АСТАНА. KazUnite – Туған өлкесінің жандануына елеулі үлес қосып келе жатқан азаматтардың бірі, көп жылдар бойы асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысып, республикаға танымал қазақтың ақбас тұқымын сақтап келе жатқан кәсіпкер Қуаныш Сүлейменовпен сұхбат құрдық.
– Қуаныш Серікқазыұлы, мал шаруашылығы өз мамандығыңыз ба, əлде атадан қалған сүйікті іс пе?
– Мен қазіргі Абай облысы Жарма ауданы Шалабай ауылында дүниеге келдім. Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің тарих факультетін, кейін Қазақ мемлекеттік заң академиясын және Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің бөлімшесінде «Мал шаруашылығы өнімдерінің технологиясы» мамандығы бойынша ауыл шаруашылығы ғылымдары магистрі дәрежесінің иегерімін. Сонымен қатар бұл кәсіп атадан мирас болған маңызды шаруашылық дер едім.
– Ірі қара шаруашылығымен қашаннан бері айналысып келесіз?
– Ауылда мектеп бітіріп, әскерге бардым. Кейін Алматы қаласында әскери жетекші, ұйымдастырушы қызметтерін атқардым. Содан соң Жарма ауданындағы Шалабай ауылында мектеп директоры және «Шалабай» ЖШС бас директоры болдым. Ал 2006 жылдан бастап мемлекеттік қызмет саласына келгенге дейінгі кезеңде Шалабай ауылындағы ақбас сиыры мал шаруашылығымен айналыстым.
Қоғамдық жұмыс әрі жүрек қалауым ретінде осы салаға қолдау жасап, кеңес беру мақсатында қазіргі таңда қазақтың ақбас тұқымының Республикалық палатасы мүшесі, Төрағасымын. Жақында елордада еліміздің ірі қара фермерлері бас қосқан үлкен кездесуде қазақтың ақбас тұқымының Республикалық палатасы Төрағасы ретінде мені қайтадан 3 жылға сайлады.
– Ірі қараның қандай түрлері бар, олардың саны қанша?
– Қазақтың ақбас сиыры – сиырдың етті тұқымы саналады. Түсі қызыл, басы, құйрығының ұшы, бауыры мен сирағы ақ болады. Кеудесі кең, етті, аяқтары қысқа және берік, тез жетіледі. Бұқасы орта есеппен 800-900 келі, сиыры 450-500 келі тартады.
Кеңес Үкіметі кезінде танымал болған «Казахская белоголовая», яғни «қазақтың ақбас сиыры» деп аталатын сиыр тұқымын өсіріп келеміз. Бұл тұқымның Шалабай ауылындағы саны – шамамен 1800 аналық. Мемлекет басшысы жеті қазынамыздың бірі – тазы итіне мән беріп, оны ұлттық бренд ретінде санаған. Сонымен қатар төрт түлігімізді, әсіресе, қазақтың жылқысын, қойын және қазақтың ақбас сиырын кеңінен насихаттап, одан әрі ұлттық деңгейде танымал ету қажет. Бұл – өте маңызды!
– Олардың жем-шөбін қайдан аласыз және селекциялық жұмыстар жүргізіле ме?
– Ірі қараның жем-шөбін өзіміз 4,5 мың гектар алқапта дайындаймыз. Оның ішінде көк бидай егіп, шөп шауып, жем-шөбін дайындаймыз. Кәсіпорын асыл тұқымды шаруашылық мәртебесін алуды және зауыт салуды көздеп отыр. Түпкі мақсаты – қазақтың ақбас тұқымды сиырларын мемлекет көлемінде тарату. «Шалабай» ЖШС жұмысшыларының еңбекақысы өнеркәсіптік кәсіпорыннан кем емес, өздерінің құрылыс бригадасы бар. Жеке шаруа қожалықтармен бірлесе отырып, серіктестік мал тұқымын асылдандыруға күш салып келеді.
Бұл күрделі кәсіпті үздік қазақстандық және әлемдік тәжірибе негізінде жүргізудің заманауи моделін құра отырып, ғылыми-зерттеу институты селекциялық-асыл тұқымдық жұмысқа жетекшілік етіп келеді.
– Ірі қара шаруашылығымен айналысатындармен тəжірибе алмасып тұрасыз ба?
