СұхбатДуман Раздан: Америкада бизнес бастауға 15 минут қана кетеді

Думан Раздан: Америкада бизнес бастауға 15 минут қана кетеді

 

НЬЮ-ЙОРК. KazUnite – Америкада қалай бизнес бастауға болады? Нью-Йоркте қазақ ұйымын ашу үшін не қажет? Осы және өзге де сұрақтар жөнінде АҚШ-тағы Grand Corner Realty компаниясының негізін қалаушы Думан Разданмен сұхбат құрдық.

– Нью-Йоркте барлық ұлттардың мәдени ұйымдары, орталықтары бар. Бірақ қазақтың басын қосатын бір де бір ұйым жоқ. Сіз осы қалада жиырма жылдан бері тұрасыз ғой. Орталық құруға талпыныс жасағаныңыз жайлы да естіген едім. Осы жөнінде айтасыз ба?

– Нью-Йоркте менің білуімше, қазір 10 мыңға жуық қазақ тұрады. Бұл санды осыдан екі жыл бұрын Нью-Йорктегі Қазақстанның Консулдығына барғанда анықтаған едім. Өзің айтқандай, онда қазақтың мәдени орталығын құру жұмыстарымен барғанмын. Бірақ Нью-Йорк қазақ көп шоғырланған қала болса да, бір ұлттық орталығымыз жоқ. Ондай орталық Бостон қаласында бар, Калифорния штатындағы Лос-Анджелес қаласында да бар. Флоридада, Хьюстонда, Техаста да кішігірім ұйым бар екенін білемін. Нью-Йоркте де бір ұйым болуы қажет еді. Осыны ойлап, 10 жыл бұрын әрекет жасап көргенмін. Себебі сол жылдары Америкаға студенттер көп келіп жатты. Әсіресе, 2010-2015 жылдар аралығында Work and Travel бағдарламасымен келіп жатқан жастар саны көбейді. Сол елден келген бойда осында қиыншылыққа тап болған жастарды көп кезіктірдім. Ұшақтан түсті, әрі қарай барар жері жоқ, пәтер жалдайын десе құжат сұрайды, бағасы да қымбат, өзіне ыңғайлысы бірден кезіге қоймайды… Содан амалсыз саябақтағы, жағажайдағы орындықтарда түнеп шыққан жастарды көрдім. Ондай жағдай әлі де болып тұрады. Артынан біз тұрғын үйді жалға алу және беру, сатып алу және сату жұмыстарымен айналысатын компания болғаннан кейін, жастар сұрастырып жүріп бізді тауып алатын еді. Осы жағдай бізді ойға қалдырды. Одан бөлек, Нью-Йоркке келіп, қалғысы келетін, оқып, жұмыс істегісі келетін азаматтар бар. Оларға да жол көрсететін адам, орталық болғаны жақсы. Сонымен, осының бәрін ойлап, Қазақстан Консулдығына бардық.

– Неге? Сонда бұл Консулдық арқылы шешілетін шаруа ма еді?

