Сұхбат«Темір адам» атанған Тимур Спатаев: Әр қазақ жігіті – батыр

«Темір адам» атанған Тимур Спатаев: Әр қазақ жігіті – батыр

 

Қол күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия чемпионы, Қазақстанның 7 дүркін рекордшысы, ҚР Қарулы күштерінің жігіт сұлтаны, ҚР ҚК әскери потриоттық ән жеңімпазы, Бауыржан Момышұлының «Намыс» төсбелгісінің иегері, запастағы капитан, «Қазақтың темір адамы» атанған Тимур Спатаев KazUnite.com тілшісіне сұхбат берді. 

– Тимур мырза, сіз екінің бірінің қолынан келмейтін істерді жасап жүрсіз. Мысалы, тіспен жүк көлігін сүйрейсіз, шегені жалаң қолмен майыстырып, ою-өрнек жасайсыз, грелканы шар үрлегендей үрлейсіз. Осының бәрін қайдан немесе кімнен үйрендіңіз? Бұған қалай келдіңіз? Қандай да бір әдістемесі бар ма?

– Менің жасап жүргендерім кейбір адамға таңсық болып көрінуі мүмкін. Ал мен үшін ол үйреншікті жағдай. Өйткені 25 жылдан аса уақыттан бері спортпен үзбей жаттығып келемін. Бала күнімнен мықты болсам деп армандайтынмын. Соған орай Алла маған күш-қуат берді.

Екіншіден, өзімнің еңбегім. Таңның атысынан кештің батысына дейін түрлі жаттығу жасаймын, көп еңбектенемін. Кейде түн ішінде де жаттығамын. Түрлі ой келеді санама. Сіз айтып отырған шегені жалаң қолмен майыстыру, тіспен көлікті сүйретудің бәрі көп дайындықпен келді. Мысалы, бірден барып ауыр техниканы тіспен тарта салған жоқпын. Күнделікті ауыз қуысыма, тістерімнің айналасына резіңке салып, сонымен біраз жүремін. Арнайы спорт залдарға барамын. Қазіргі таңда өз-өзіме бапкермін. Осының өзіне екі жылдай уақыт кетті.

Иә, Алла маған күш-қуат берді, бірақ арман-мақсатыңды жүзеге асыру әрі қарай адамның өзіне байланысты. Ал мен алдыма мақсат қойсам, соны қалай да іске асыруға талпынамын.

– «Күш атасын танымас» демекші, сіздің күшіңіз қандай бірлікпен есептеледі? Яғни бойыңызда бір аттың күші бар ма? Одан көп пе?

– Оны өлшеп көрмеппін. Дегенмен ауыр көліктерді орнынан қозғап, батып қалған кезде көлікті көтерген, екі жақ қапталға бір топ жігітті тұрғызып, арқан тартысқан сияқты басқа да нөмірлер болды. Жалпы, мен сондаймын деп айта алмаймын, оның бағасын халық береді ғой. Дейтұрғанмен көпшілік тарапынан «сіз мықтысыз, күшіңіз көп» деп айтылып жатады. Мүмкін бойымда аттың күші бар да шығар. Бірақ егер де менің майыстырып жүрген шегелерімді «алюминий», көтеріп жүрген ауыр темірлерімнің салмағы «жеңілдеу» деп ойлайтындар болса, маған келулеріне болады. Мықтымын деген азаматтарды қабылдаймын. Олармен күш сынасайық, бірге темірлерді майыстырайық.

– Күш сынасқысы келетін азаматтар көп пе?

– Өте көп. Менің жасағандарымды қайталауға әрекет жасайтындар да жетерлік. Инстаграм, ватсап желілерін кейде қарауға уақыт болмай қалады. Желілерден көптеген видео келіп жатады.  

– Медициналық тексеруден жиі өтіп тұрасыз ба? Өте ауыр темірлерді көтеру бұлшык етке қалай әсер етеді? Зияны тимей ме? Мысалы, жүк көлігін тіспен сүйреген соң стоматологқа қараласыз ба?

– Шынымды айтсам, мен өз-өзімді тексеріп отырамын. Дұрыс тамақтану дәстүрін ұстанамын. Өз күшімді бақылап отырамын. Егер жүрегім қаламаса, жасамаймын. Жалпы, медициналық көмекке көп жүгіне бермеймін. Дегенмен алдында бір тексерістен өткенде, шүкір, денсаулығымның жақсы болып шықты. 

– Қол күрестен Қазақстан және Азия чемпионысыз. Басқа елдердегі қандай алыптарды жеңдіңіз? Ұтылып көрдіңіз бе?