– Қазақтың ақбас тұқымының Республикалық палатасында 850 шаруашылық және 14 мың ірі қара малын асырап жүрген қарапайым фермерлер бар. Сондай-ақ шетелдегі әріптестерімізге мал өсіруді үйретіп, олармен тәжірибе алмасып тұрамыз.
– Ірі қара мен олардың ет-сүт өнімдері экспорттала ма?
– Бүгінде ірі қара малы экспортқа шықпайды. Өйткені Ауыл шаруашылығы министрлігінен шектеу бар, екіншіден, елімізде аусыл (ящур) ауруының таралуы себеп болып отыр.
– Шаруашылығыңызға демеушілер болды ма?
– 2000 жылы қарапайым мұғалім ретінде жұмыс өтілімді бастаған соң ойлана келе, қазақтың ақбас сиырының отаны саналатын Жарма ауданында осы тұқымды өсіруді қолға алдым. Әрине, басында оңай болған жоқ. Десе де, инвестиция тартқан бір азаматтың қолдауымен жұмысымыз алға басты. Шаруа қожалығымыз елдің өркендеуімен бірге дамып келеді. Осылайша, 5 адам жұмыс істейтін шағын қожалық бүгінде ауқымды холдингке айналды.
– Бұл шаруашылықтың қандай қиындығы мен қызығы бар?
– Шаруашылықтың қиындығы көп. Ең бастысы елімізде соңғы төрт жылда орын алып жатқан қуаңшылықтан жем-шөп дайындау қиындық туғызып келеді.
– «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазысыз, тағы қандай жетістіктеріңіз бар?
– Қазіргі таңда Қазақтың ақбас тұқымының Республикалық палатасының Төрағасымын. Сондай-ақ жұмысым ауысқалы Абай облысы мәслихатының Төрағасы және Абай облысы «Amanat» партиясының Төрағасы ретінде қызмет етіп келемін.
– Өмірлік ұстанымыңыз қандай?
– Шыдамдылық пен еңбек – бәрін жеңбек. Ешқашан мойымай, алға қойған арман-мақсаттарға жете беру қажет деп санаймын.
– Қуаныш мырза, алда қандай жоспарларыңыз бар?
– Жоспар жетерлік. Жақында жігіттермен ақылдаса келе, мынадай ойға келдік: мысалы, шетелден елімізге делегация немесе қонақтар келген кезде бауырсағымыз бен қымызымызды қойып, «Қазақтың ақбас сиырынан әзірленген стейк» деп жазылған ұлттық тағамды мәзірге ұсынуды дәстүрге айналдыру. Сонымен қатар, оларға қазақтың байыс және Еділбай қойларынан асылған ет тағамы мен жылқы малынан тағамдарды әзірлеп, алдарына тарту қажет. Осылайша, тек қана елімізде шыққан табиғи әрі сапалы тағам еттері арқылы ұлттық дәмімізді шетелдік қонақтарға дәріптеп, оларды одан әрі таныту жоспарымызда бар.
Қазақтың ақбас тұқымының Республикалық палатасының негізгі жоспары шетелге қазақтың ақбас ірі қара малының тұқымын шығарып, танымалдығын арттыру. Неге танымалдығын арттырмасқа?!
Қазақтың ақбас сиырының артықшылығы – еліміздің далалы және шөлейт аудандарының табиғи жағдайына бейімделген, етті әрі тез жетіледі. Осыған байланысты бұл сиыр тұқымын шетелдіктерге лайықты түрде таныту бойынша жұмыстар атқарылмақ және Палата мүшелері де өз үлестерін қосады деп үміттенеміз.
– Әңгімеңізге рақмет!
P/S: Ауыл шаруашылық, кәсіпкерлік саласында қажырлы еңбектің арқасында жетістікке жеткен және қарапайым еңбек адамдарын дәріптеу тұрғысында
«Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ «Кәсіби шеберлерді таны» жобасын қолға алды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Еңбекқорлық біздің негізгі құндылығымыз болуы қажет. Оны ұлт сипатын айқындайтын асыл қасиетке айналдыруға тиіспіз» деп адал еңбектің басты құндылық екеніне ерекше назар аударған болатын.
Сұхбаттасқан Ақкербез Мырзахмет