НЬЮ-ЙОРК. KazUnite тілшісі алып нарықта қанатын жайып келе жатқан компанияның негізін қалаушы Мәдина Тоқтармен сұхбат құрып, аталған кәсіптің қыр-сыры жайлы сұрап білді.
…Мұхитта жыртқыш балықпен қатар жүзумен пара-пар
АҚШ әлемдегі ең ірі тауар экспорттаушы мемлекет. Жоғары сапа, жаңа инновация, танымал брендтер, таңдаудың көптігі – жаһан тұтынушыларын өзіне жіпсіз байлап отыр. Ал халықаралық алыс-беріс бар жерде логистикалық компаниялардың маңызы артары сөзсіз. АҚШ-тан әлемнің түкпір-түкпіріне тауар тасымалдайтындардың қатарына соңғы жылдары қазақ кәсіпкерлері де қосылды. Халықаралық жүк тасымалындағы азулы компаниялармен иық тірестіріп жұмыс істеу – мұхитта жыртқыш балықпен қатар жүзумен пара-пар, әрине. Бірақ соған қарамастан, АҚШ-тағы жерлестеріміз ашқан логистикалық компания нарықтағы өз орнын қалыптастырып, тұтынушылардың сенімін ақтап жүр.
Американың бірнеше штатында компаниямыздың бөлімшелерін аштық
– Мәдина ханым, халықаралық тауар тасымалы қызметін ашу идеясы қалай пайда болды?
– 2020 жылы отбасылық достарымыздың бірінен логистикалық компания ашу туралы ұсыныс түсті. Бұл пандемияның әбден шарықтау шегіне жеткен кез болатын. Мемлекетаралық қарым-қатынас шектеліп, жолаушылардың жүріп-тұруына қатаң тыйым салынып жатты. Ұшақтар ара-тұра ұшады. Міне, осындай күрделі кезеңде логистикалық бизнестен еш хабары жоқ біздер тәуекелге бел буып, жаңа кәсіпті бастап кеттік.
– Демек, алғашқы кезде кедергілер мен қиындықтар аз болмаған шығар?
– Әрине, бұл салада ешқандай тәжірибеміз болмағандықтан, ең алдымен, сенімді серіктес табу қиынға түсті. Нарықты зерттей келе, логистикалық қызметті ұйымдастыру оңай шаруа емес екенін түсіндік. Бәсекелестер өте көп, арасында аяқтан шалуға тырысқандары да болды. Жұмысты енді бастаған тұста әлеуметтік желідегі бизнес аккаунтымызға хакерлер шабуыл жасап, қолды етті. Бірақ соған қарамастан, нарықтағы орнымызды сақтап қалуға барынша тырыстық. Кедергілердің бәрін еңсеріп, көп ұзамай Американың бірнеше штатында компаниямыздың бөлімшелерін аштық. Содан кейін бірте-бірте карантиндік шектеулер жеңілдетіліп, біздің жұмыс та қыза бастады. Күн-түн демей, тоқтаусыз жұмыс істеп, аптасына 500 келіге дейін тауар жөнелткен кезіміз болды. Қазір клиенттерден толассыз ағылған алғыс пен оң пікірлерді оқыған сайын бұл салаға кездейсоқ келмегенімізді түсінемін.
АҚШ-тан тұрмыстық техника мен телефондарды тез жеткіземіз
– Кез келген нарықта өзіңіз айтқандай, бәсекелестіктің болары сөзсіз. Солардың арасында сіздің компания несімен ерекшеленеді?
– Иә, АҚШ-тың алпауыт нарығында бәсекелестеріміз өте көп екенін мойындаймын. Арасында тәжірибесі мол, беделі жоғары компаниялар да аз емес. Бірақ біздің компаниямыз АҚШ пен Қазақстан арасындағы тауар тасымалын жеңілдетуімен ерекшеленеді. Екі елде де сенімді серіктестеріміз бар, сондықтан екі жақты саудаға барынша қолайлы жағдай жасап отырмыз. Киім-кешек, күнделікті тұтынатын бұйымдар, тұрмыстық техника және мобильді телефондарды сапалы әрі тез жеткіземіз. Тағы бір ерекшелігіміз, тауар тасымалының қауіпсіздігін сақтауымызда шығар. Өйткені тауарларға өте сапалы қаптамаларды қолданамыз. Осылайша, тапсырыстың бүлінбей, тұтас жетуіне кепілдік береміз. Ал оның діттеген жеріне жетуін арнайы бақылау жүйесі арқылы қарап отырамыз. Сондай-ақ бізде тауарды сақтандыру жүйесі жұмыс істейді. Егер жүк қандай да бір себеппен иесіне жеткізілмесе, біз клиенттің ақшасын кері қайтарамыз. Бірақ бүгінге дейін мұндай жағдай тіркелген жоқ.
Өз бағасынан 80 пайызға дейін арзанға ала аласыз
– Қазақстандықтар АҚШ-тан көбінесе қандай заттарға тапсырыс береді?
– Көбінесе түрлі брендтегі киім-кешек, сөмкелерге тапсырыс береді. Өзіңіз білетіндей, америкалық мұндай брендтердің құны Қазақстанмен салыстырғанда 2-3 есеге дейін арзан. Егер мереке кездерінде жеңілдікпен тапсырыс берсеңіз, өз бағасынан 80 пайызға дейін арзанға ала аласыз. Содан соң ұялы телефондарға тапсырыс көп. Мысалы, Apple өнімдерін өз бағасына жедел жеткізіп бере аламыз.
– Тұтынушылардың ерекше тауарға тапсырыс берген кезі болды ма?
– Қазақстаннан АҚШ-қа киіз үй жеткізген кезіміз де болды. Бұл киіз үйлер жыл сайын осындағы қазақ диаспорасының Наурыз тойында ұлттық мерекеміздің көркін ашып жүр.
Алда Еуропа, Таяу Шығыс және Оңтүстік Шығыс Азияға шығуды жоспарда бар
– Енді тапсырысты рәсімдеу туралы қысқаша ақпарат бере кетсеңіз.
– Біз тауарға тапсырыс берудің екі тәсілін ұсынамыз. Оның алғашқысы, клиенттеріміз сайт арқылы өзі қалаған тауарын онлайн сатып алады да, біздің қоймамызға жібереді. Ал біз оны Қазақстанға жөнелтеміз. Немесе тапсырыс беруші өзіне қажет заттың сілтемесін жіберсе, оны да рәсімдеп, иесіне жібереміз. Ол үшін қызмет құнын төлеуі тиіс болады. Тапсырыстың салмағына қатысты ешқандай шектеу жоқ.
– Болашақта қандай жаңа нарықтарға шығуды жоспарлап отырсыздар?
– Нарықты кеңейту – дамуды көздейтін кез-келген компанияның стратегиялық мақсатының бірі. Біз алдағы уақытта Еуропа, Таяу Шығыс және Оңтүстік Шығыс Азия елдеріне шығуды жоспарлап отырмыз. Өйткені бұл аймақтарда америкалық тауарларға сұраныстың зор екенін білеміз. Бұл біз үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.
– Сұхбатыңызға рақмет! Ісіңізге сәттілік тілейміз!