СұхбатЛәззат Мүлазимоғлы: «Көк Ту» ұйымының мақсаты – қазақ мәдениетін дәріптеу

Ләззат Мүлазимоғлы: «Көк Ту» ұйымының мақсаты – қазақ мәдениетін дәріптеу

 

АНКАРА. KazUnite – Түркиядағы «Көк Ту» қазақ мәдениеті қоғамы төрайымы, қобызшы Ләззат Мүлазимоғлымен сұхбат құрдық.

– Ләззат ханым, адам өмірінің айқұш-ұйқыш соқпақтары кімді, қашан, қайда апарып соқтырары белгісіз. Мысалы, менің ұлты қазақ анам білім қуып, Мәскеуге барып, техникумда оқып жүргенде қырғыз әкеммен табысқан. Сіздің осында тұрақтап қалуыңыздың құпия-сыры бар ма?

– Меніңше, айтарлықтай құпия-сыры жоқ, адам тағдырының бір көрінісі. Мен 1992 жылы Құрманғазы атындағы консерваторияның төртінші курсында түрлі өнер байқауларынан қалыс қалмауға тырысатынмын. Құрманғазы атындағы консерваторияның ректоры Дүйсен Қасейінов шетелге білім алуға төрт студентті жіберетін болып, таңдауы – үш ер бала мен екі бөлімде қатар білім алып жүрген маған түсті. «Екі бөлім» дегенім – Халық аспаптары факультетіндегі Қобыз кафедрасы мен Халық аспаптары оркестрінің Дирижерлық бөлімі. Негізгі кәсібім – қобызшы. Қобызды Құрманғазы атындағы консерваторияда, дирежорлықты (1,5 жыл) Түркияда бітірдім.

– Студенттердің тәжірибе алмасуы таптырмас тәлімді дәстүрге айналды ғой…

– Бастапқыда Стамбұлда тіл үйрендім. Сосын Анкарадағы Хаджеттепе университетінің консерваториясында білім алдым. Бір ғажабы, Түркия Еуропаға жақын болған соң небір атақты дирижерлар дәріс оқиды. Әртүрлі ұлт өкілдерімен қатар білім алып жүрген қазақ жастары «Қорқыт ата» өнер тобын құрдық. Елшіліктің шақыртуымен мерекелік шараларда өнер көрсетіп жүргенде ТҮРКСОЙ ұйымында жұмыс істейтін өмірлік жарым Санжармен таныстым. Екеуміз қыста танысып, отбасын құрдық. Екі баламыз бар. Үлкен ұлым Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білім алып, магистратураның соңғы курсында оқып жатса, қызым орта мектептің соңғы сыныбында.

Өзімнің Түркия Республикасының Мәдениет және туризм министрлігіне қарасты Түркі тілдес халықтарының Ұлттық аспаптар оркестрінде қобызшы қызметінде жүргеніме жиырма жылдан асты. Бұрынырақ мектепте мұғалім болып, кейін өнер ұжымында еңбек еттім. 2018 жылдың наурыз айында Анкарада «Көк Ту» қазақ мәдениеті қоғамын құрдық.

Ұйымды құрудың тереңінде туған отанымызға, өз елімізге деген сүйіспеншілігіміз, сағынышымыз, құрметіміз және шексіз перзенттік боршымыз жатыр.

Түркияға білім алуға келіп, мен секілді осында тұрмыс құрып, тұрақты тұрып жатқан қазақ қыздарының басын қосып, қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүрін, тілін дәріптеуді – басты мақсатымыз етіп алдық. Кейін келген қандастарымызға да көмек керек болса, жәрдемдесетін ұйымға айналдық. Шетелде жүріп Қазақстанға қызмет етіп, ұлтымыздың тәуелсіздік және наурыз мерекелерін бірге атап өтуді әдетке айналдырдық. Атақты әндегі:

«Көк тудың желбірегені –

Қазақтың асқақ беделі.

Махаббат, қайрат екеулеп,

Шымырлатқаны денені.

 

Көк тудың желбірегені –

Жаныма қуат береді.