– Жоқ, бірақ бізге Консулдықтан қолдау қажет болатын. Өйткені дәл Нью-Йоркте біз ойлағандай орталық көп қаражат қажет ететін еді. Бізге ойымыздағыдай жасау үшін шамамен 50-100 адамның басын қосып тұратын бір кабинет қажет. Онда қазақтар пікір алмасып, ақылдасып отырар еді. Одан соң осы қалаға келіп, барар жер таба алмай қалғандарға бірер күн пәтер тапқанша түней тұратын бір төсек-орны бар бөлмесі болса дедік. Әрі қарай жұмыс не оқу орнын табуына, қалада жол тауып кетуге бағыт-бағдар, ақпарат, кеңес беретін мамандар отырса дедік. Мәдени орталық болған соң, онда Америкада тұратын қазақ отбасының балаларына қазақ тілін оқытатын, домбыра, қобыз сияқты ұлттық өнеріміз бен мәдениетімізді үйрететін, Қазақстанның Тәуелсіздік күні, Наурыз мерекесін атап өту секілді, іс-шараларды өткізетін мүмкіндік болуы керек еді. Осылай біз 100-200 шаршы метрлік ғимарат іздегенбіз. Сонда қаладағы арзандау деген Бруклиннің өзінде бір ғимарат айына 5 500 $-ға шықты. Кеңседе кемі екі-үш адам жұмыс істеуі керек, оларға жалақы төлеу қажет. Сонда бәрін есептеп қарасақ, мәдени орталықты ұстап тұруға ай сайын 15 000 $-дай шығын кетеді екен. Біз Консулдыққа барғанда тым болмаса, осы шығынның жартысын төлеп отыруға көмектесе ме деп сұрадық. Қалғанын өзіміз шығарайық, орталық ашайық деп ойлаған едік. Әрі қарай елден жылу жинап, жалғастырып кетерміз деген үмітіміз де болды. Бірақ Консулдық оған мүдделілік танытпады, содан соң аяқсыз қалды. Осыдан екі-үш жыл бұрын осындағы Еркебұлан деген жігіт екеуміз осы мәселені қайта көтеріп, тағы да Консулдыққа бардық. Ол кезде екі ел арасындағы қатынас нығайып келеді, Қазақстанның да жағдайы тым жаман емес, оның үстіне Нью-Йоркте қазақтар да көбейіп келе жатыр, мәдени орталық қажет екенін айтайық деп ойладық. Бірақ ол жолы да біз сөз жүзінде «жақсы екен, дұрыс екен» деген қолдау естігенімізбен, іс жүзінде қолдау таппадық.

– Нью-Йорктегі өзге халықтардың мәдени орталықтары қалай жұмыс жасайды? Одан қаншалықты хабардарсыз?  

– Мұнда басқа ұлттардың мәдени орталықтары бар. Менің білуімше, олардың көбі бастапқыда өз мемлекеттерінің қолдауымен ашылған. Оларға өз мемлекеттерінің Елшіліктері көмектескен. Қазір де көмектесетіндер бар. Сол көмектің арқасында олар аяққа тұрып кетті. Оның үстіне, Нью-Йоркте басқа ұлттардың адам саны да көп.

– Мысалы, қай мемлекет Америкадағы диаспорасының мықты болғанына мүдделі?

– Мысалы, Қытай солай. Америкада қытайлардың мәдени орталықтары мен ұйымдары өте көп. АҚШ-тың ірі қалаларында әр аймақтан келген қытайлар көп тұрады. Олар жиналып, белгілі бір аудандарға шоғырланған. Оларға Қытай жақсы қолдау көрсетеді. Тіпті, Қытай Америкаға келіп, осы жерден үй сатып алғысы келетін жекелеген қытай азаматтарына да көмек жасап отырады. Бұл Қытайда үкіметтік деңгейде шешілген. Тіпті Америкадан үй сатып алғысы келгендерге оның табысына, кредит тарихына, ештеңесіне де қарамай, төмен пайызбен қомақты ақша беріп, қолдайтын банктері бар.

– Америкадағы қытайлардың аяққа тұруына, өсіп-өнуіне Қытай неге мүдделі деп ойлайсыз?

– Себебі Қытай дүние жүзіндегі ықпалын күшейткісі келеді. Өз жарнамасын жасатқысы келеді. Бұдан бөлек, басқа мемлекеттерден инвестиция тартқысы келеді. Мысалы, қазір Американың қаншама компаниялары Қытайға барып инвестиция салып жатыр. Бұған Қытайың шет елдердегі диаспораларының ықпалы зор. Америкада жалпы ұлттық мәдени ұйымдарға ешқандай шектеу жоқ. Бұл жерде демократия орнаған. Әр ел өз тілінде сөйлеуіне, өз ұлттық орталықтарын, қоғамдастықтарын құруына заң толығымен рұқсат береді. Сондықтан өз басым Америкада Қазақстанның, қазақтың да сондай ұйымы болуы керек деп ойлаймын. Қазір осы елге көп қазақтар келіп жатыр, көбісі жол таба алмай қиналып қалады. Ал Нью-Йорк секілді ірі қалада осындай мәдениет орталығы болса, ол Қазақстан мен Американың арасындағы қатынастың нығаюына да ықпал етер еді.

