СұхбатБәсекелесі жоқ бизнес – кәсіпкер Кемелбек Әбдуәлімен сұхбат

Бәсекелесі жоқ бизнес – кәсіпкер Кемелбек Әбдуәлімен сұхбат

 

KazUnite – Халық тұрмысында мал терілерін қарапайым жолмен ұқсату – көптен бері келе жатқан кәсіптің бірі. Халық өнеркәсіпшілігіне аса мән берген қазақ халқы тері илеп, жүн өңдеумен де шұғылданған. Елімізде өңделмеген тері көлемі өте көп. Десек те атакәсібімізді жалғастырып, ұлттық құндылығымызды дәріптеп әрі отандық өнім тері-жүн өңдеумен айналысып жүрген мамандар жетерлік. Солардың бірі де бірегейі  «KEMELDEN» жеке кәсіп иесі, тараздық кәсіпкер Кемелбек Әбдуәлімен сұхбаттасқан едік.

Кемелбек Әбдуәлі 1967 жылғы наурыз айында Жамбыл облысы Талас ауданының Қызыләуіт елдімекенінде көп балалы шаруа, механизатор отбасында дүниеге келген. Әжесі 96 жасында өмірден озған, атасы Ұлы Отан соғысына кетіп, оралмаған. Сол кезде қолдан жасалған ашаршылық жылдарын көрген ата-әжесі, төзімділік пен сабырлылыққа үйреніп, үйретіп, ұрпағын жалғастырған. Ол ес білгелі әжесінен тәрбие алып, даналық сөздерін үлгі тұтып, батасын алған.

Кемелбек Әбілекұлының айтуынша, ата-бабамыз тері өңдеу кәсібін жақсы меңгеріп, терісі мен жүнін брендке айналдыра білген. 1998 жылға дейін туған өңірінде бұл сала жүйелі түрде жақсы жұмыс істеп тұрған. Мәселен, Қаратау қаласында «Сүлейменсай» атты зауытта мыңнан аса жұмысшы істеген. Сол уақытта қала маңында 25-ке жуық тері өңдеу цехы болған. 1996 жылы сол кездегі Шымкент облысының Шаян елдімекенінде тұралап қалған кіші цехты ашып, тігін цехында балалар мен ересектерге арналған бас киім, көкірекше, тон және мәсі тігумен айналысқан. 1998 жылы бұрынғы Шымкент облысының Ақсу ауданында тері өңдейтін комбинатта қызмет еткен. 2005 жылы бес адам болып бірігіп, станоктар құрастырып тері өңдеп шығарумен айналысса, бүгінде ол жеке кәсібін дөңгелетіп, отандық тері өнімдерін шығарумен айналысады.

– Кемелбек Әбілекұлы, бұл кәсіп сүйікті ісіңіз бе, әлде атадан қалған мұра ма?

– Осы кәсіппен айналысу маған ұнайды. 1991 жылы інім осы салада жұмыс істейтін. Сөйтіп өзінің тонын киіп жүретін, елге де кигізетін. Қойдың терісінен осындай керемет дүниелердің шыққаны маған қатты ұнайтын. 1993 жылы інім осы саламен айналысуға мені шақырып, содан бері бұл істен қол үзбей айналысып келеміз.

Әрине, ата-бабамыз тері-жүн шаруашылығымен ертеден бері айналысқан. Бұл іспен айналысқан адам демалады. Қойдың былғарысынан диван жиһазы, сөмке, белдік, бас киім, дубленка (тон) әзірлеп, одан ләззат алып, демаламын десем де болады. Меніңше, адамның міндетті түрде баюы емес, өз ісіне қанағаттануында.

Фото Кемелбек Әбілекұлының жеке мұрағатынан

– Сіздіңше, тері шаруашылығы елімізде қалай дамып жатыр?

– Тері өңдеу саласы елімізде аса дамымаған. Бұл атакәсіпті жастарды отансүйгіштікке, қолөнерге, оның ішінде тері өңдеумен айналысуға қызығушылығын ояту арқылы өркендете аламыз. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бері осы кәсіппен айналысып, көптеген тәжірибе жинадық. Енді бұдан әрі дамыту қажет деп ойлаймын.

– Терілердің қандай түрі бар және оны өңдеуде не нәрсеге мән берген жөн?

