СұхбатБолашақта Қазақстанның ғылымына қаржылай қолдау көрсеткіміз келеді – АҚШ-тағы қазақ кәсіпкері

Болашақта Қазақстанның ғылымына қаржылай қолдау көрсеткіміз келеді – АҚШ-тағы қазақ кәсіпкері

 

НЬЮ-ЙОРК. KazUnite – Америкада трак жүргізу ең табысты сала ма? Жүк тасымалын бизнеске айналдыру үшін бастапқыда қанша қаржы қажет? Осы және өзге де сұрақтар жөнінде KazUnite тілшісі АҚШ-тағы «Caspian Express» компаниясының негізін қалаушылардың бірі Қанат Қабазовпен сұхбат құрды.

Қанат мырза, Америкаға Орта Азиядан, соның ішінде Қазақстаннан барған азаматтар арасында жүк көлігін, яғни трак тізгіндеген азаматтар көп. Сіз бұл салада қанша жылдан бері жұмыс істеп жүрсіз? 

– Иә, Орта Азия елдерінен келген жүк тасымалы саласында жұмыс істейтін азаматтар аз емес. Мен Құрама Штаттарына 2018 жылдың қыркүйек айында келіп, 4 айдан соң тракқа (жүк көлігі) отырдым. Яғни одан бері 4 жарым жыл болып қалды.

Орыс, өзбек, қырғыз сияқты көрші елдер азаматтарымен салыстырғанда бұл салада табысты жұмыс істеп жүрген қазақ бизнесмендері қаншалықты көп?

– Бұл салада өзіміздің қазақ бизнесмен бауырларымыздың барын білемін, солардың арасында жақын танып араласатын жігіттер де бар. Бірақ салыстырмалы түрде сіз тізіп кеткен ұлт өкілдеріне қарағанда қазақтар аз.

– Әлеуметтік желілерде қандастарымыздың бірі «АҚШ-та трак жүргізіп, айына 40 мың $ табуыма болар еді…» деді. Содан Қазақстандағы көп адамға Америкада трак жүргізушіге «аспаннан ақша жауатындай» көрінетін сияқты. Жалпы, бұл расымен ең табысты жұмыс па?

– Жақсы табыс табуға болатыны рас. Дегенмен ең табысты кәсіп деп айтуға келмейді. Себебі Құрама Штатарында басқа да табыс көздері мол. Жалпы, жүк көлігінің бұлай жарнамалануының себебі көп уақыт пен арнайы білімді қажет етпейді. Ақша жағын айта кетеін болсақ, 40 мың доллар деген қате болжам, әрине. Әсіресе, қазіргі жүк көлігінің нарығын ескерсек. Жалпы, жүргізушінің жалақысы адамның жұмыс істегеніне байланысты айына 6-10 мың доллар арасында. Жүк көлік өзіңнің жекеменшігің болса да, 40 мың долларлық табыс деген асыра сілтеп, айтылған деп есептеймін. Бұл саладағы шығындар мен салықты ескерсек, мүлде басқа табыс есептеліп шығады. Бұл енді басқа әңгіме. Дегенмен осы саланы жақсы табыс көзіне жатқызуға болады.

Биыл АҚШ-та экономикалық дағдарыстың қылаң бергені туралы деректер бар. Осы қиындау кезеңде жай ғана трак жүргізушісі орта есеппен қанша табады? Өзінің жүк көлігі бар адам қанша таба алады? Аз-кем құпиямен бөлісе аласыз ба?

– Иә, дағдарыстың қылаң бергені рас, әсері әлі де тиіп жатыр. Осы кезеңді алатын болсақ, жүргізуші жалақысы жоғарыда айтқандай, 6-10 мың доллар шамасында. Бұл жерде ескере кететін маңызды және бірнеше фактор бар. Жалпы, жұмыстың оңайы болмайды. Сол сияқты бұл жұмыс та оңай емес. Демалыс алмай, тоқтамай жүру мүмкін емес. Сондықтан жүргізуші арасында демалыс алып тұрады. Демек ол табысқа тікелей әсерін тигізеді. Ал өзінің жекеменшік көлігі бар жүргізуші шамамен 8-20 мыңның арасында табыс таба алады.

Әрине, әр  табыстың өз ауыртпалығы, щығыны болады.  Осыған тоқталып өтсеңіз.  