– Қазір, расында, виза алу қиын болғанымен, жастардың Америкаға келуге ынтасы өте зор. Сіздіңше, осында келіп, Ньюй-Йоркке бейімделу үшін қазақ жастарына ең алдымен не үйрену керек?

– Өз тәжірибем бойынша айтсам, бастысы бұл елге ағылшын тілін үйреніп келген жақсы. Өйткені тіл білген адамға әрі қарай жол табу, табысты жұмыс істеу жеңілірек болады. Тілден кейін осында ұзағырақ уақыт тұратын болса, бір кәсіптің шетін ұстаған дұрыс деп ойлаймын. Өз көңіліне ұнайтын істі кәсіп етуге толық мүмкіндік бар. Егер Қазақстаннан клеген азамат 30-35 жастан аспаған болса, қалай болғанда да бір оқу оқып, АҚШ дипломын алғаны жақсы. Ал жасы біразға келіп қалғандар үшін бизнес ашқан дұрыс деп ойлаймын. Мұнда бір жалақыға жұмысқа тұрып, сонымен жан бағып жүре беруге болмайды. Жалпы адам Америкаға келгенде «бірдеңеге жетсем, жетілсем» деп келеді ғой. «Балаларымыз жақсы оқыса, олардың болашағына жол ашып берсек, аяққа тұрғызсақ» деген арман-тілекпен келеді. Егер келген соң айлыққа жұмыс істеп, бір жерде жүре берсеңіз, мақсатыңызға жете алмайсыз, түк өндіре алмайсыз. Сондықтан менің айтатыным, бұл жерде кәсіппен айналысқан жақсы. Оның үстіне, мұнда шағын кәсіпорындарға өте қолайлы жағдай жасалған. Өз басым Қазақстанға барғанда кәсіп аша алмай қатты қиналған едім. Қытайдан бір химиялық құрылғылар әкеліп, орнатамын дегенімде, бір есіктен бір есікке кіріп, бір қағаздан соң бір қағаз жинап, екі жылым кеткен. Екі жылға дейін құжаттарымды бітіре алмадым. Ал Америкаға келгенде бизнесімді ашып, тіркеу үшін, жұмысымды бастау үшін бар болғаны 15 минут кетті. Міне, бизнес жасап отырғаныма да 15 жыл өтіпті, бір де бір адам маған келіп, кеңсемнің есігінен аттап басып, «құжатың бар ма? Анау қайда? Мынау қайда?» деп, тексерген емес. Ешкім мазамды алған жоқ. Мұнда бизнес жасаған әр адам өз еркімен әр жылдың басында өткен жылғы табысы үшін мемлекетке салық төлейді, оған да ешкімнің қатысы жоқ, өзі ерікті түрде бухгалтерге барып, есебін жасатады. Болды. Мұнда қоғамдық жүйе осындай. Бизнес ашуға өте ыңғайлы жасалған. Осында келіп, бизнес жасаймын деп батпаққа батып қалған ешкімді көрген жоқпын.

– Иә, расында, Америкаға оқуға келген студенттердің көбі бизнесін ашып, табысқа жетіп жатады ғой. Енді Нью-Йоркте бизнес жасауды нақты қандай қадамдардан бастау керек?

Ең алдымен, осы елде тұрақты тұруға рұқсат беретін құжат болғаны жақсы. Ондай құжат болмағанның өзінде қоғамдық қауіпсіздік нөмірі, яғни SSN болуы қажет. Осы қоғамдық қауіпсіздік нөмірін алса, ол көп нәрсеге жол ашады. – Бірақ сол қоғамдық қауіпсіздік нөмірін алу қиын емес пе?