– Спорт ұтыстар мен ұтылыстардан тұрады ғой. «Кейде өсесің, кейде өшесің» дегендей, өмірдің өзі де солай. Әлем аренасында өзінің мықтылығын дәлелдеп жүрген әйгілі Майк Тайсон да бірнеше мәрте жеңіліс тапты. Сол сияқты көк туымызды желбіретіп жүрген Геннадий Головкин бауырымыз да жеңіліске ұшырады. Спортта кез келген адам қарсыласын «жеңемін» деп барады, «жеңілемін» деп бармайды. Сол сияқты менің де жеңілген кездерім болды, жеңістерім де аз емес. 2012 жылы Иранда болған жарыс ерекше есімде қалды. Онда әзірбайжандық алыппен күш сынастық. Сонда оң қолмен жеңіліп, сол қолмен жеңіп, І орынға ие болғанмын. Содан кейін онымен дос болып, кейіннен араласып тұрдық. Сол жарыста маған халықтың қошеметі күш берді. Жалпы, жүрегіме үңіліп қарасам, халық қолпаштаған кезде мен кез келген ісімді жақсы жүзеге асырамын. Егер халықтан қолдау болмаса, біртүрлі қорашсынып тұрамын. Бәлкім, өзім де жүрегімді сондайға үйретіп тастаған шығармын. Сондықтан бір-бірімізді қолдап, қолпаштап, абыройымызды асырып жүрсек, әр қазақтың баласы жеңістің туын жықпайды деп ойлаймын.

– Қарулы күштер қатарында қанша жыл еңбек еттіңіз? Қазір қандай қызметтесіз? Жалпы, көпшілік алдында қойылым, өнер көрсету, шоу жасау сіз үшін хобби ме? Әлде табыс көзі ме?

– 2018 жылы Қарулы күштеріндегі жұмысымды тоқтаттым. «Ерлік – елдіктің қасиеті, жүректілік – жігіттің қасиеті»  Бауыржан Момышұлы айтпақшы, ер жігіт қайда жүрсе де елін, жерін қорғауға дайын болады. Жүрегінің түгі бар патриот азамат мейлі ол шетелде жүрсе де, елі үшін ештеңеден аянбайды. Шетел демекші, Францияда болғанымызда Мұстафа Шоқай атамыздың басына барып, Құран бағыштап, оның өмірбаянына үңілдік. Сол кезде оның нағыз патриот болғанына тағы бір мәрте көз жеткіздік. Ол кісі Францияда, Германияда, Италияда жүрсе де, «елім, жерім, Отаным» деп өмір сүрген қайсар азамат болған ғой. Сол сияқты біздің ойымызда да, бойымызда да, ісімізде де сол әрекет бар. Қарулы күштердің сапында жүргенімде де осы спортты алып жүрдім. Онда да ойымда тек Отанымды, елімді, жерімді қорғау, өзімді тәрбиелеу болды. «Ұлтқа қызмет білімнен емес, мінезден» деп Әлихан Бөкейхан айтқандай, «қайтсек мықты боламыз, өзімізді жеңеміз, қайтсек өтірік айтпай, шыншыл болып таза жүреміз» деп мінезімізді тәрбиеледік. Соның арқасында мінезімізді қалыптастырып, ерте тұрып, жалқаулықты жеңіп, Құдайдың қалауымен біраз жетістікке де жеттік. Сортпен шыңдалып, біліммен нұрланған әр азамат міндетті түрде жетістікке жетеді деп сенемін. Менің өз басым саясатқа араласып я болмаса ғылым-білім саласында жүрмесем де, өзімізге қажетті ілімді бойымызға сіңірдік деп ойлаймын. Бірақ біздің білмейтін дүниелеріміз әлі де көп. Ал өнер көрсету туралы айтар болсақ, бұл – мен үшін тек хобби. Өзімнің айналысатын жұмысым бар. Реті болғанда көпшілікке белгілі Сергей Цырульников екеуміз халықтың алдына шығып, өнерімізді көрсетіп тұрамыз. Бірақ тойларға шығып, табыс табу ойымда жоқ. Дегенмен кейде батыр азаматтар шақырып тұрады. Мектептер мен университеттерге де барып тұрамын. Айта кетейін, былтыр жаз бойы Алматыдағы мемлекеттік циркте тұрақты түрде өнер көрсетіп, біраз еңбек еттім.

– Сіздің өнеріңізді бағалайтындар тарапынан қандай ерекше ұсыныстар түсті? Киноға, бейнебаянға, жарнамаға түсуге шақыртулар болды ма? Түстіңіз бе?

– Ибрагим Ескендір бауырымыз екеуміз «Менің Қазақстаным» деген патриоттық-рухты әннің бейнебаянына түстік. Ол телеарнадан талай мәрте көрсетілді. 2018 жылы Бақтияр Артаев екеуміз «Реалити-шоу Номад» деген киноға түстік. Онда шетелдерден мықты спортшы, актер, зиялы қауым өкілдері келді. Жалпы, ондай шақыртулар болып тұрады. Уақыттың ыңғайына қарай ондай шараларға барып, қатысып тұруға тырысамыз. Алдағы уақытта өзіміздің де бірқатар жобамыз бар. Жүзеге асырамыз деп үміттенеміз.

– Рекордтарыңыз жайлы айтыңызшы. Сіздің рекордтарыңызды қайталаған қазақстандықтар болды ма? Сергей екеуіңізден басқа осы саланың жілігін шағып, майын ішіп жүрген кімдер бар? Өкшелеріңізді басып келе жатқан қазақ бауырларыңыз туралы айта кетсеңіз.