Таласқа түссе жан мен ту –

Жан емес, маған керегі…

Көктудың желбірегені!» – деген сөздерді естігенде, жүрегіміз езіліп, көзімізге еріксіз жас келеді…

Шаруамыздың ұшар басында, ең әуелі 60-70 кісінің басын қосып, ас бердік. Асқа Анкарада тұратын қазақтар мен жүрегі «Қазақстан» деп соғатын түрік достарымызды шақырдық.

Ең қуантқаны, бұл баянды бастамамызды ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының білгір басшысы Дүйсен Қасейінов ағамыз қызу қолдап, Қазақстанның елшісі Абзал Сапарбекұлы «Көк Ту» қазақ мәдениеті қоғамының беташар һәм таныстыру рәсімін қазақ елшілігінде жасауды ұсынып, айтулы шараға көптеген лауазымды тұлғалар, депутаттар, сенаторлар, президенттің кеңесшісі, ТҮРКСОЙ ұйымының басшылары қатысты.

Ал өзімнің төл оркестрім кеңқұлаш концерт берді. Дәл сол кезде Ханымгүл Абдрасулова ханымның ұлттық киімдерді ұлықтауға арналған дефилесі Анкарада өткен еді, біз киім тігу өнерінің майталманын арнайы қонақ етіп, құрмет көрсетіп, қолдау жасадық.

– Жылына шамамен қанша іс-шара ұйымдастырасыздар?

– Тәуелсіздік пен Наурыз мерекесі тұрақты басқосуға айналды. 2018 жылы Қазақстанда «Алаш туы астында» деректі фильм түсіріліп, елімізде бір рет көрсетілді.  Айтулы туындыны елшілік арқылы сұратып, түрік тіліне аудардық. Алдымен Түркиядағы алаштанушы ғалымдар мен қазақтың алаштанушы қыздарымыздың қатысуымен ғылыми-көпшілік конференциясын ұйымдастырдық. Шараның шмылдығында «Алаш туы астында» деректі фильмін түрік тілінде көрсеттік.

Сырбаз суретші, ғылым докторанты Кәрім Байғұтовтың жеке көрмесін екі рет өткізуге мұрындық болдық.

Түркияның бірнеше ірі көрмелерінде қазақтың салт-дәстүрін, киім үлгілерін, ою-өрнегін насихаттадық.

Тәуелсіздік пен Наурыз мерекелерінде қазақ елінен өнерпаз бауырларымызды арнайы шақырып, Анкараның үлкен концерттік залдарында концерт береді.

Қазақтың ұлттық киімдері туралы «Ханум Айдаш» кітабы Қазақстанда жарық көрді. Біз бұл кітапты дереу түрік тіліне тәржімалап, елшіліктің қолдауымен баспадан шығардық. Қазақстаннан өнерпаздар келіп, еңселі залда аталған кітаптың тұсаукесері дүрілдеп өтті.

– «Көк Ту» қазақ мәдениеті қоғамын қаржыландыратын арнайы демеушілеріңіз туралы…

– Әдетте, бастама да, қаржы да өзімізден болады. Аракідік қазақ елшілігі мен шағын аудандар басшыларының қолдауымен мәдени басқосуларды жүзеге асырамыз.

Ойдағы жарқын дүниелерді мықтап жоспарлап-жобалап, пысықтап-тиянақтап алу маңызды. Алыстан ат арытып жететін мейманның жатар орны мен ішер асын алдын ала әзірлеп қоямыз.

Биыл Тәуелсіздік мерекесінде Алматы облысынан «Сазген» ансамблін қонақ ретінде шақырдық. Бұрын өнерпаздарымыз Анкарада ғана концерт беруші еді, биыл төрт қаланы аралады. Алдын ала келісіп, қонақтарымыз әуежайдан түскеннен бастап, барлық шығындарын көтерген қалалардың әкімшіліктеріне зор алғысымды білдіремін.

– Ресми әрі бейресми деректер бойынша, қазір Түркияда 75 мыңға жуық қазақ бар. Сол қазақтың кез келгені «Көк Ту» қазақ мәдениеті қоғамына еш кедергісіз мүше бола ала ма?