– Қазақ халқы төрт түлік малды баққан және оның етін де көп тұтынатыны баршамызға белгілі. Негізінен тері өңдеу кәсібіне сойылған барлық мал терісі қолданыла береді. Түйенің, қой мен ешкінің жүні мен терісі, жылқы, сиыр, лақ пен қозының терісі түгел жарайды. Өкінішке қарай, елімізде тері өңдеу өнеркәсібі дамымағандықтан көптеген тері қоқысқа тасталынып, шашылып, пайдаға аспай жатыр.

Малды сойған кезде «обал ғой» деп, терісін кесіп немесе тесіп алмаған жөн. Тоғыт қылып, көктем мен күзде жүндері қырқылуы да қажет. Терінің шикі күйінде сақталуына мән берген дұрыс. Өйткені өңдей алмаған жағдайда, ішкі және сыртқы нарыққа сата алатын күйде болады.

– Шикізаттарды қайдан аласыз және олар нарықта қолжетімді ме?

– Соңғы 10 жылдан  бері Жамбыл облысының 70 пайыз терісін қабылдап келеміз. Оның үстіне Шымкенттен және Алматыдан меринос қойының терілерін аламыз. Бұл салада бәсекелестер жоқ, шикізат қолжетімді. Кейде өзіміз игере алмаған жарамсыз теріні қоқысқа тастауға мәжбүр боламыз. Өңдегіміз келмесе, одан да теріні жақсылап сақтай біліп, сыртқы нарыққа шикі күйінде сатуды үйренейік…

– Дайын өнім өндіріле ме, қайда және қалай өткізесіз?

– Шаруа отбасынан шыққандықтан, бұл кәсіпті ұйымдастыру маған оңайға тимеді. Қаржы жағынан да қиындық болды. «KEMELDEN» жеке кәсіпкерін құрып, тері өндірісін қолға алып жатырмыз. Сондай-ақ «Тараз-Тері» ЖШС цех пен станоктарға орынмен, су және жарықпен қамтамасыз етіп, жағдай жасап отыр. Алайда, олардың сұранысын қанағаттандыруымыз керек. Әзірге кең көлемде цехымызды жаңартуға жағдай болмай тұр. Станоктарымыз ескі, алдағы уақытта өнімдерімізді экспортқа шығаруға да ниеттеніп отырмыз. Әр станоктың мінездемесі және химикаттың 30-ға жуық түрі болады. Оның бәрін өз орнымен қолданып, таңдай білу өте маңызды. Cонымен бірге әлеуметтік желіде Инстаграм парақшамыз арқылы да хабарласып, өнімдерімізді алып жатады.

– Қойдың жүні кәдеге жаратыла ма?

– Иә. Өкінішке қарай, елімізде қой жүні шашылып жатыр. Одан сан алуан керемет нәрселер өндіруге болады. Оны жуып-шайып одан әрі өңдеу керек. Қазіргі уақытта өңдеп жатқан теріміздің артылған жүнін тастауға мәжбүрміз. Өйткені жүн өңдейтін станогымыз жоқ. Мемлекеттен қолдау көрсетілген жағдайда болашақта бұл істі қолға алсақ деген ниетіміз бар. Өйткені ол – бізге тиімді өндіріс түрі.

Фото Кемелбек Әбілекұлының жеке мұрағатынан

– Бұл кәсіптің қандай қиындығы мен қызығы бар?

– Қиындық болады, әрине. Қасиетті Құранда «Ақиқатында, әр қиындықтың артында жеңілдік бар» деген аят бар. Бірақ, оны адамдар түсіне бермейді. Бұл саланың қиындығымен қоса, қызығы да жетерлік. Мұнымен айналысқан адам сезеді, біле білген адамға бұл үлкен байлық. Қаншалықты қиындығы болса, еліміз бен жастар үшін оның соншалықты берекесі де болады деп ойлаймын.

– Кəсіпкерлерді қолдау ретінде мемлекеттен қандай да бір көмек алдыңыз ба?

– Әзірге көмек алған жоқпы. Бірақ алдағы уақытта алу үшін әрекет жасап жатқан жайым бар. Алайда, түрлі есіктерді қағып, табалдырығын тоздырған кезім де болды. Тыңдағысы келмеді, тыңдамады. Тыңдаса да, тыңдамаған кейіп танытты. Бейбітшілік заманда өмір сүріп жатырмыз. Бірақ, Жаратқан Иеміз маған басқа қырынан да беріп жатыр. Міндетсінбей, Алла разылығы үшін өз шаруамызды өзіміз атқарып келеміз.