– Жұмыстың басым бөлігіне әрі жүк көлігіне жүргізуші жауапты, ол да – бір ауыртпашылық. Шығын жағына келсек, жүргізушісі тарапынан шығындар болмайды. Тек тамаққа, киімге, жолда жуынып-шайынуға жұмсалатын жеке шығындар болады. Жүк көлігін жүругізуші болып жұмыс істеудің ең қиын жағы – үй бетін көрмей, үнемі жолда жүру, отбасы, бала-шағаңмен аптасына, кейде екі-үш аптада бір қауышу. Бұл енді әр жүргізушінің өз шешіміне байланысты. Апта сайын үйге барам десе, апта сайын ол адамға үйіне қарай тапсырыс шықпауы мүмкін. Ол көлігін басқа штатқа қалдырып, үйіне ұшақпен баруы мүмкін. Ол да – шығын. Оның сыртында үйге келіп-кеткен уақыттағы жұмысының тоқтап тұратыны тағы бар. Яғни кірісі тоқтайды деген сөз. Одан бөлек тағы бір қиындығы кейде жүргізушілерге түнде жол жүруге тура келеді. Кейде аз ұйқытайды, ұйқы нормасы бұзылуы мүмкін. Бірақ АҚШ-та жұмысшылардың қауіпсіздігі заңмен қатаң қадағаланады. Заң бойынша әр жүк көлігін жүргізушіге күніне 12 сағаттан артық жүруге рұқсат берілмейді. Қалған уақыт техникасын тексеру, тағы басқа шаруаларына кетуі мүмкін. Бұл – жүк көлігін жүргізуші бастан кешетін жайттар.

Ал компания жағын қарастырсақ, ауыртпашылықтар аз емес. Абзал есімді досым екеуміз күн-түн демей, бірге еңбек етіп келе жатырмыз. Түн уақытында жүргізуші тарапынан қоңыраулар жиі түседі. Ол қоңыраулардың да түрлісі болады. Мысалы, трак бұзылып қалса, ұйықымызды ашып, түн уақытында тракты жөндеудің амалын қарастырумен немесе жақын трак жөндейтін жер іздеумен айналысамыз. Жалпы, ұсақ-түйек құжаттар шаруасы өте көп. Әр жүргізушімен тіл табыса білу де бір өнер екенін түсіндік. Білгенімізді істеп, білмегенімізді үйрену үшін арнайы мамандардың көмегіне жүгінеміз. Оны да шығындар қатарына қосуға болады. Америкада табыс жақсы болғанмен, шығындар жетерлік. Әсіресе, компания шығындары – салық (салықтың бірнеше түрі бар), трактардың, яғни жүк көлігінің жөндеу жұмыстары, бөлшектерін алу. Көлік бөлшектері өте қымбат. Жұмыскерлердің жалақысы, жанар-жағармай, ақылы жол төлемі, ай сайынғы несие төлемі дегендерді ірі шығындар қатарына кіргізуге болады. Байланыс операторларына, интернетке, гаджеттерге кететін шығын да бар. Тағы бір үлкен шығын – ол әр жүк көлігі үшін төленетін ай сайынғы сақтандыру.

Сіз АҚШ-та көлік саласында қызмет етіп жүрген кәсіпкерсіз. Өз компанияңыз жөнінде айта кетесіз бе? Қашан құрылды? Қанша адамға жұмыс беріп отырсыздар?

– Біз 2020 жылдың қыркүйек айында құрылдық. Биыл, міне, 3 жыл болып та қалды. Осы күнге дейін 15 трак, 5 трейлеріміз бар.

Трак деп отырғаныңыз – үйдей үлкен жүк көлігі, ал трейлер деген не?

– Трейлер – сол жүк көлігінің артындағы жүк артатын тіркемесі. Америкалық есеппен компаниямыз шағын бизнестер қатарына жатады. Компанияда жүргізушілер, бухгалтер, қауіпсіздікке жауапты маман және диспетчерлер жиыны 20-дан аса қызметкер жұмыс атқарады. Жалпы, адамдарды жұмыспен қамтудың өзі үлкен жауапкершілік екенін түсіндік. АҚШ-тың 48 штатына жүк тасымалдауға рұқсатымыз бар. Өзімізді жылдан-жылға қарқынды дамып келе жатқан компания қатарына қоса аламыз.

– Компания атын «Caspian Express» деп қойыпсыздар. АҚШ-та Қазақ, Алтай Express, Тұран тағы басқа, тіпті өз руының, өзі туған қаланың атын компаниясына қойып, бренд ретінде қалыптастырып жатқан азаматтар бар екен. Көбін осы Америкадағы қазақ азаматтары айналысатын кәсіптер жайлы зерттегенде әлеуметтік желіден көріп қаламыз. Жалпы, өз еліңнің, жеріңнің атын алпауыт елде бизнес мекеменің аты ретінде таңдап, танытудың қандай да бір жауапкершілігі бар ма? Сіздер бұл атауды қалай таңдадыңыздар? 

