БОСТОН. KazUnite – АҚШ-тағы этникалық қазақтардың әлеуметтік келбеті әртүрлі. Өйткені тарихи тұрғыдан қалыптасқан диаспора жоқ. Дегенмен қазақ диаспорасы бүгінде жанданып келеді. Бұл ретте Бостондағы «Мирас» қазақ қауымдастығын құрушылардың бірі Алтынбек Мұратпен сұхбат құрдық.
– Алтынбек мырза, АҚШ-та қазақтың саны өсіп, қазақ диаспорасы дамып, толығып келе жатқаны байқалады. 2017 жылы құрылған Бостондағы «Мирас» қазақ қауымдастығын АҚШ-тағы алғашқы қазақ ұймыдарының бірі деуге бола ма?
– Иә, ең алғашқысы болмаса да, үкіметтік деңгейде ресми түрде тіркелген коммерциялық емес (non-profit) алғашқы қазақ қауымдастықтарының бірі деуге болады.
Дұрыс айтасыз, АҚШ-та бұрын санаулы ғана қазақ ұйымдары бар еді және көбі университеттерде құрылған студенттік ұйымдар еді. Ал қазір сіз айтқандай, қазақ ұйымдары көбейіп келеді. Әрине, АҚШ-тағы этникалық қазақтардың әлеуметтік келбеті әртүрлі. Өйткені тарихи тұрғыдан қалыптасқан диаспора жоқ. Қазір басқа қалаларда көптеп қосылып жатыр. Бұл – жақсы, береке-бірлікті арттыратын көрсеткіш. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі барша қазақтың береке-бірлігінің жарасуы қазақ елінің келешегіне тікелей әсер ете алатынын үнемі айтып жүремін.
– 2017-2018 жылдардағы «Мирас» қоры өткізген шаралардың суреттерінде қауымдастық мүшелері бұрын аз болғанын көрсетеді. Соңғы жиындарыңыздың ауқымы кең, аудиториясы да үлкен. Бұл ненің көрсеткіші?
– Бұл, біріншіден, тікелей Бостон төңірегіндегі қазақтардың көбеюімен байланысты. Ал, екіншіден, бұл қазақтардың мәдени және қазақы құндылығына деген ізденісі мен көзқарасының жақсаруының нышаны деп ойлаймын.
– Көбіне шетелдердегі қазақтардың ақпарат алмасатын әлеуметтік желілердегі топтарында хаттар 90% орыс тілінде жазылатынын білеміз. Әсіресе, Еуропа елдеріндегі қазақ топтары солай. Қытай, Маңғолия, Өзбекстан, тіпті Ресей қазақтары да тілін сақтап отырса да, Қазақстаннан шетелге шыққан қазақтың көбі жүрген жеріне өздерімен бірге орыс тілін алып барып жатыр. Ал бұл жағынан Бостон қазақтары қалай?
– Біз ұйымдастыратын іс-шараларда тек қазақ немесе ағылшын тілін ғана қолданамыз. Орыс тілін қолданғанымыз мүлде есімде жоқ. Себебі қазақша білмейтін азаматтар ағылшын тілін түсінеді. Сондықтан орыс тілін қолданатын себеп болған да, қалған да жоқ. Керісінше, кейбір жастар тарапынан қазақ тілімізді жақсартатын іс-шараларды көп ұйымдастырсақ деген ұсыныстар түсіп жатады. Бостондағы әлеуметтік желілердегі топтарда басым бөлігі қазақша жазып, қарым-қатынасты қазақша орнатады деп айта аламын.
– Бостондағы қазақ қауымдастығы сондағы қазақ балаларының өз тілін, дәстүрін сақтауына ықпал ете алып жатыр ма?
