НЬЮ-ЙОРК. KazUnite – Дәурен Әділбай – посткеңестік елдер арасынан шыққан халықаралық деңгейде мойындалған мамандардың бірі. Бүгінге дейін бірқатар елдерде жұмыс істеп, тәжірибе жинаған дәрігер ғылым мен клиникалық зерттеуді қатар алып келе жатыр. 2018 жылы доктор Дәурен Дүние жүзілік Бас және мойын онкологтары қоғамдастықтары федерациясының (IFHNOS) директорлар кеңесінің мүшесі болып сайланды.
Қазіргі негізгі қызметі – Нью-Йорктегі Memorial Sloan Kettering Cancer Center-дың шақырылған зерттеушісі. Үндістанда, Ресейде (Мәскеуде), Италияда, Францияда оқып, өз саласы бойынша көп елде жұмыс істеп, тәжірибесін байытқан Дәурен әлеуметтік желіде және өзінің doctoradilbay.com сайтында медицина мамандарына пайдалы ақпарат беріп, түрлі вебинар өткізіп тұрады.
– Дәурен, біз сізді екі жылдан бері білеміз. Біз танығалы Нью-Йоркте қызмет етіп жүрсіз. Шетелге оқу үшін, тәжірибе жинау үшін кеттіңіз бе?
– Иә, мен елде Онкология және радиология ғылыми зерттеу орталығында жұмыс істегенмін. Осында кетер алдында Шымкент қаласында бір жобалар бойынша қызмет еттім. Кейін ғылыммен айналысқым келіп, шетелге кеттім.
– Бірнеше елді көріп, өз салаңыз бойынша шет елдерде тәлім алып жүрген мамансыз ғой. Әлемдік деңгеймен салыстыра қарағанда Қазақстандағы медицинаның даму көрсеткіші қандай?
– Қазақстан медицинасының даму деңгейін әлемдік медицина деңгейімен салыстыруға болмайтын шығар. Біз әлі де дамушы елдер қатарындамыз ғой. Ал дамушы елдердің арасында біздің медицинамыз жақсы деңгейде деп айтуға болады. Тіпті нейрохирургия, интервенциялық радиология бойынша дамыған елдердің деңгейіне жете алатындай жағдайдамыз. Бірақ, өкінішке қарай, бізде аймақтарда, мысалы, аудан орталықтарында медициналық сервис болғанымен, оларды Алматы мен Нұр-Сұлтандағы жағдаймен салыстыру қиын. Бұл бір проблема деуге болады.
– Ауыл мен қаланың медицина салаларының дамуында алшақтық бар деп отырсыз. Барлық елде солай ма?
– Негізі, посткеңестік елдердің көбінде жағдай солай. Әрине, кез келген мемлекетте қала мен ауылдық жерлердегі медицина деңгейі әртүрлі. Бірақ дамыған елдер ол алшақтықты азайтуға тырысады. Батыс елдері, Еуропа елдері бұл жағына жақсы көңіл бөледі. Мысалы, Германияның алыс аймақтарындағы кішкентай қалашықтарда да Берлинде жасалатын оталарды жасалады. Тек өте күрделі ота орталықта жасалады.
– Онкология бойынша әлемде медицинасы ең дамыған ел қай ел?
– Әлемдегі жалпы медицинаның дамуы бір-біріне ұқсас, шамалас болып келеді. Көбінде айырмашылық технология мен клиникалық зерттеулерге байланысты. Көп аурулардың стандарт емдері бірдей. Бірақ АҚШ, Германия, Франция, Жапония сияқты дамыған елдер емдеу орталықтарына ғалымдар жаңа тапқан технологияларды тез енгізіп, клиникалық зерттеу жағына көбірек көңіл бөліп отырады.
– Онкология ауруларының емі бойынша Қазақстандағы медицина деңгейі қалай?
– Бізде өзге дамушы елдерге қарағанда анағұрлым жақсы деуге болады. Мысалы, бізде онкологиялық ауруларды емдейтін диспансерлер барлық қалаларда бар. Linear accelerater деп аталатын сәулемен емдеуге қажет қымбат технологиялар да қамтылған.
– Біздің жалпы дамыған елдерге жетер «потенциалымыз» бар ма?
– Әрине, бар.
– Ол үшін не қажет?
– Ең алдымен білікті мамандар қажет. Одан соң мүмкіндігі мықты құрылғылар қажет. Құрылғыларды алу үшін, әрине, қаражат қажет. Өйткені кей ем түрлері үшін қажет құрылғылар мен дәрілер өте қымбат тұрады.
