СұхбатҚазіргі қазақ сатирасы демалып жатыр – Көпен Әмірбек (аудио)

Қазіргі қазақ сатирасы демалып жатыр – Көпен Әмірбек (аудио)

 

АСТАНА. KazUnite – Қазақ сатирасының сардары, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы сатира кеңесінің төрағасы, «Ара» журналының бас редакторы болған Көпен Әмірбектің (1950-2022) көзі тірісінде әріптесімізге берген сұхбатының ықшамдалған нұсқасын оқырман назарына ұсынамыз.

«Әлемді әзіл-сықақ сақтайды» 

– Көпен аға, сатира жанры тарих қойнауында қалып қоймады ма? Өзіңізден кейінгі сатириктер туралы айтыңызшы. Бұл жанр расымен де тоқтап қалды ма? 

– Біз де қилы-қилы заманды, қызықты дәуірді бастан кешірдік қой. Біздің жанымыз да, жанрымыз да сатира болғаннан кейін бүкіл дүниеге шын көзбен, сын көзбен қараймыз. Сонда бір мамыражай заман болды деп айтамыз. Ол мамыражай заман кешегі қылышынан қан тамған Қызыл империяның құлдырауымен бірге кетті. Сол кезде біз тоқырау заманына ұшырадық дедік. Сонда Фариза Оңғарсынова «мен үшін бұл тоқырау заман емес, жұрттың бәрі кінәлап, күсәналап жүрген тоқырау заманда мен толық шығармашылық күй кештім», – деген болатын. Қазақта сатираға байланысты екі ұғым бар «тоқырау» және «тоқтау» деген. Тоқырау деген – тоқтаудың алдындағы ұғым. Адам тоқтайтын кезде тоқырайды ғой. Яғни тоқырағаннан кейін барып тоқтайсың. Бірақ сатираны тоқтады деп айтуға да болмайды. Тоқырады дегенге келеді. Неге? Себебі біз арғы Бейімбет Майлин, Сейділдә Төлешовтерді айтпай-ақ қояйық, одан кейінгі дәуірлеген заманда Асқар Тоқмағамбетов, Оспанәлі Иманәлиев, Шона Смаханұлы, Оспанхан Әубәкіров, Есенжол Домбаев, Сейіт Кенжеахметұлы, Қажытай Ілиясұлы, Қаппас Қабышұлы, Үмбетбай Уайдиндер қандай шығармалар берді. Жұрт іздеп жүріп оқитын. Шығарманың тақырыбына емес, авторына қызығушылық басым болатын. Мысалы, Оспанхан Әубәкіров кім дегенде оның шығармасын оқымай жатып, жұрттың езуіне күлкі үйірілетін. Ал қазір не шығарма, не шығарманың астындағы фамилия да жоқ. Қазір бұқаралық ақпарат құралдары екіге бөлініп кетті. Оның бірі – баспасөз, екіншісі – теледидар. Сатираның басым көпшілігі сол әзіл-сықақ театрларының қойылымдарына, скетчтеріне, интермедиаларына ауып кетті. Оны жұрт көреді, мәз болады, бірақ ой түйе алмайды, сараптай алмайды. Бір сәттік қана күлкі, оның өзі де жеңіл-желпі дүние. «Көди-сөди», «бықи-тықи» деген сөздер бар қазақта. Сол отбасы, ошақ қасынан аса алмай кеттік қой. Біз тәуелсіздік алған 30 жылдың ішіндегі жетістіктердің өзі бір бөлек, ал соның жолында қоғамға кесірін тигізіп жатқан кесе-көлденең көріністердің барлығы тұнып тұрған тақырып қой. Президентіміз ұйымдасқан қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті «күшейтейік», – деп үнемі айтады. Бұл қылмыс дегенің борсық секілді, борсық дегенің ұрған сайын семіреді. Біз күшейген сайын ол да күшейіп барады, тіпті күннен-күнге күшіктеп бара жатыр. Мінеки, осы тұста баспасөздегі сатираны қолға алу керек деп айтар едім. Оның орталығы кеше ғана азуын айға білеген саяси-сатиралық атақты «Ара» журналын қайтадан қалпына келтіру керек. «Ешкімнен қорықпайтын адам күлкіден ғана қорқады» деген сөз бар. Қандай арсыз, ұятсыз, имансыз болса да, оның арғы жағында кішкене қытық тұрады. Ол ұлтын, отбасын, қоғамды емес, өзінің қарахан басының ғана қамын ойлап, соған жеткізіп жатыр. Бір қомағайдың беті бері қараса, оның өзі қоғамға үлкен пайда ғой. Қазақстанның қарыштап дамуы үшін сатирадай қаһарлы қаруды қолдан түсіруге болмайды. Жыл сайын Болгарияның Габрово деген қаласында дүниежүзілік сатиририктердің байқауы болады. Сондағы ғимараттың маңдайшасына «Әлемді әзіл-сықақ сақтайды» деп жазып қойыпты. Неге? Өйткені ол қоғамды қоқыстан тазартады. Адамның жан дүниесін жаңартады. Егер әрі қараған бетің бері қарай бұрылса, жолға түскен жорғадай боласың. Міне, сатираның құдыреті осында.

