КИЕВ. KazUnite – Ресейдің Украина жеріне басып кіргеніне үш жарым ай болды. Украина азаматтары баррикада жасап, қолдарына қару алып, қарсылық танытуда. Қадірәлі Сарыпбек сондағы ахуалдарды өз көзімен көрген Украинада тұратын қазақ Марат Дәрменовпен соғыстың алғашқы күндері мен басқыншы сарбаздардың әрекеттері туралы қашықтан сұхбат құрды.
– Марат Қайсарұлы, ассалаумағалейкүм! Бізбен Украинаның қай жерінен байланысқа шығып тұрсыз? Онда тұрып жатқаныңызға қанша уақыт болды?
– Уағалейкүмассалам! Киев қаласының сыртынан байланысқа шығып тұрмын. Киевтің өзінде 12 жыл тұрдым. Жалпы осында жүргеніме 19 жыл болды. Қаланың сыртынан үй салып алдым. Кіндік қаным тамған жер – Қызылорда. Өзімнің екі ұл, бір қызым бар. Бұрын бас сүйегімнің қысымы бар еді. Украинада әкемнің туған інісі, ағам тұратын. Өмірден өткеніне бір жарым жыл болды. 46 жасында қайтты. Әкем екі отбасын аяқтан тұрғызған. Ол жақтан үшеу, бізді қосқанда алты ағайындымыз. Өзіміз он шақтымыз деп айтамыз. Денсаулығыма байланысты дәрігерлер тұратын жерді ауыстыру керектігін айтты. Содан 2003 жылы Украинадағы ағамның қасына келдім. Артынша осы елдің азаматы атандым. Енді ағамның отбасын қалдырып кете алмаймын. Жиһаз жасайтын өнеркәсібіміз бар. Жеңгем бұрыннан осы елдің азаматы. Ағамнан қалған жалғыз тұяғы бар. Сондықтан оларды тастап кету адамгершілікке жатпайды. Өзім байкермін. Көптеген достарым соғыстың алғы шебінде жүр. 18-ден 60-қа дейінгі ер азаматтардың ешқайсысын елден жібермейді. Кәмелет жасқа толмаған үш баласы барларды соғыстан босатқан. Менде де үш бала бар. Бірақ екеуі 20-дан асып кетті. Үлкен ұлым соғысқа барғысы келеді. Өзім жібергім келмейді. Бірақ тентектігі бар. Бір ай арнайы дайындықтан өтті. Оққағар, әскери киімі сияқты біраз нәрселерді жинап қойды. Мамандықтары жоқтарды емес, әскерге танкі жүргізушілері мен әуе қорғаныс саласынан әскери борышын өтегендерді алып жатыр.
– Соғысты өз көзіңізбен көрдіңіз бе? Алғашқы күндері қалай болды?
– Біздің үйден 10-15 км жерде атыс болды. Үйіміз танктер тұрған жерден бес шақырым жерде ғана. Айналамыздағы түтіндер сондай қорқынышты еді. Қаланың төбесін қап-қара тұңғиық басып кетті. Кейін ағамның үйіне келдік. Беларусь Республикасы оларға дәліз болыпты. Харьков, Николаев, Одесса, Донбасқа шабуыл жасайды. Бірақ Киевтің ортасында ауыр техникалар жүреді деген үш ұйықтасам, түсіме кірмеген еді. Бұлардың тез келіп қалуына Беларусь басшысы Лукашенко жәрдемдескен деседі. «Санаулы күнде Украинаны басып аламыз» деп ойлаған сияқты.