– Бұл сонда біздегі әлемнің дамыған елдерінде оқып, заманауи құрылғылармен жұмыс істеп үйренген мамандар елде қажетті құрылғы, қажет жағдай болмағандықтан, шетелге кетіп қалу қаупі бар дегенді білдіре ме?
– Негізі, Қазақстанда түк жоқ емес. Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларындағы медицина мекемелерінде жақсы, озық технологиялар бар. Қарағанды, Шымкент сияқты қалаларда да кей ауруханаларда жақсы құрылғылар бар. Медицина саласындағы мықты мамандар шетелге кеткісі келетін болса, ол біздегі тарифтерге көңілі толмағаннан болуы мүмкін. Денсаулық сақтау министрлігі әр салаға, әр ем түріне тариф қойып отырады. Мысалы, инсультты немесе қалқанша бездің қатерлі ісігін емдейтін маманға, сол емге, Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен тариф бойынша белгілі бір мөлшерде еңбекақы беріледі. Ол кей мамандықтар бойынша көп төленіп, кейбіріне аз төленуі мүмкін. Мысалы, қазір бізде нейрохирургия мен кардиохирургияға жақсы төленеді, ал онкология саласына жақсы төленеді деп айта алмаймын.
– Бұл қажеттілікке қарай болуы керек шығар. Дәл қазір Қазақстанда онкологиялық аурулар таралу көрсеткіші қандай?
– Біздегі онкологиялық аурудың тіркелу жағдайы басқа елдердегіге ұқсас. Басқа елдердегідей Қазақсатанда да тыныс жолдары мен қатерлі ісікпен ауыратындар көп. Сол себепті дамыған елдердегідей скринингтер өтіп тұрады. Ол өте жоғары деңгейде болмағанымен, пайдасы тиіп жатыр.
– Сіз Дүние жүзілік Бас және мойын онокологтары қоғамдастықтары федерациясының директорлар кеңесінің мүшесісіз. Бұл ұйымға 2018 жылы сайланған екенсіз. Сіз посткеңестік елдер арасынан осы деңгейге жеткен алғашқы маман екенсіз. Бүгінге дейін Ресей дәрігерлерінің арасынан да ешкім оған сайланбаған. Бұл сіздің халықаралық деңдейде мойындалған маман екеніңізді білдіре ме?
– Дүние жүзілік Бас және мойын онкологтары қоғамдастықтары федерациясы, яғни IFHNOS – әлемдегі барлық мемлекеттерде бар бас пен мойын онкологтарының ассоцияцияларын біріктіретін федерациясы. Яғни, бұл ұйым бас пен мойын онкологтясы бойынша құрылған әлемдегі ең жоғарғы ұйым. Бұл ұйымның директорлар кеңесіне мен өзім барып сайланған жоқпын, мені сайлады. Сондықтан мұны қалай бағаласаңыз да, өз еркіңіз.
– Осы ұйымның сайтына кіріп қарағанымызда Америка, Израиль, Германия Жапония сияқты медицинасы дамыған айтулы елдердің өкілдерінің арасында сіз тұрғаныңызды көріп, бойымызды мақтаныш кернеді. Бұл өз салаңыз бойынша әлемдегі үздік ондықта тұрсыз деген сөз шығар. Осы ұйымның директорлар кеңесіне мүше болу сізге қандай жауапкершілік жүктейді?
– Бүл ұйым халықаралық деңгейде әртүрлі шаралар ұйымдастырады. Яғни, біз мұнда жыл сайын жас мамандар үшін әр түрлі зерттеу бағдарламаларын жасап бекітеміз, ғылыми конференция ұйымдастырамыз. Оған қоса, осы ұйымға кіретін мемлекеттер бойынша бөлек ғылыми жобалар жасаймыз. Директорлар кеңесінің мүшесі ретінде мен осының бәріне қатысамын.
– Қазір Нью-Йоркте Memorial Sloan Kettering Cancer Center деп аталатын орталықта шақырылған зерттеуші болып жүрсіз ғой. Медицина ғылымына қандай жаңалық әкеліп жатырсыздар?