– Оның қиындығы бары рас. Бірақ оның да жолдары көп. Мысалы, студент болып келген шетелдік азаматқа бірден қауіпсіздік нөмірі берілмейді. Тек екінші курстан кейін өзі оқитын кампуста аптасына 20 сағат жұмыс істеуге рұқсат беріледі. Жұмыс істеуге рұқсат берілді деген сөз – қауіпсіздік нөмірі қоса беріледі деген сөз. Өйткені мұнда жұмыс істеген адамның табысы 600$-дан асса болды, мемлекетке салық төлеуі қажет. Салықтан жалтарып, табысын жасырып қалу – бұл елде заң бұзушылық болып саналады. Сонда капмуста жұмыс істеуге рұқсат алып, қауіпсіздік нөмірін алған кез клеген студент өз атымен өз бизнесін аша алады. Оған шектеу жоқ. Ал егер азамат оқуға клемеген болса, онда осы елде заңды тұрып қалуға өтініш тапсырса ғана қауіпсіздік нөмірін ала алады.

– Сонымен, Нью-Йоркке бір қазақ келді делік. Ол SSN алды делік. Әрі қарай бизнес ашу процесі қалай жүреді?

– Одан әрі банктен шот ашуың қажет. Бір шағын мекемені жалға алуың мүмкін. Сосын интернет арқылы бизнесіңді 15 минутта тіркейсің де, жұмыс істей бересің. Онда сенің иммигрант ретіндегі статусыңа да қарамайды. Бизнес тіркелген соң салық төлеуші ретіндегі нөмір беріледі. Сонымен әр жылдың басында өзің барып, өткен жыл үшін салық төлейсің. Болды.

– Америкаға келгеннен кейінгі бір қолайлылықты айттық қой. Ал енді осы елге сырттан келген адам неден қауіптеніп, неден сақтануы керек?  

– Американың заңы қаттылау. Мұнда кей елдердегідей азын-аулақ бақай қулықтар жасау, біреудің бірдеңесін алып алу стяқты нәрселерге жол берілмейді. Алдау, алаяқтық жасау қатаң жазаланады. Заң қатаң сақталады. Біреудің жеке басына тіл тигізу, жеке мүлкіне жағаласу секілді заңға қайшы әрекеттер жасамаса, ешкімге күш көрсетіп, ар-намысына тіл тигізіп, қылмысты болып қалмаса, басқа түсетін қауіп жоқ мұнда. Мұнда қауіпсіздік жағы өте жақсы қорғалған. Көшеде есірткі шеккендер, үйсіз, далада түнейтіндер көп болса да, олардың өзі адамдарға тиіспейді. Қауіпсіздік қызметі жақсы жұмыс істейді және оны бәрі біледі. Бірақ әр қалада криминал көбірек орын алатын белгілі бір аудандар болады. Сырттан келіп, пәтер іздегенде көпшіліктің сол аудандардан қашатыны рас.

– АҚШ-та барлық заңдар тіліңді, дәстүріңді сақтап, қазақ болып, ұлттық салт-санамен өмір сүруге мүмкіндік береді дедіңіз.

– Менің келгеніме, міне, 20 жыл болды. Мен өз тілімде сөйлеймін, үйде де қазақша сөйлеймін. Жылда мүмкіндігімізге қарай соғымымызды сойып, қазы-қартамызды жасап аламыз. Кәдімгі қазақ болып өмір сүріп отырмыз. Оған ешкім шек қоймайды. Сондықтан басқа елдерге қарағанда дәл Америкада тіліңді, дәстүріңді сақтап қалау оңайырақ. Рас, Қазақстандағыдай, мұнда да өз тіліне, өз әдет-ғұрпына онша ықыласы жоқ адамдар да бар. Келгеніне жыл өтпей жатып балаларымен ағылшынша сөйлесетін, балалары ана тілін білмейтін отбасылар да бар. Ол әркімнің өзіне байланысты деп ойлаймын. Әйтпесе бұл елдің заңы да, қоғамы да өз тіліңді ұмытуға, өз дәстүріңді жоғалтуға мәжбүрлемейді.