– Иә, алуан түрлі компания аттарын кездестіріп жатамыз. Америка сынды алып мемлекетте әр адам өз еркімен өзі қалаған компания атын қоя алады. Әр адам, компания жауапкершілікті өзінше түсініп, өзінше арқалайды деп ойлаймын. Десе де сол атқа сай жұмыс атқаруға тырысады деп үміттенемін. Біз де компания атын үлкен жауапкершілікпен ойланып, тандап қойдық. «Caspian express» деген атау бірінші серіктесім Абзалдың ойына келген. Каспий теңізі еліміздің ірі логистикалық, транзитті қуаты бар теңіз болған соң соған орайластырып қойдық.

Фотода Абзал Есқалиев

Қазір Америкаға келіп, бизнес жасауға ұмтылып жүрген жастар көп. Трак компаниясын құру үшін бюджет қанша болуы керек? Қандай мамандарды тарту қажет?

– Әрине, жақсы өмір сүргісі келетін, табысты кәсіп жүргізгісі келетін жастар көп. Ал трак бизнесіне келу үшін алдымен курс оқып, CDL жүргізуші куәлігін алу керек. Жай жүргізуші емес, бизнес иесі болу үшін кемі 1 жүк көлігіңіз болуы қажет. Болмаса несиеге сатып алу керек. Ескі трактың бағасы – 60 мың $, ал жаңа трактың бағасы 200 мың $-ға дейін барады.

Сонымен бұл бизнеске кәсіпкер ретінде кіру үшін кемінде бір трак және 30-40 мың доллар көлемінде қаржы болуы керек менің пайымымда. Ол қаражат сақтандыру алуға, құжаттарды дайындауға жұмсалады. Әрине, басында бәрін білу мүмкін емес, білікті мамандар жалдау керек болады.

Басында біз Абзал Есқалиев, Арсен Қабазиев және мен үш серіктес бірігіп, осы компаниямызды аштық. Әрқайсымызда бір-бір трактан болды. Кейіннен қосымша трактар ала бастадық. Одан кейін сақтандыру, салық есебін жүргізетін, қауіпсіздікке жауап беретін мамандарды жұмысқа тарттық. Оларға жалақы төлейміз. Ең бастысы жүк іздейтін диспетчер алу керек. Кейбір компания оларды да жалдайды. Негізінен осындай мамандар қажет.

Фотода Абзал Есқалиев пен Қанат Қабазов

Қазір Абзал екеуміз жұмысты бірге жалғастырып жүрміз. Арсен басқа мамандықты меңгеру мақсатында жеке шықты. Арсеннің жеке шығу туралы жоспарына қолдау көрсетіп, ойға алған ісін жүзеге асыруына тілектестік білдірдік. Үшеуміз әлі де бұрынғыдай дос ретінде жақын араласамыз.

Фотода Қанат Қабазов пен Арсен Қабазиев

– Өркениетті елдерде бизнесмендер табысының 20 пайызын қайырымдылыққа аударады деген ұғым бар. Алда бизнестеріңіз өсіп, табысы ойдағыдай болып жатса, қайырымдылық жасап тұру ойларыңызда бар ма?

– Әрине, ондай жоспарымыз бар. Егер айлық, жылдық табысымыз жақсарып жатса, әсіресе, еліміздегі мұқтаж жандарға көмек көрсету ойымызда бар. Бұл бұрыннан ойымызда жүрген дүниелердің бірі. Жыл сайын Чикагодағы Қазақ орталығына бір мың доллар көлемінде қолдау көрсетеміз. Мысалы, Наурыз мерекесі сияқты жиындар болғанда демеушілер қарастырып, орталық мамандары хабарласқанда қаражат аударамыз. Демеушілер тізімінен түрлі трак немесе басқа да компанияларды көреміз. Жалпы, табысымыздың белгілі бір межесіне жеткенде қайырымдылық жасауды қолға аламыз.

– Америкаға қоныс аударған қазақ азаматы ретінде, миллионер, миллиардер болып жатсаңыз, өз еліңізге қандай үлес қосар едіңіз? Жалпы үлес қоссам деп армандайсыз ба?

– Бұл алдыңғы сауалдың жалғасы сияқты екен. Табысымыз артса, қайырымдылық жасау жағын ойластырамыз. Кәсіпті бірге жүргізіп жүрген серікттесім Абзал екеуміз бұл туралы үнемі кеңесіп тұрамыз. Миллион, миллард – үлкен қаржы. Егер ондай деңгейге жетіп жатсақ, міндетті түрде еліміздің өркендеуіне өз үлесімізді қосамыз деп үміттенеміз. Елдегі мектептерге көмектессек, жеке орталықтар ашсақ, ғылым-білімнің дамуына қолдау көрсетсек деген ойымыз бар. Ол туралы жиі талқылаймыз.