– Бәрімізге мәлім, Бостон – АҚШ-тың білім ордасы. Әлемнің үздік университеттерінің кейбірі Бостонда орналасқан. Осындай ғылым мен технологияның асқақтаған қаласында тұрып жатсақ та, біз қазақтар, балаларымыздың ана тілі мен мәдениетін, салт-дәстүрін білгенін, қазақы қасиетін жоғалтпағанын қалаймыз. «Мирас» қазақ мәдени қауымдастығын құрғанымыздың басты себебі де осы көкейкесті мәдени және рухани сұраныстар еді.
«Мирас» қауымдастығының басты мақсаты – балаларымыздың өз ана тілінде еркін сөйлеп үйренуіне себепші болу, ата-бабамыздан қалған салт-дәстүрімізді дұрыс алып жүру, жалпы қазақы құндылықтарымызды сақтап қалу, береке-бірлігін арттыру.
Біз мүмкіндігімізше біраз істің басын қайырып үлгерген сияқтымыз. Тек Наурыз, Тәуелсіздік мерекелерін ғана емес, басқа да қазақы құндылықтарды дәріптейтін іс-шаралар өткіздік. Келешек ұрпақтарымыз салт-дәстүріне бекем болуы үшін, оларға қазақтың ұлттық мәдениеті мен өнерін насихаттaйтын бағдарламаларымыз болды. Ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан қазақтың қол өнерін, ақ дастарханын таныстырып, мәдени мұраларын көрсетуге тырыстық. Қыздарымыз кезінде аналарымыздың көз майын тамызып тігетін түс киізді тігіп үйренген кездері болды. Ал ұлдарымыз аталарымздан қалған қамшыны өріп, қол үйретті. Бұл шаралар, әлбетте, жеңіл-желпі көрінуі мүмкін. Бірақ жат елде, шалғай жерде жүріп, салт-дәстүріміз бен қазақы құндылықтарымызды аз да болсын сезінсе, соның өзі маңызды.
– Сіздер осы күнге дейін Қазақстанның қастерлі мерекелерін ұлықтайтын, ұлттық салт пен дәстүрді насихаттайтын көп шара өткіздіңіздер. Осы күнге дейін өзіңіз де сол қауымдастықта жетекшілік еткеніңізді білеміз. АҚШ–та бәрі ақшамен есептеледі, әр минут қымбат деп жатады. Сіздерді кім қаржыландырады?
– Әрине, әр минут қымбат. Сол себепті де қаржыдан бұрын осы қауымдастық үшін аянбай тегін тер төгіп жүрген адамдардың уақыты әлдеқайда маңыздырақ екенін айта кеткім келеді.
Біздің іс-шаралардың көбін жергілікті қазақтар бірлесіп өзіміз қаржыландырамыз. Бүгінге дейін үкіметтен немесе қандай да бір органнан мүлде қаржы алмадық. Мысалы, Тәуелсіздік күнін атап өтетін кездегі шығынды алдын ала есептейміз. Көпшілік билет ретінде сатып алып, бөліп төлейміз. Әрине, жетпегенін өз қалтамыздан қосамыз. Жанашыр таныс қандастарымыздың қаржылай қолдау көрсеткен кездері де болды.
– Осынша шараның басы-қасында жүріп, АҚШ-та қазақ мәдениеті мен дәстүрі үшін тегін қызмет етуге не мотивация берді?
– Мен өз басым соңғы 20 жыл қазақы ортадан алыста, шет елдерде тіршілік кешіп келемін. Сондықтан «қолда бар алтынның қадірі жоқ» дегендей, ұлттық құндылықтың маңызы мен үшін де аса зор. Біз қаншалықты жетістікке жетсек те, рухани және мәдени құндылықтарымыздың да маңызды екенін әсте естен шығармауымыз керек. «Біз кімбіз, қайдан келдік, қайда барамыз және ұрпақтарымыздың келешегі не болады?» деген сұраққа ойлануымыз керек. Мен үнемі «біз «мама» дейтін емес, «ана» дейтін ұрпақ тәрбиелеуіміз керек» деп айтып жүремін. Қазақ қайда жүрсе де, рухани әрі тәуелсіз болуы керек. Осының бәрі мен үшін үлкен мотивация және қазақ ретіндегі парызым деп ойлаймын.