– Мен мұнда Бас пен мойын онкологиясы бойынша ғылыми зерттеуге қатысамын. Қазіргі ғылыми зерттеулерім екі бағытта дамып жатыр. Біріншісі – «флуоресцентті бейнелеу» (fluorescent imaging) деп аталады. Яғни, антидене деген нәрсе болады, тек қана қатерлі ісікке жабысатын. Біз қазір химиктермен бірігіп лообараторияда сол антиденеге флуоресцентті қыстыру жолын жасап жатырмыз. Бұл енді медициналық термин болған соң, көпшілікке түсіну қиын шығар. Мен оны қарапайым тілмен былай түсіндірейін. Қазір көбіне қатерлі ісікке ота жасаған кезде ісікті дәл өлшеп кесіп алу қиын болғандықтан, ісіктің айналасынан 2 см артығырақ кесіп алып тасталаймыз. Өйткені ісік қайталанбауы үшін оны түгел алу керек те, бірақ ота кезінде оның шеті қай жерден бітетінін дәл табу қиын. Сонда артығырақ кескенде зақымдалмаған жер де кесіп алынады. Ал бұдан кейін қатерлі ісікке флуоресцентті жабыстырылған соң ота кезінде ол жанып тұрады да, ота жасаушы дәрігер ісіктің нақты қай жерде тұрғанын көре алады. Бұл ота жасағанда артық ет кеспей, тек қана ісікті алуға мүмкіндік береді. Мұны жүйке жүйесін емдегенде де пайдалануға болады.
Екінші зерттеуім – ретроспективті клиникалық зерттеулер. Онда бұған дейінгі 10-20 жыл бұрын бас сүйегіне жасалған отаның ұзақ жылдардан кейінгі әсері зерттеледі. Яғни, бұрын жасаған ем қалай болды, нәтижесі жақсы ма, ұзақ жылдардан кейінгі көрсеткіші қандай? Соған анализ жасап отыруға болады.
– Зерттеу табысты болып жатыр ма? Нәтиже бар ма?
– Иә. Мысалы, ретроспективті зерттеуге келсек, мысалы мидың астында жұтқыншақ пен ми арасында екі жаққа да жатпайтын бір тұс бар. Ол нейрохирургтар мен бас пен мойын хирургтарының қайсысына жататыны анықталмаған. Сондықтан мұндай отаға біз, яғни бас пен мойын хирургтары нейрохирургтармен бірге баруымыз керек. Бұл тұстағы қатерлі ісікті алу өте күрделі операция болып саналады. Оған нейрохирургтер бір жақтан, біз екінші жағынан қарап, ісікті алып тастаймыз. Мұндай ота 10 сағатқа созылады. Мұндай ота жасау тәжірибесі дүние жүзінде көп емес. Медицинада соңғы он жылда ғана жақсы дамып келе жатыр. Бірақ сонда да бұл отаның он жылдан кейінгі нәтижесі қандай екенін ешкім білмейді. Сондықтан біз қазір дүние жүзіндегі дәл осындай ота жасатқан адамдарды тауып, олар бүгін қалай тұрып жатыр, оларға бұрынғы ота көмектесті ме, жоқ па, осыны зерттеп жатырмыз. Таяуда осы зерттеу бойынша мақаламыз жарық көреді.
– Білуімізше, сіз елордамызда клиникада жұмыс істедіңіз. Онкологиялық орталықтан бас пен мойын ісіктерін емдейтін бөлім ашылуына бастамашы болдыңыз.
– Иә, бас пен мойын ісіктерін емдейтін бөлім тек қана Алматыда болатыню Біз Нүр-Сұлтанда да аштық. Өйткені Алматыда үнемі кезек көп болушы еді. Ал астанада ол бөлім ашылған соң сонда біраз дәрігерлерді бас пен мойын қатерлі ісігіне ота жасауға үйреттік.
– Сіз сонда ғылыми зерттеумен де айналысасыз, сонымен бірге, медицина ғылымында табылған жетістікті клиникада практика жүзінде қолданумен де айналыссасыз. Солай ма?
– Иә.
– Барлық мамандар осылай ма?
– Негізі көбіне ғылыммен айналысатындар бөлек, емдейтіндер бөлек болып келеді. Мелицинаның басында фундаменталды ғылым тұр десек, химиктер, биологтар, генетиктер сол фундаменталды ғылыммен айналысады. Одан кейін трансляциялық сала бар. Ғылымдағы жаңалықты клиникалық зерттеуге енгізетін. Одан кейінгі үшінші сатысы – клиникалық зерттеумен, еммен айналысатын мамандық. Осындай үш түрлі мамандар тұтас медицина саласын қамтиды. Мен осының ішінде трансляция ғылымы мен клиникалық зерттеумен айналысамын. Дүние жүзінде жаңағы үш саланы да алып жүретін мамандар өте сирек. Бірақ Америкада клиникалық ғылымды, яғни емдеу мен клиникалық зерттеуді қатар алып жүретін мамандарды көбейтуге тырысып жатыр. Өйткені олар қандай ғылым адамды емдеуге қолдануға жарайтынын біледі.
