

НЬЮ-ЙОРК. KazUnite – Кейбір дереккөзге сүйенсек, 1992-2011 жылдар аралығында америкалықтар 6 421 қазақстандық баланы асырап алған. 2012 жылдан бастап мұхит асқан асыранды балалардың саны азайған. Сондай асыранды қазақ балаларының бірі Диаспен (американдық аты Джеймс – ред.) сұхбат құрудың сәті түсті. 

Диасты АҚШ азаматтары үш жасында асырап алған. Оның американдық есімі –  Джеймс. Алайда оның өзіне Диас деген ат ұнайды. “Өзімді Джеймсқа қарағанда Диас деп сезінемін” дейді ол. Диас бала кезінен қазақ мәдениеті мен дәстүрін білуге, тануға ұмтылды. Америкалық анасы да Қазақстан туралы түрлі материалды көрсетіп, баласына шыққан тегімен таныстыруға тырысыпты. Диас есейгенде интернет арқылы Қазақстан, қазақтар туралы ақпаратты, қазақтың мәдениеті мен тарихын өз бетінше оқып, ізденді. Қазақстан туралы көбірек білу үшін АҚШ-тағы қазақтармен араласуды мақсат тұтқан. Америкадағы қазақтардың жиынынан қалмауға тырысады. Былтыр Наурыз мерекесіне алғаш рет қатысқан. Онда ұлттық тағамнан дәм татып, қазақтың ұлттық ойындарын ойнап, мәдениетімен танысты.

KazUnite: Диас, өзіңіз туралы айтып беріңізші.

Диас: Мен Талдықорғанда дүниеге келгенмін. Одан кейін мені Алматыдағы үшінші балалар үйіне тапсырыпты. Америкалық ата-анам үш жасымда мені және Алматы қаласында дүниеге келген әпкемді асырап алды. Ол кезде әпкемнің жасы бесте еді. Екеуміздің биологиялық ата-анамыз әртүрлі. Ал Қазақстандағы анам тарапынан екі бауырым бар. Олар менен екі және төрт жас кіші.

Америкадағы өмірім туралы айтар болсам, San Francisco State University-де оқимын. Болашақта халықаралық заңгер немесе адам құқығын қорғайтын заңгер болғым келеді. Әжем мұра ретінде маған үйін тастап кетті. Қазір сонда әпкеммен тұрып жатырмын. Үйім ескі болғанмен, өте әдемі.

KazUnite: Биологиялық ата-анаңызды білесіз бе?

Диас: Анамды танимын. Алайда әкемнің кім екенін білмеймін.

KazUnite: Анаңызды қалай таптыңыз?

Диас: Туу туралы кітабымда анамның аты-жөні жазылған. Facebook арқылы іздедім. Анамның есімі мен тегі бойынша бірнеше адамды таптым. Биологиялық анамның фотосы болмағандықтан, әлеуметтік желіде есімдері сәйкес келгендердің бәріне хат жазып жібердім. Анам маған жауап берді. Оның берген ақпараты мен туу туралы куәліктегі барлық ақпарат сәйкес келді.

KazUnite: Анаңызбен әлі де сөйлесіп тұрасыз ба?

Диас: Бұл өте ұзақ әңгіме. Қысқаша айтар болсам, ол мені баласы ретінде қабылдағысы келмеді. Бірақ анамның анасы, яғни нағашы әжеммен араласамын. Әжеммен WhatsApp арқылы хабарласып, қал сұрасып тұрамыз. Ал Қазақстандағы бауырларым менің бар екенімді білмейді.

KazUnite: Америкалық ата-анаңыз биологиялық ата-анаңызды іздегеніңізге және әжеңізбен араласатыныңызға қалай қарады?

Диас: Америкалық ата-анам менің өз мәдениетімді, шыққан тегімді білуімді қалайды. Әсіресе, анам маған көп қолдау білдірді. Бала кезімнен кітапханаға барып, Қазақстан туралы кітаптарды, ондағы қазақ мәдениетінен хабар беретін суреттерді көрсететін. Жоғары сыныпқа барғанда өзім интернет арқылы Қазақстан туралы ақпарат іздей бастадым.

KazUnite: Қазақстанда болдыңыз ба? Егер болмасаңыз, бару жоспарыңызда бар ма?