– Таяуда «Мирас» қорындағы міндетіңізді тапсырдыңыз. Неге?
– Бұл тікелей менің негізгі жұмысымның жүктемесінің артқанына байланысты. Әр адамның бір тәулікте 24 сағат уақыты ғана бар. сондықтан жұмыстан тыс қоғамдық міндеттерді адамдар өз мүмкіндіктеріне қарай пайдаланғаны дұрыс. «Мирас» – коммерциялық емес қоғамдық қор. Мұндағы адамдар қоғамдық жұмыстарға атсалысып, өздерінің көңіл-ниеттеріне қарай уақыт бөліп, тегін қызмет көрсетіп жүр.
– «Мирас» жалпы қоғамдық қор ғой. АҚШ-та қазақ мүддесіне жұмыс істейтін осындай ұйымдарға қаржы бөліп, қолдау жасайтын азаматтарды табу қиын емес пе?
– Оңай емес шығар. Бірақ бір байқағаным адамдардың қолдау көрсетуге деген көзқарасы жақсарған. Себебі бірнеше рет мағыналы іс-шараларда қаржылай немесе басқаша қол ұшын созып, қолдау көрсетуге ниет білдірген адамдар болды.
– Қазақстан тарапынан, Қазақстан Елшілігі, Консулдығы тарапынан қолдау болып тұра ма?
– 2019 жылы «Отандастар» Қорымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойғанбыз. «Отандастар» Қоры алыстағы ағайынды қолдап, олардың рухани тұтастығына жанашыр болып, бірқатар іс-шара өткізуде. Солардың бірі онлайн қазақ тілі сабағына біздің балаларымыз қатысады. Бір сөз болса да үйреніп қалуға жақсы мүмкіндік.
Елшіліктен, Консулдықтан қаржылай көмек алған емеспіз. Дегенмен біздің іс-шараларымызды қолдайтындықтарын, әрдайым атсалысуға дайын екендіктерін білдіреді. Мысалы, Нью-Йорктегі Бас Консулдықтағы ағаларымыз бір домбырасы болса да, бізге беріп, қазақша кітаптармен бөлісіп, хабарласып жүреді.
– Бостондағы қазақ қауымдастығы «Мирас» қорының тамаша сайты бар. Ондағы суреттерге қарап, көз тояды. Байқайтынымыз, Тәуелсіздік күні, Наурыз, Айт мерекелерінен бөлек пикникте бас қосу дәстүрге айналған сияқты. АҚШ қазақтары неге көбіне пикникте бас қосады? Пикник жасаудың тиімділігі қандай?
– Қазақтар негізі табиғатты жақсы көретін көшпенді халық қой. Бұған қазақтың кең байтақ жері мен ашық аспаны куә. Сондықтан далада пикник жасау бәрімізге де ұнайды әрі қаржы жағынан да қолайлы. Өйткені іс-шаралар үшін кең көлемді жер жалдау оңай болмайды. Бізде ауа райына байланысты күзде және көктемде пикник жасау қалыптасқан. Жалпы, пикникте болатын іс-шаралар мен ойын-сауық арқылы балаларымызға және шетелдіктерге ұлттық мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізді кеңінен дәріптеп жүреміз. Бір бауырсақты бөлісіп, арқан тартысып, асық ойнап жүрген балаларды көру де бір ғанибет емес пе?!
Бұл іс-шаралар осында тұрып жатқан қазақтардың атамекенімен қарым-қатынасын нығайтуына көптеген пайдасы болады дегенге сенемін. Тек қана атымыз емес, затымыз да қазақ болып қалсын дегім келеді.
– Сұхбатыңызға рақмет!