Бірінші күні көршілер жиналдық. Бәріміз молотов коктейлін, арнайы тосқауылдар, одан кейін көлік дөңгелектерінің ішін топырақпен толтырдық. Жолдың ортасына жүк көліктерімен тастар төгілді. Олар баса-көктеп кіріп кетпей, техникалары кідіруі үшін. Жігіттердің барлығы сары немесе көк матаны қолымызға байлап алғанбыз. Орыс әскерлерінде қызыл мата. Бұл бір-бірімізді айыру үшін қажет. Әйтпесе әскери киімдер Кеңес үкіметінен келе жатыр. Украин мен орыстың да түрлері ұқсас. «Бомждардың» өздері бөтелке жинады. Әрбір көшедегі баррикадалар да, молотов коктейлдері де дайын тұрды. Оны кез келген адам жауға қарсы лақтыра алады. Орыстардың техникаларында «Z», «V» деген белгілер бар. Біздердікін де еш нәрсе жазылмайды. Тек мемлекеттің туы бар. Алғашқы күндері жүк көліктерімен қару-жарақ таратты. Оны кез келген адамға берген жоқ. Әскери билеті барларға ғана ұстатты. Әрқайсысының аты-жөндерін міндетті түрде жазып алды. Ертең соғыс біткеннен кейін қайтарып алады.
– Осындай тұрғындардың қолымен жасалған тосқауылдардың көмегі тиді ме?
– Әрине. Бірде біздің сарбаздар жеңіліске ұшырап, олардың техникасын орыс сарбаздары иемденіп, орталыққа қарай бағыт алды. Тыл қорғанысының көмегі осындай да тиеді екен. Жарақат алған сарбаз хабарлап үлгерген. Әскерлер әзірге келіп үлгермейді. Полицияға хабарлап, екі экипаж ғана жолға шығады. Олардың ауыр техникаға қарсы тұруға дәрмендері жоқ. Қорғаныстағы жергілікті азаматтар екі көшенің бойымен жаңбырша оқ жаудырған ғой. Сонда жаңағылардың бәрін де қырып салған. Халыққа қару-жарақ таратпаса, ондай көліктерді қалай тоқтатпақ? Бұл жақтағы тактикалар өте дұрыс. Тағы бір қызық жағдайды айта кетсем, Киев ішіне екі аумақтан жаудың броньды дөңглекті машинасы кіріп келген. Біреуі сыртқа шығып, президенттің резиденциясына қалай бару керектігін сұраған. Жергілікті тұрғын айқайлап «кетіңдер!» дейді. Ол автоматымен әуеге оқ атып, қорқытпақшы болған. Ана кісі сонда да қашып кетпейді. Артынан басқа жігіт келіп, таспен ұрып құлатады. Қаруын да тартып алған. БДМ-ның есігін ашып, ішіндегілерге «сыртқа шығыңдар» деген. Олар Украинаның әскерлері екен деп беріледі. «Жергілікті бұзақылар орыс БДМ-дарын тартып алды» деп бұл туралы біздегі жаңалықтардан көп көрсетті.
Жолдың бойынан көптеген мәйіттерді көрдік. Кейбір жерлерге мәйітхана мен жедел-жәрдемнің ғана көліктерін кіргізеді. Ең бірінші Украина азаматтарының денелерін тасуда. Орыс сарбаздарының мүрделері соңына дейін жатты.
Түркияға үлкен алғыс білдіреміз. Ұшқышсыз басқарылатын Bayraktar дронының көмегі көп тиді. Ол болмағанда жағдайымыздың не болары белгісіз. Қазір сіздермен сөйлепек түгілі, Ресейдің бір губерниясы болып отыруымыз да мүмкін еді. Танкіге Bayraktar зымыраны түскенде, ішіндегі зымырандарды да қоса жарады екен. Беларусь мәйітханалары орыс сарбаздарының денелеріне толып кеткен деседі. Өртенген техникалары көше бойын жағалай жатыр. Bayraktar алдымен жанармай таситын көліктерді жояды. Сонда әскери техникалары межелі жерге жете алмай қалады. Олардың қасында артиллериялық зымырандар кешені болса, бірден соларды атады. Bayraktar Украинада аса көп емес. Бір жақсы жері радарға да түспейді екен.