– Атакәсібіміз – тері өңдеу ісін жандандыруға қызығушылық танытқан жандар немесе демеушілер болды ма, мамандар жеткілікті ме?

– Атакәсіпті дамытып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу – міндетіміз. Өкінішке қарай, бұл кәсіп түріне қолдау мен қызығушылық аз. Бұл салада мамандар –жеткіліксіз. Алайда  жанашыр жігіттер  бар.

– Шәкірттеріңіз бар ма және бұл шаруашылықпен айналысам деушілерге қандай кеңес берер едіңіз?

– Ағайынды  туған бес ініммен бұл кәсіппен айналысып, нәпақамызды тауып жатырмыз. Бұдан басқа, кәсіпорнымызға қаншама жұмыссыздар келіп еңбек етіп, біраз нәрсе үйреніп те жүр. Шәкірттерім де  бар. Бастапқыда оларға қиын секілді боп көрінді. Өйткені цехтағы суда жағымсыз иіс пен химиялық қоспалар болуы мүмкін. Бұл мәселе бойынша кең көлемде ынтасы бар адамдарды тауып, үйретіп, мемлекет тарапынан қолдау болса, нұр үстіне нұр болып, бәсекеге қабілетті жастар шығатын еді… Ол үшін теория мен тәжірибені ұштастыра білуі қажет.

Меніңше, тері өңдеу технологиясын үйреніп, қолдана білуі керек. Бұл – өте керемет әрі пайдалы шаруашылық. Мемлекеттен үлкен қолдау көрсетіліп, бүгінде бұл өндірісті дамыту өте маңызды. Ал, бізге қызығушылық танытып, үйренгісі келгендерге әрқашан есігіміз ашық. Тері шаруашылығы – жұмыстың төресі, қазақ халқының айнасы дер едім.

– Өмірлік ұстанымыңыз қандай?

– Әр нәрсенің сұрауы бар. Ата-бабамыз найзаның ұшымен, білектің күшімен ұлан-байтақ жерімізді ұрпаққа қалдырды. Сол аманатты сақтап қалу – парызымыз! Ұстанымым – жастар тәуелсіздігіміздің қадірін білсе екен деймін. Осыған байланысты, Түркия мемлекетінің негізін қалаған Мұстафа Кемал Ататүрік: «Ештеңе өндірмей тек ішіп-жей беретін ұлттар алдымен абыройынан, сосын еркіндігінен, ең соңында болашағынан айырылады.» деген екен.

Нарықтық заманда әркімнің таңдауы мен қалауы бар. Ең маңыздысы отансүйгіштік қасиетімізден танбай, атакәсібімізді дамытып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отыру қажет. Тері шаруашылығынан басқа салалар бар, соларды да дамытып қоғамға пайда келтіру өте маңызды. Оянайық, әрекет етейік! Мемлекет пен ұрпағымызға пайда келтіретін нәрсенің бірі – еңбек етіп, кәсіппен айналысу.

– Қандай жетістіктеріңіз бар?

– Бұл кәсіппен 30 жылдан бері айналысып келеміз, тәжірибеміз де бар. Жетістіктерім – әлемдік деңгейде мал терісін өңдеу технологиясын үйрендік, елімізде тері өңдеуге қай станоктарды шығаруға болатынын білдік, мал терісінің шикізат және өңделген күйінде сақталынуын, тарихымыз бен мәдениетімізді, оның ішінде атакәсібімізді шетелге таныта білдік. Сондай-ақ өз дизайным бойынша былғарыдан әзірленген диван, әмиян, белдік, бас киім, мәсі, тондар мен жүнді және жүнсіз көлік орындығына арналған тыстарды әзірледім. Өзім тігіп, өзім технологиясын жүргіземін, станоктарды да жөндеймін.

– Қай елдің тері өңдеу кәсібінің даму тәжірибесін дұрыс деп санайсыз?

– Тері өңдеу саласында Германия, Италия, Франция, Пәкістан, Үндістан, АҚШ, Қытай, Қазақстан секілді елдердің барлығының қолданатыны бір технология. Әлемде ғалымдар оны ойлап, біз үшін шығарып қойған десем де болады. Бұл әдістер соңғы үлгі ретінде есептеледі. Әр елде тері өңдеу процесіне  химикаттар, қоспалар мен майлар қолданады. Айырмашылығы – сол. Соңғы дайын өнім әлем бойынша – бірдей. Жаңадан белесепет құрастырып шығарудың қажеті жоқ. Заманауи технологияны қолдану арқылы өнім шығаруымыз қажет.