– Әлбетте, әр қазақ – біздің жалғызымыз! Әр қазаққа есігіміз – ашық, көңіліміз – шалқар. Аз-кем ғана өтініш-тәртібі мынадай: қоғамымызға мүше болу үшін белгілі бір мөлшерде арнайы қаржы салуы міндетті. Десе де, біздің ұлықты ұранымыз: «Мүше болу – шарт емес, бірге болу – парыз!». Яғни, әр қазақ қоғамымызға мүше болмаса да, шараларымызға қатысуға болады. Анкарадағы қазақтардың көбі ұйымға мүше болмай-ақ, тек іс-шараларымызға ғана қатысады. Қазір қоғамымыздың мүшелерінің саны  35-40 кісінің шамасында.  Қазақтар мен түріктер аралас.

«Көк Ту» қазақ мәдениеті қоғамының мүшесі болу үшін, бастысы, қазақтың салт-дәстүрін, мәдениетін, ана тілін терең меңгеріп, басқа түркі жұртына және күллі адамзатқа насихаттап, тарта алса абзал. Десе де, біздің есігіміз түрік топырағындағы әр қазаққа ашық: қажет жағдайда хабарласуларына болады.

Менің Түркияда өмір сүріп жатқаныма отыз жыл болды. «Қазақтар түріктерден нені үйрену керек?» дегенде айтарым: «Тиянақты білім алу мен шағын кәсіп жүргізуді үйренгені мақұл болар еді» дер едім…

Туған еліңнен жырақта жүргенде, қазақ туралы айтылған әрбір теріс пікір жүрегіңе батады. Кейде намысың қозып, біреулермен жағаласып, қорғап-қолдайсың туған жұртыңды…

Түркітілдес халықтардың ішіндегі ең бай, қарыштап дамып келе жатқан ел – қазақ елі есептеледі, сондықтан қаңтар қасіреті бәріміздің қабырғамызды қайыстырып кетті…

Сыртта ширек ғасырдан астам уақыт тұрып жатсақ та, ұлтымыз бен елімізді әрқашан мақтан етеміз, аяулы ана тілімізді ұмытқан жоқпыз.

– Ұл-қыздарыңыз қазақша біле ме?

– Әрине, екеуі де қазақша біледі. Әкесі де қазақша біледі. Ұлым қазақ тілінде сөйлесе де, «тереңірек үйренсін» деп, Алматыда оқыттық. Түркия менің «екінші отаным» атанып, түрік тілін меңгергенмен, ана тілімізді ұмытпауға тырысамыз. Екі қазақтың бір-бірімен жат тілде сөйлескендігіне қатты намыстанамын. Өз анасының тілін құрметтемеген адам – толыққанды, кемел кісі емес.

– Елге барып тұрасыз ба?

– Жазда еліміздегі ата-анамыз бен бауырларымызға барамыз. Ең өкініштісі, жалпы адам баласы кейінгі кезде рухани кедейленіп кеткен секілді: пейілдері тар, көңілдері күңгірт, тіпті  жол сұрасаң, жөнін айтпайды. Былтыр жазда Алматыға барғанымда қатты таңғалдым. Адамдар мейлінше қатал, тұрмыс тайғақшылықтарымен алысып әлек. Бәрі мұңлы, бәрі ашулы. Бірнәрсе сұрасаң, бұрылып қарамайды. «Менің жерлестерім бұрын мұндай безбүйрек емес еді ғой. Неге мұндай болып кеткен?» деген ауыр ойға баттым.

«Қалай өмір сүрсем екен, бала-шағамды қалай асырасам екен, қарыздарымды қалай төлесем екен?» деп, дірдек қаққан бауырларыма жаным ашып, жүрегім сыздады…

Себептерін ойша іздеп көрдім:

1. Қазақстанның жерүсті, жерасты байлықтары мол болғанымен, жетіскен өнім шықпайды. Бәрі сырттан алып келіп, үстіне 5-6 есе қымбаттатып сатады. Кім-кімді алдайды? Көрші Қырғызстанда жүннен, теріден өнім шығарып жатқанын көрдім. Демек, қазақ өнімдерін шығаруды шұғыл қолға алу керек.