– Азық-түлік, дәрі-дәрмек жағынан жетіспеушліктер туындаған жоқ па?
– Бір қызық жері осы. Қазақстандағы туыстар елдегі қаңтар дүрбелеңі басталғанда ғаламтор істемей қалғанын айтты. Ұялы байланыстың да бәрі сөнді. Уайымдап, Қызылордадағы туыстарға қайта-қайта хабарластым. Бізде қолына қару ұстай алатын инкасаторлар да соғысқа кеткен. Тұрғындарға жаңалықтардан өтніш айтып, онлайн төлемді пайдалануға үндеді. Тіпті үлкен маркеттерден ақша шешіп алуға болады. Дүкен кассасына ақша жібересіз. Касса сізге купюраны банк сияқты қолға береді. Бұл кезде инкасацияның мүлде керегі жоқ. Бастысы көз тиіп кетпесін. Соғыс басталғалы азық-түлік жағынан проблема болмады. Нан, ұн, дайын лапша бірінші күні тапшы болғаны рас. Бірақ үш күннен кейін қайтадан қалпына келді. Тек қана жанармай құю бекеттерінде кептеліс туындады. Алғашында көлік кетпелісі Киевтен Польшаның шекарасына дейін болған. Нан комбинаттарына баратын көліктердің жанармайы да болмай қалған. Сонда келген көліктерге нанды тегін таратқан кездері де болды. Сіздер таң қалатын шығарсыздар, соғыс жүріп жатқанына үш ай болса да, доллар әлі сол қалпында тұр.
Бізде соңғы кездері біраз қызықтар болуда. Өткенде орыс ұшқышын ұстады. Сөйтсе анасы осындағы Балта қаласының тұрғыны болып шықты. Баласы Ресейде әскери борышын өтеп, Украинаны бомбалап жүр. Анасы өзінің ұлы үшін ұялатындығын айтып, сұхбат берді. Тағы бір ұшқыш Харьков облысындағы Чугуев деген қаланы бомбалаған. Оны да ұстаған соң бұйрықтың кім бергенін сұраса, Козлов деген подполковник Чугуевта туған екен. Сонда ол өз туған жерін жермен-жексен етуге тікелей бұйрық берген ғой. Бірде орыстың төрт танкісі бір ауылымызға келеді. Жанармай іздеп сарбазрдары жаяу кетеді. Украинаның жергілікті адамдары қараусыз қалған екі танкіге өзіміздің жалауды іліп кетеді. Аналар қайтадан келіп, танкінің ішінде Украинаның әскерлері бар екен деп быт-шытын шығарып атады. Жақындап келсе, ешкім жоқ. Енді екі танкімен көпірден өтпекші болғанда көпір құлайды. Танкі 90 градуста жерде тұрып қалған. Қалған бір танкімен әбігер болып, кері қайтады. «Украинаның жалауы үш танкіні жойды» деп, әбігерге түскені бар.
– Қазақтардың арасынан қаза тапқандар жоқ па?
– Ол жағын естімедім. Құдайға шүкір! Естімей-ақ, қойсақ екен. Соғысып жатқан Жасұланды өлді деп шығарды. Бірақ өзі қайтадан тірі екендігін хабарлады ғой. Харьков жақтан қаза тапқандары болуы мүмкін. Ол жақта соғыс қатты болып жатыр. Кейбір студенттер кетпеген дейді. Әзірге нақты білмедік. Ресей тарапынан келіп, қаза болған қазақтар да көп. Аты-жөндері мен түрлерін жариялағанда бәрі де тура өзіміз сияқты. Оларды біздікілер «буряттар» деп жүр. Қайта солай ойлағандары да жақсы. Қазақстан Ресейге әскер жіберетін болса, мен Украина үшін соғысуға баратын едім. Әйтпесе бізді жергілікті тұрғындар көшеде жүргізбейді ғой.
– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет! Аман болыңыздар!
Сұхбаттасқан Қадірәлі Сарыпбек