«Жайдарман» дәнек сияқты»

– Қазіргі әзіл-сықақ театрларына көзқарасыңыз қалай?

– Ресми дерек бойынша Қазақстанда 18 әзіл-сықақ театры бар екен. Басы – «Тамаша». «Тамаша» – қазіргі әзіл-сықақ театрларының барлығының атасы. Бәрі соған қарап еліктеп, соған қарап бой түзеді. Әрине, қазіргі әзіл-сықақ театрларында да сүбелі-сүбелі дүниелер бар. Бірақ бір май, бір ет деген сияқты бір ән, бір әзілмен формалық жағынан бірін-бірі қайталау бар. Ерекше болып әуелі «Шаншар» шықты. Ол таусылды. Оның алдында «Бауыржан-шоу» шығып, ол да тоқырады. Ал Тұрсынбек Қабатовтың әзіл-сықақтарын қағазға түсірсең, ол оқылмайды. Бір той басқарып жүрген асаба сияқты сөйлейді. Әрине, көрермен қабылдайды, күледі. Бірақ сықақшы деген жетекте болмауы керек. Керісінше, көрерменді жетектеуі керек. Қазіргі сықақшылардың көбі жетекте жүр. Күнделікті күйбің тірліктегі болымсыз дүниелерді, қазақы болмысты күлкі етеді. Біз онымен қайда барамыз?! Қазақстанда бүгінде 54 драма театры бар. Бірақ қазір комедия бар ма? Жоқ. Сатиралық роман бар ма? Жоқ. Кезінде Есенжол Домбаевтар сатиралық роман жазған. Ол солармен кетті. Сатиралық романды былай қойғанда, сатиралық повестьер де жоқ қой тіпті. Мен «он сықақшы жабылып жүріп, Оспанхан Әубәкіровтің орнын толтыра алмайды» деп пікір айтқанмын. Бір Оспанханның өзі неге тұрады? «Соғыс және бейбітшілік» романын жазып біткенде Лев Толстой: «Енді орыс әдебиеті менен кейін біраз жылға демалады» деп айтқан екен. Сол сияқты қазіргі қазақ сатирасы Оспанхан Әубәкіровтен кейін, Сейіт Кенжеахметовтен кейін, кешегі дүниеден озған Үмбетбай Уайдиндерден кейін меніңше, демалып жатыр. Жаңа түскен жас келіннен сәби күтеміз ғой, «аман-есен босанып алсын», – деп. Сол сияқты ендігі жас сықақшылардың анасының аяғы ауыр, олар әлі босанған жоқ. Ал көңілді тапқырлар клубы, соның ішінде «Жайдарманды» айтатын болсақ, онда жемқорлар туралы, басқа да саяси астарлы әзілдер көп емес, бірақ бар. «Жайдарман» – дән. Оны егіп жіберсе, жақсы өнім алуға болады. Сондағы «Сағыз» командасының әзілдеріне сүйсінесің. Бірақ олар «Жайдарманның» жеңімпазы болған соң көрінбей кетті. Кезінде 1972 жылы ешкім танымайтын Фишер деген шахматшы әлемнің небір мықтыларын тас талқан етіп жеңіп, гроссмейстер атанды. Бірақ әлем чемпионы болған соң жоқ болып кетті. «Сағыз» сияқты кейбір жақсы командалар әзілдің чемпионы болған соң сол жерден тоқтап қалады. Мысалы, «Байдың балалары» деген команда қандай жақсы еді. Қазақы дәстүрді дәріптеді. Олар да Фишердің күйін кешіп кетті. Жалпы, мен жастарды қолдаймын.

Менің шәкірттерімнің көбісі «запорожец» деңгейінде қалып қойды

– Сіздің жолыңызды жалғап жүрген шәкірттеріңіз бар ма? Жастар арасынан кімді мықты сықақшы деп бағалар едіңіз?