– Жалпы ұзақ жолда жүк көлігйн жүргізетіндердің табысы көп елде жоғары. Десек те, Қазақстанда камаз жүргізу мен АҚШ-та трак жүргізудің ұқсастықтары мен айырмашылықтары туралы айтсаңыз. 

– Қазақстанда жүк көліктерін жүргізіп көрмедім. Дегенмен жеңіл көлікпен жүргеннің өзінде еліміздің жолдарын, әрине, АҚШ-тың жолдарымен салыстыруға келмес. АҚШ-тың жолдарының сапасы өте жақсы. Штаттар арасында тек автомагистраль, көліктер қарсы жақтағы көлікпен бетпе-бет келмейді. Сол жағынан да ерекшелік деуге болатын шығар. Өйткені жол тақтайдай тегіс болса, көлігің жақсы жүріп тұрса, онда жолдағы қауіпсіздік те артады. Бұл жағынан алғанда, жүк көлігін жүргізу АҚШ-та анағұрлым қолайлы. Жолда тоқтап, тынығып алатын орындар өте жақсы ұымдастырылған. Дәретхана, шомылу, кір жуу орындары және қалағаныңша таза ауада отырып, жүрек жалғап алатын орындар көп салынған. Оның сыртында жол бойында тынығып, бой жазатын орындарда дүкендер, мұражай көп. Америкада кез келген жұмыста еңбек адамының қауіпсіздігі үшін күнделікті жұмыс істеу сағатына шек қойылған. Жүк көлігін жүргізушідер күніне 10 сағаттан артық көлік жүргізе алмайды. Көлік жүргізген уақыты асып кетсе, заң талабын бұзған болып есептеледі. Жүргізушінің жұмысы жүретін картасы, жол жүрген уақыты, жүк көлігіне артылған жүк салмағы – бәрі арнайы технологиялар арқылы қадағаланады. Әрқайсысының қауіпсіздік үшін жасалған шегі бар. Одан асуға болмайды. Айыппұлы жоғары, жазасы қатаң. АҚШ-та тіпті такси қызметінде де бір тәулікте 10 сағаттан артық жұмыс істеуге рұқсат етілмейді. Жұмыс істейтін құрылғылары 10 сағаттан соң «демалатын уақыт болды» деп ескертіп, құлыптанып қалады. Көлік жүргізу қай жақта болмасын, оңай жұмыс емес. Дегенмен Америкада барлық жағдай қарастырылған.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Нұрдәулет Кәкіш

 

Соңғы жазбалар

АҚШ Сенаты TikTok-қа тыйым салу немесе сату туралы заң жобасын мақұлдады

0
ВАШИНГТОН. KazUnite - АҚШ Сенаты TikTok әлеуметтік желісінің иесі қытайлық ByteDance концернін басқа иелік етушіге беруге міндеттейтін заң жобасын қабылдады. Заң жобасында Қытай тарапына...

Шольц Путинге Канттың сөздерін мысалға келтіруге тыйым салды

0
Берлинде неміс философы Иммануил Канттың 300 жылдығына орай мерейтойлық жылдың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл туралы Берлин-Бранденбург ғылым академиясы мәлім етті, деп хабарлайды KazUnite тілшісі. Іс-шара Пруссия...

Грекиялықтар елдің НАТО-дан шығуын талап етті

0
Грекия астанасы Афинада коммунистік партия мен халықаралық және бейбітшілік комитетінің мүшелері қатысқан салтанатты бейбітшілік шеруі өтті, деп хабарлайды KazUnite тілшісі  902.gr-ға сілтеме жасап. Агенттіктің хабарлауынша,...

«Таза Қазақстан»: Мақаншы ауданындағы Айдынды-Алакөл жағалауы тазартылды

0
KazUnite - Қазақстанда «Таза Қазақстан» ауқымды экологиялық акциясы жалғасып жатыр. Абай облысы Мақаншы ауданындағы Айдынды-Алакөл жағалауында жалпы аудандық сенбілік өтті. Акцияға ауданның 11 ауылдық округі мен...

В5+1 форумында Anelya Alimova мен Business Woman KZ келісімшартқа отырды

0
АЛМАТЫ. KazUnite - Алматыда АҚШ және Орталық Азия елдері – Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстан үкіметтері мен іскер топтары өкілдерінің қатысуымен «В5+1» форматындағы...