2. Әсіресе, аграрлық ел етіп ауылшаруашылығын дереу дамытуды қолға алу қажет. Сонда жеңіл өнеркәсіп те көтеріліп дамитын еді.

3. Шетелдерден атажұртына келуге ниетті қандас қазақтарымызды тезірек және бірден туған топырағымызға жинауымыз керек. Ауқымды мемлекеттік нақты жәрдем беретін бағдарлама бойынша, әсіресе, солтүстік, шығыс және батыс аймақтардың шекаралық ауылдарына орналастыру керек.

«Көк тудың желбірегені –

Бақыттың елжірегені,

Қиырда қалған қазақтың,

Көзінің мөлдірегені…» – деп, өзіміздің қаракөздерімізді жәудіретпей, үй-жай (өркениетті, ыстық-суық суы бар), көтерме қаржы беріп әкелсек, қазіргі қазақ елі басшысының «Жаңа Қазақстан» бағытының даңғыл жолы ашылатын болады.

– Қазақ ежелден әйел баласына айрықша құрмет, ерекше ілтипат көрсеткен. Батыр атамыз Бауыржан Момышұлы: «Біздің жерімізде ер – діңгек, әйел – гүл. Діңгек – жапырақсыз, гүлсіз, қазақша айтқанда «қу бас» деген сөз. Әйел – құнарлы топырақ, онда адамзат дәні өсіп, жетіледі. Біз – сол дәннің жемісіміз. Әйелсіз адамзат «жемісі» ешқашан да болмайды» депті…

– Қазақ үшін қыз бала – қонақ. «Қыздың жолы жіңішке» деп, еркін қылып, еркелетеді. Соның кесірінен бе, өкінішке қарай, бүгінде қазақ қызы бөтен ұлтқа кетсе, қуанатын бейшара халге жеттік. Әдетте, «әйел тағдыры қыл үстінде» десек те, бұрынғы қазақ өз қызы жатқа көңіл білдірсе, байбалам салатын. Бір қарағанда, менің мұндай «ақыл» айтуыма моральдық құқым да жоқ секілді, бірақ алыста отырып, екеуміз қазақты жамандағандай болмайық. Менің жағдайым: тағдырдың жазуы, өмірдің үлкен тәжірибесі.

Түптеп келгенде, қыздың тағдырын алдын ала болжап болмайды, аракідік қазақ қыздарының түркітілдес жігіттермен тіл табысуы – соншалықты қасірет емес. Түркітілдес халықтардың түп-тамыры – бір.

Соңғы кездері қазақ қыздарының өзге ұлт өкілдеріне тұрмысқа шығуының бірден-бір себебі – қазақ жігіттері өз отбасына қамқор емес, қиыншылыққа төзімді емес-ау, деп ойлаймын…

Дәп осы жерде керегі: екі мықты қасиет. Бірі – жауапкершілік, екіншісі – еңбекқорлық. Әр қазақ жігерлі де қайсар, егер құлшынып жұмыс жасасақ, тез өркендеп, дүркіреп дамып кетеміз!

– Нақты ұсыныстарыңыз бар ма?

– Қазақ жігіттеріне ауылшауашылығы мен құрылыстың қыр-сырын терең түсініп, игеріп алу керек. Барлық жаңа нысандарды айдаладағы шетелдік құрылыс компаниялары салып жатыр. Біздің қазақтың инженерлері мен сәулеткерлері ешкімнен кем емес. Мысалы, табиғи өнімді қалай өсіру үшін шетелдік технологияны өз ауылымызда қолдануымыз керек. Шағын жер алып, дәнегіп, дәрі сеппей табиғи өсірсек, дүкендер таласып алады. Ауылда қазақы тәрбиенің нәрі әлі сақталған.