– Сіз Нью-Йоркте мәдени орталық құруға екі рет талпыныс жасадым дедіңіз ғой. «Ер кезегі үшке дейін» деп жатады. Осы іске әлі де күш саласыз ба?

– Қазір де талпыныс жасап отырмын. Бірақ бастысы бізге бір баспана қажет. Өйткені осы елге жаңа келіп, қайда барарын білмей отырғандарға бірер күн пәтер тауып алғанша түнейтін орын беру үшін бір мекеме ғимаратында арнайы бөлме болғаны жақсы. Одан әрі адамның мүмкіндігіне қарай жұмыс істеп кетуіне, оқуға баруына қажетті бағыт-бағдар берсек дейміз. Орталықты осылай ашса пайдалы болатыны анық. Бірақ бұл көбірек шығын қажет етіп тұр. Расыыен Бостондағы, Лос-Анжелестегі орталықтардың жөні бөлек. Оларда арнайы кеңсе жоқ шығар, болмаса, өз мектеп орындарын пайдаланып отырған шығар. Олар да жақсы мәдениет орталығын құрып алған. Бірақ біз бизнес жасап, пайда табатын емес, non-profiе organization деп тіркетсек дейміз. Мәдениет орталығы бұлай қор деп тіркелсе, ол жерде қызмет тегін көрсетіледі. Мысалы, біз Нью-Йорктегі қазақ тілін үйренсем дейтін азаматтарға тілді тегін оқытар едік. Мұқтаждарға тегін қызмет көрсетер едік. Сонда Қазақстаннан жаңа келіп, қайда барарын білмей қалған жастар қиналмас еді. Менің әлі де бетім қайтып отырған жоқ. Қазақстан жағынан 50 пайыз шамасында қолдау болса, қалған қаражатты өзім табар едім. Мен қазір де сол орталықты өз қаражатыммен ашсам болады. Өзім де кәсіпкермін ғой. Бірақ орталықтың шығынын бес ай көтерермін, алты ай көтерермін, ұзаса бір жыл көтерермін, одан әрі қарай қорға жылу жиналмай қалса қайтемін? Осы жағын ойлап отырмын.

– Әңгімеңізге рақмет! 

 

Соңғы жазбалар

АҚШ Сенаты TikTok-қа тыйым салу немесе сату туралы заң жобасын мақұлдады

0
ВАШИНГТОН. KazUnite - АҚШ Сенаты TikTok әлеуметтік желісінің иесі қытайлық ByteDance концернін басқа иелік етушіге беруге міндеттейтін заң жобасын қабылдады. Заң жобасында Қытай тарапына...

Шольц Путинге Канттың сөздерін мысалға келтіруге тыйым салды

0
Берлинде неміс философы Иммануил Канттың 300 жылдығына орай мерейтойлық жылдың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл туралы Берлин-Бранденбург ғылым академиясы мәлім етті, деп хабарлайды KazUnite тілшісі. Іс-шара Пруссия...

Грекиялықтар елдің НАТО-дан шығуын талап етті

0
Грекия астанасы Афинада коммунистік партия мен халықаралық және бейбітшілік комитетінің мүшелері қатысқан салтанатты бейбітшілік шеруі өтті, деп хабарлайды KazUnite тілшісі  902.gr-ға сілтеме жасап. Агенттіктің хабарлауынша,...

«Таза Қазақстан»: Мақаншы ауданындағы Айдынды-Алакөл жағалауы тазартылды

0
KazUnite - Қазақстанда «Таза Қазақстан» ауқымды экологиялық акциясы жалғасып жатыр. Абай облысы Мақаншы ауданындағы Айдынды-Алакөл жағалауында жалпы аудандық сенбілік өтті. Акцияға ауданның 11 ауылдық округі мен...

В5+1 форумында Anelya Alimova мен Business Woman KZ келісімшартқа отырды

0
АЛМАТЫ. KazUnite - Алматыда АҚШ және Орталық Азия елдері – Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстан үкіметтері мен іскер топтары өкілдерінің қатысуымен «В5+1» форматындағы...