1993 жылдары ресейлік құрал-жабдықтармен жұмыс істей бастадық. Кейіннен поляк және түрік бауырларымыздың, ал бүгінде қытай технологиясымен танысып, жұмыс істеп жатырмыз. Сондай-ақ еліміздегі әріптестерімізбен де тәжірибе алмасып тұрамыз.

– Кемелбек мырза, алда қандай жоспарларыңыз бар?

– Әрине, алға қойған мақсаттарымыз бар. Тері өңдейтін зауыт пен зертханасын, тігін фабрикасын ашып, жиһаз фабрикасын іске қосу жоспарымызда тұр. Сондай-ақ колледждермен әріптестік байланыс орнатпақпыз. Әлемдік деңгейге шығатын дизайн үлгілерін үйрету арқылы жастарға теория мен практиканы ұштастыруға мүмкіндік беретін жиһаз фабрикасын ашамыз деп үміттенемін.

Биыл қыркүйек айының соңында Астана қаласында жеке көрмеміз өтеді. Онда жоғарыда аталған теріден жасалған барлық өнімімізді көре аласыздар. Болашақта бұл саланы дамытып, кең көлемде дәріптесек деген ойымыз бар. Елімізде отансүйгіш, қоғамға пайдасын тигізетін жастар көп болса екен деймін.

Өмірде дүниенің соңына жеткен ешкім жоқ, керісінше дүниені адам өзінің соңынан ілестіре білуі керек, яғни жүрегіне дүниені кіргізбеген дұрыс. Солай жасаған адам екі дүниеде де бақытты. Рухани жағынан бай, қайырымдылық істермен айналысып, садақа берген жанның өзі де, жүрегі тыныштық таппақ…

– Әңгімеңізге рақмет! Игі істеріңізге табыс тілеймін! 

P/S: ауыл шаруашылық, кәсіпкерлік саласында қажырлы еңбектің арқасында жетістікке жеткен және қарапайым еңбек адамдарын дәріптеу тұрғысында
«Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ «Кәсіби шеберлерді таны» жобасын қолға алды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Еңбекқорлық біздің негізгі құндылығымыз  болуы қажет. Оны ұлт сипатын айқындайтын асыл қасиетке айналдыруға тиіспіз» деп адал еңбектің басты құндылық екеніне ерекше назар аударған болатын.

 Сұхбаттасқан Сабина КӘКІМЖАН

 

Соңғы жазбалар

АҚШ Сенаты TikTok-қа тыйым салу немесе сату туралы заң жобасын мақұлдады

0
ВАШИНГТОН. KazUnite - АҚШ Сенаты TikTok әлеуметтік желісінің иесі қытайлық ByteDance концернін басқа иелік етушіге беруге міндеттейтін заң жобасын қабылдады. Заң жобасында Қытай тарапына...

Шольц Путинге Канттың сөздерін мысалға келтіруге тыйым салды

0
Берлинде неміс философы Иммануил Канттың 300 жылдығына орай мерейтойлық жылдың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл туралы Берлин-Бранденбург ғылым академиясы мәлім етті, деп хабарлайды KazUnite тілшісі. Іс-шара Пруссия...

Грекиялықтар елдің НАТО-дан шығуын талап етті

0
Грекия астанасы Афинада коммунистік партия мен халықаралық және бейбітшілік комитетінің мүшелері қатысқан салтанатты бейбітшілік шеруі өтті, деп хабарлайды KazUnite тілшісі  902.gr-ға сілтеме жасап. Агенттіктің хабарлауынша,...

«Таза Қазақстан»: Мақаншы ауданындағы Айдынды-Алакөл жағалауы тазартылды

0
KazUnite - Қазақстанда «Таза Қазақстан» ауқымды экологиялық акциясы жалғасып жатыр. Абай облысы Мақаншы ауданындағы Айдынды-Алакөл жағалауында жалпы аудандық сенбілік өтті. Акцияға ауданның 11 ауылдық округі мен...

В5+1 форумында Anelya Alimova мен Business Woman KZ келісімшартқа отырды

0
АЛМАТЫ. KazUnite - Алматыда АҚШ және Орталық Азия елдері – Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстан үкіметтері мен іскер топтары өкілдерінің қатысуымен «В5+1» форматындағы...