– Шәкірт деген не? Күрес немесе басқа да спорт түрлері сияқты болмаса, әзіл-сықақшылардан, әншілерден шәкірт тәрбиелей алмайсың. Неге десең, о баста тумысынан солай тумағаннан кейін әкенің қанымен, ананың сүтімен даруы бір бөлек, «уызынан жарымаса, оған ештеңе дарымайды» деген сөз бар. Мен тәрбиелеген сықақшылардың көбісі зейнет жасына жетті. Олар о бастағы деңгейінде қалып қойды. Сен запорожецті қанша жерден майлап, маторын тазалап, жарысқа қосқанмен, оның маторы артында. Ол бүгінгі мерседесіңмен немесе басқа да көлікпен жарыса алмайды. Менің шәкірттерімнің көбісі сол «запорожец» деңгейінде қалып қойды. Өйткені олардың жаратылысынан маторлары сондай еді. Мықты сықақшыларды ешкім тәрбиелеген жоқ. Олар өздерінің бойында бар қасиет пен іздену арқылы өздерін өздері сүйреді. Қазақта «жетектеп қосқан ит түлкі алмайды» деген сөз бар. Түлкі ала алмайтын итті қашанғы айтақтайсың? Сол сияқты қаншама шәкірттерімізді дәріптеп, әрі қарай алып кетсін деп түймедей дүниені түйедей етіп көрсеттік. Бірақ бәрібір сол жетектегі тазы сияқты өз бетімен аң ауламайды. Ол үшін оны кінәлауға да болмайды. Өйткені оның болмысы солай. Қазіргі уақытта сықақшылардың ішінде мықты деп Мұхтар Шерімді ғана айтар едім. Оның өзі де бүгінде зейнеткерлікке шықты.

Пародияға ілігер тұлғалар таусылды ма?

– Сұхбаттарыңыздың бірінде «пародияға ілігер тұлғалар таусылды» депсіз. Одан бері он шақты жыл өтіпті. Әлі де осындай ойдасыз ба?

– Жоқ, қазір бар. Мысалы, Иманғали Тасмағамбетовке неге пародия жасамасқа?! Оған пародия жасай отырып, оның көзқарасы мен парасат-пайымын беруге болады. Сол сияқты сексенге келген Амангелді Айталы қариямызға неге пародия жасамасқа?! Қандай қайреткер?! Қазақтың әдет-ғұрпын, дәстүрін, салтын сақтай отырып, әлемдік деңгейде ойлайтын Қазақстанның болашағы үшін қабырғасын қаусатып жүрген қариямыз ғой. Сонымен қатар Ержан Максим, Данелья Төлешова, Димаш Құдайберген сияқты біздің жас әншілеріміз шығып жатыр. Олимпиада чемпионы Илья Ильиннің рекордын жаңартқан Қарағандыдан бір спортшы шықты. Осыларға пародия жасауға болады. Мұндағы мақсат оларды дәріптеу емес, сол арқылы кем-кетікті жеткізіп отырса ғажап дүние болар еді. Сондай-ақ Парламентте бірнеше рет сайланып, бірақ үндемей отырған депутаттарға да неге пародия жасамасқа?! Олардың үнін де шығару керек қой. Немесе іркес-тіркес бірінің шаңына бірі көміліп жатқан әзіл-сықақ театрларына да пародия жасауға болады.

– Сұхбатыңызға рақмет! 

Сұхбаттасқан Нұрдәулет Кәкіш

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от KazUnite (@kazunitecom)

 

Соңғы жазбалар

АҚШ Сенаты TikTok-қа тыйым салу немесе сату туралы заң жобасын мақұлдады

0
ВАШИНГТОН. KazUnite - АҚШ Сенаты TikTok әлеуметтік желісінің иесі қытайлық ByteDance концернін басқа иелік етушіге беруге міндеттейтін заң жобасын қабылдады. Заң жобасында Қытай тарапына...

Шольц Путинге Канттың сөздерін мысалға келтіруге тыйым салды

0
Берлинде неміс философы Иммануил Канттың 300 жылдығына орай мерейтойлық жылдың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл туралы Берлин-Бранденбург ғылым академиясы мәлім етті, деп хабарлайды KazUnite тілшісі. Іс-шара Пруссия...

Грекиялықтар елдің НАТО-дан шығуын талап етті

0
Грекия астанасы Афинада коммунистік партия мен халықаралық және бейбітшілік комитетінің мүшелері қатысқан салтанатты бейбітшілік шеруі өтті, деп хабарлайды KazUnite тілшісі  902.gr-ға сілтеме жасап. Агенттіктің хабарлауынша,...

«Таза Қазақстан»: Мақаншы ауданындағы Айдынды-Алакөл жағалауы тазартылды

0
KazUnite - Қазақстанда «Таза Қазақстан» ауқымды экологиялық акциясы жалғасып жатыр. Абай облысы Мақаншы ауданындағы Айдынды-Алакөл жағалауында жалпы аудандық сенбілік өтті. Акцияға ауданның 11 ауылдық округі мен...

В5+1 форумында Anelya Alimova мен Business Woman KZ келісімшартқа отырды

0
АЛМАТЫ. KazUnite - Алматыда АҚШ және Орталық Азия елдері – Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстан үкіметтері мен іскер топтары өкілдерінің қатысуымен «В5+1» форматындағы...