Диас: Ешқашан Қазақстанда болмағанмын, бірақ барғым келеді. Аяқ асты бара салмай, ыңғайлы уақытты күтіп жүрмін. Өзім дайын болғанда барғым келеді. Мәселен, ең алдымен тілді үйренсем деген ниетім бар.

KazUnite: Қазақ тілін үйренуді бастап кеттіңіз бе?

Диас: Әзірге орыс тілін үйреніп жүрмін. Осындағы қазақтардың барлығы қазақ тілін үйренуге кеңес берді. Алайда алдымен орыс тілін үйреніп, одан кейін қазақ тілін үйрену жоспарымда бар. Орыс тілінде жақсы жазамын, ал сөйлеу жағы қиындау. Қазақстандағы әжеме орысша жазамын. Бірақ елдегі кейбір отбасы мүшелерім орысша білмейді екен.

KazUnite: Қазақстанға барғанда анаңызбен кездескіңіз келе ме?

Диас: Иә, биологиялық анаммен көрісу жоспарда бар. Әжем мені Қазақстанға, өзі тұратын Қызылорда қаласына шақырған. Елге барып жатсам, әжеммен жолығамын. Қазақстанға бару үшін қандай құжаттар керек екенін, америкалықтардың қазақ елінде қанша уақыт жүре алатыны туралы ақпаратты оқыдым. Тарихи отаныма барып жатсам, бір айдай сонда боламын. Америкалықтарға Қазақстанда отыз күн жүруге рұқсат берілген екен.

KazUnite: Америкалық ата-анаңызбен қарым қатынасыңыз қалай?

Диас: Анаммен және ата-әжеммен қарым-қатынасым өте жақсы. Ал әкеммен жақсы тіл табыса алмадық. Әкем бала психологиясынан еш хабары жоқ. Ал анам мұғалім болғандықтан, балалармен қалай байланыс орнату керектігін жақсы біледі.

KazUnite: Америкадағы қазақтармен араласқаннан кейін қазақтар туралы сізде қандай ой-пікір қалыптасты?

Диас: Қазақтар маған өте қонақжай көрінді. Осындағы Наурыз мерекесіне барғанымда менімен тағамдарымен бөлісті. Олар маған шапан мен тақия сыйлады. Қазақтың биі де өте әдемі екен. Қазір менің көптеген қазақ достарым бар. Олардың көбі Нью-Йоркте тұрады.

KazUnite: Сұхбат бергеніңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Әсем Әлмұханбет

 

Соңғы жазбалар

АҚШ Сенаты TikTok-қа тыйым салу немесе сату туралы заң жобасын мақұлдады

0
ВАШИНГТОН. KazUnite - АҚШ Сенаты TikTok әлеуметтік желісінің иесі қытайлық ByteDance концернін басқа иелік етушіге беруге міндеттейтін заң жобасын қабылдады. Заң жобасында Қытай тарапына...

Шольц Путинге Канттың сөздерін мысалға келтіруге тыйым салды

0
Берлинде неміс философы Иммануил Канттың 300 жылдығына орай мерейтойлық жылдың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл туралы Берлин-Бранденбург ғылым академиясы мәлім етті, деп хабарлайды KazUnite тілшісі. Іс-шара Пруссия...

Грекиялықтар елдің НАТО-дан шығуын талап етті

0
Грекия астанасы Афинада коммунистік партия мен халықаралық және бейбітшілік комитетінің мүшелері қатысқан салтанатты бейбітшілік шеруі өтті, деп хабарлайды KazUnite тілшісі  902.gr-ға сілтеме жасап. Агенттіктің хабарлауынша,...

«Таза Қазақстан»: Мақаншы ауданындағы Айдынды-Алакөл жағалауы тазартылды

0
KazUnite - Қазақстанда «Таза Қазақстан» ауқымды экологиялық акциясы жалғасып жатыр. Абай облысы Мақаншы ауданындағы Айдынды-Алакөл жағалауында жалпы аудандық сенбілік өтті. Акцияға ауданның 11 ауылдық округі мен...

В5+1 форумында Anelya Alimova мен Business Woman KZ келісімшартқа отырды

0
АЛМАТЫ. KazUnite - Алматыда АҚШ және Орталық Азия елдері – Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстан үкіметтері мен іскер топтары өкілдерінің қатысуымен «В5+1» форматындағы...