Жазда Мажарстанға бардым. Қазақстаннан екі қолөнер ұстасы келді. Қандай керемет! Күміс алқалар, жүзіктер, білезіктер, күміс белдіктер. Одан кейін теріден жасалған қамшылар, ер тоқымдар. Киізден жасалған қазақтың шапандары. Ғажап! Еуропалықтар таңғалып, алып жатыр. Соны таныту мақсатында көбірек жұмыс жасалса, қазақ қолөнерге өте бай: зергерлік өнер айрықша дамыған, алтын мен күмістен жасамайтын бұйымы жоқ. Әркім өз ауылы мен  қаласында қолөнерді өркендетсе, өріске шығары сөзсіз.

Меніңше, қазақ жігіті дегеніміз – қазақ елінің ертеңгі иесі. Бауырларыма адамшылық, имандылық, сабыр, салиқалылық, сыпайылық, әдептілік, жауапкершілік, төзімділік қасиеттерін күшейтіп, әрқайсысы қазақтың қызын бақытты да баянды қылып, тату-тәтті отбасында шаңырағы биіктеп, баршылық құшағында шалқыса екен деймін…

Қазақ елінің айналасы да – түгел дос емес. Әр қазақ баласы:

«Көк тудың желбірегені –

Елдіктің асқақ өлеңі,

Жан-жаққа тартпай, қазағым

«Бір сөзге жинал» дегені…» – деген ұстанмды көк ту етіп көтеріп, елі мен жерін қашанда  қорғап, қолдауға әзір тұруы керек.

– Америкадан тұңғыш рет тарай бастаған қазақ тіліндегі Халықаралық онлайн басылым жайлы ой-пікіріңіз қандай?

– Әлемдегі, дүниежүзіндегі қазақтардың лебізін білдіретін, даусын басқа оқырмандарға естіртетін онлайн басылымның шыққанына қуанып отырмын. Жұмыс табысты, жақсылық жұғысты болсын!

Дүниенің төрт бұрышындағы қазақтың рухани бас қосып, бірігуіне қызмет ететін кәсіптеріңізге ақжол тілеймін!

– Сұхбатыңызға рақмет!

 

Соңғы жазбалар

В5+1 форумында Anelya Alimova мен Business Woman KZ келісімшартқа отырды

0
АЛМАТЫ. KazUnite - Алматыда АҚШ және Орталық Азия елдері – Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстан үкіметтері мен іскер топтары өкілдерінің қатысуымен «В5+1» форматындағы...

«Қазақстандықтарды байытқым келеді»: Америкада косметикалық брендін қалыптастырған қазақтың миллионер қызы

0
НЬЮ-ЙОРК. KazUnite - АҚШ-қа Эйнштейн визасы арқылы келген тұңғыш қазақтың кім екенін білесіз бе? Ол – People Awards нұсқасы бойынша халықаралық бизнес-сарапшы, Халықаралық ғылыми...

Қазақстан ҰҚШҰ-дан шығуға мәжбүр болуы мүмкін – саясаттану профессоры

0
НЬЮ-ЙОРК. KazUnite - Саясаттану профессоры Полин Джонс жақында CDDRL және TEC бірлесіп ұйымдастырған Reds семинарында сөйлеген сөзінде Украинадағы Ресейдің жаңарған агрессиясы Мәскеудің Еуразиялық көршілерімен...

Қытай мен Астана хабы мемлекеттік басқару бойынша жаңа жобалар талқылауда

0
Астана Мемлекеттік қызмет хабы Басқарушы комитеті төрағасы Алихан Байменов пен Қытай ұлттық мемлекеттік басқару академиясы атқарушы Вице-президенті Си Чунтао екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Кездесуге ҚХР-ның...

«New York Fashion Week-2024» халықаралық сән көрсетілімінде Қазақстанның Әнұраны шырқалды

0
Нью-Йорк қаласындағы «Leman Ballroom» залында  «New York Fashion Week-2024» халықаралық сән көрсетілімінің 16-маусымы ашылуында қазақстандық дизайнердің ұлттық сән үлгілері ұсынылып, қазақ әншісі өнер көрсетті,...