– Қазақстанда ғылыми зерттеумен де, оны практикада қолданумен де айналысатын мамандар бар ма? Ол қаншалықты дамыған?
– Иә, Қазақстанда да бұл дамып жатыр. Қазақстанға осы үшін БҰҰ тарапынан гранттар бөлінеді. Қазірше аса дамып кетпесе де, Алматы мен Нұр-Сұлтанда қолға алынған жобалар бар.
– Медицинаның ең басында фундаменталды ғылыммен айналысатын биологтар, химиктер, генетиктер тұратынын айттыңыз. Олардың бүкіл тапқан жаңалықтары адамды емдеуге жарамауы мүмкін, есеіне олар саясаткерлердің, мүдделі топтардың құралына айналып кетуі мүмкін. Әлде олай емес пе?
Мысалы, біз қазір соғыс жағдайында өмір сүріп отырмыз. Ресей Украинада АҚШ-тың биологиялық қару жасау лабораториясы бар екенін алға тартып, елді елеңдетті…
– Меніңше, биологиялық қару жасау баяғыда тоқтатылған. Екінші дүниежүзілік соғыс біткеннен кейін посткеңестік елдерде, АҚШ-та жалпы, барлық елде ондай лабараторияларға тыйым салынды. Ресейдің Украинада АҚШ-тың биологиялық қару жасайтын орталығы бар деген қауесет таратқаны рас. Бірақ ол жалған. Шын болуы мүмкін емес. Неге десеңіз, халықаралық келісімшарт бойынша оған жол жоқ. Оның үстіне, биологиялық қару жасау өте көп шығынды қажет етеді. Ол көп құпиялылықты қажет етеді. АҚШ оны ашса, сонау алыстағы Украинадан емес, өз территориясынан ашар еді. Өзге елден ашатын болса, оның не құпиясы қалар еді?
АҚШ бұрын Қазақстанға бактериялық лобаратория ашуға көмектескен. Олардың көмегі өте зор болды. Өйткені бізде онсыз да лаборатория болды, бірақ онда қауіпті патогендер өте нашар жағлайда сақталып тұр еді. АҚШ мамандары бізге келіп, жақсы дамыған лаборатория салып, өздері кетіп қалды. Олар бізге көмек жасады, бірақ бүкіл әлемге қауіпсізлігі үшін пайдалы болды.
– Сіз Үндістанда, Ресейде, Италияда, Францияда білім алдыңыз. Халықаралық деңгейдегі көптеген жобалар бойынша қызмет етіп келесіз. Қазір Нью-Йоркте тұрасыз. Осынша елде оқып, осындай кең аренада жұмыс істеп жүріп, өз тіліңізді ұмытпай, қазақша сұхбат беріп отырғаныңыз үшін сізге оқырман атынан алғыс айтқым келеді.
– Рақмет!
– Енді қараңызшы, қазір сіз бір үлкен мұхитты жүзіп жүргендейсіз ғой. Ертең елге қайтып жатсаңыз, Қазақстандағы медицина жүйесінде қызмет ету қиын болмай ма?
– Қазір Жер планетасы бұрынғыға қарағанда өте кішкентай болып қалды ғой. Интернет бар, жердің екі шетінде отырып үздіксіз байланыс жасап, жұмыс істеуге мүмкіндік беретін платформалар бар. Мұнда адамды шектейтін бір нәрсе болса, ол – тек қана технологиялық құрылғылар мен қаражат қана. Әйтпесе, көп сала бойынша бір құрлықта тұрып, екінші құрлықта қызмет ету түк қиын емес.
Қазақстанда да өте сапалы зерттеулер жасауға болады. Бірқатар институттарда зерттеулер жасалып та жатыр.
Бір ғана өкінішті жағдай бар, бізде ғылымда жүрген адамдар дұрыс бағаланбайды. Сосын ғылымға бөлінетін гранттардың мөлшері өте аз.
Бір жылдары Қазақстанның медициналық нысандарына жақсы-жақсы құрылғылар әкелінді. Бірақ оларға дұрыс сервис жасалмады. Егер осы мәселелерді кешенді түрде қарап, дұрыс жолға қоятын болса, Қазақстанда отырып та өте мықты ғылыми жобалар жасауға болар еді.
– Сұхбатыңызға көп рақмет!