– Мен әркез «Қазақтың әр жігіті – батыр» деп айтып жүремін. Кезіндегі Қажымұқан, Балуан Шолақ аталарымыз, одан бергі Бауыржан Момышұлы батырымыз бар, кейінгі Жақсылық Үшкемпіров, Дәулет Тұрлыханов ағаларымыз бар, олардың бәрі – қаһарлы, айбынды батырлар.

Осы тұлғаларды пір тұтып, оларды көбірек насихаттап, сол кісілердің ізімен жүрсек, әр қазақ баласы батыр боламыз. Ал біздің соңымыздан еріп келе жатқан небір батыр бауырларымыз көп. Олардың бірі тай көтерген, енді бірі өгізше көтерген видеосын жолдап жатады. Алайда кейбіріне жауап берсем, тағы біріне жауап беруге мүмкіндік болмай қалады. Жалындап өсіп келе жатқан інілерімізге уақыттың тығыздығына байланысты тиісті деңгейде көңіл бөле алмай жүрсем, кешірім өтінемін. Рекордтар туралы айтатын болсақ, әр жасағаным өзім үшін рекорд деп ойлаймын. Өйткені өз өміріме қауіп төнсе де, кейбір трюкті тәуекелге бел буып жасаймын. Рекордтар кітабына енбей қалғаны да қаншама. Өткен жылдың жазында Қажымұқан атамыздың 150 жылдық мерейтойында 400 келілік түйені көтеріп, 30 қадам жасап, рекорд жасадым. 30 қадамды Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арнадым. Әрине, денсаулыққа да зияны тиетін шығар. Бірақ қазақы намыс мені алға жетелейді. Ал жаттығуларды фитнес клубтарда емес, үйде және табиғат аясында жасаймын. Фитнес клубтарға тек тәжірибе алмасу үшін барамын. Алда әлі талай рекорд жасаймын деп ойлаймын. Соған дайындалып та жүрмін. Жалпы, әр жігіт рекордшы, мықты спортшы бола алады. Ол үшін мақсат қойып, соның жолында аянбай еңбек ету керек. Көп адамның ісінің алға баспайтынының бірден-бір себебі – жалқаулық. Содан соң спортпен айналыспағандықтан да, талай адам ауруға шалдығып жатады.

– Шетелдерде де өнер көрсетіп тұрасыз ба? Өзбекстанға барғаныңызда сізді «Әмір Темір» деп атаған екен. Сол сапарыңыз туралы айтып беріңізші.

– Мен бұрын «рекордшы боламын, шетелдерге шығамын, халықтың қошеметіне бөленемін» деп ойлаған жоқпын. Менің мақсатым – өз-өзімді жаттықтыру, мықтылыққа баулу болды. Ал алғашқы рет шетелге шығуым Тюмень қаласынан басталды. Онда барғанымда сол жердің қазақтары бізді құшақ жая қарсы алды. Жалпы, ер жігіт шетелге шыққанда ысылады екен. Оның үстіне, менің біраз мақтауымды асырып, «Қажымұқанның бүгінгі ізбасары» деп таныстырды. Сонда менде бір ғана ой болды, ол – қазақ жігіттерінің мықты екенін көрсету, дәлелдеу. Өзімді бәйге аттарша еркін ұстадым. Басымда қара тымақ, ыстықтағаныма қарамастан 40 минуттай бірнеше нөмірді қойып, өнерімді паш еттім. Трюктерім бұрынғыдан да жоғары деңгейде шықты. Одан кейін қол күреске қатысып, І орынды жеңіп алдым. Содан соң татарлар күресінде бағымды сынап, одан ІІ орынды еншіледім. Бірінші орын сол жердің қазағы, батыр бауырымызға бұйырды. Одан кейін Өзбекстанның Қоқан қаласына бардық. Сол жерде менің қылышымды көрген жұрт «бұл қай жақтан?» деп сұрапты. Тимур дегенге ұлтымды да білмесе керек. Сондағы бір үлкен кісі: «Ол Әмір Темірдің ұрпағы» деп таныстырған соң халық мені «Әмір Темір» деп атап кетті. Содан бірнеше күн ұйқымыз да шала болды. Шараны тамашалауға сол елдің президенті қатысады деген соң ертерек тамақтанбастан бардық. Бірақ онда ешкім сенің ұйқыңның қанбағанына, тамақтанбағаныңа қарамайды. Кезегім келгенде сахнаға шығып, 72 елден келген көрерменнің алдында өзімнің мықты деген нөмірлерімді қойдым. Өнер көрсетіп болған соң бірден кетіп қалсам, жүргізуші жігіт келіп, халықтың мені шақырып жатқанын айтты. Содан сахнаға қайта шықсам, көрермен қауым орнынан тұрып, менің өнеріме зор қошемет көрсетті. Қолыма көк туымыз ұсынылып, байрағымызды желбіреттім. Сол сәт ерекше есімде қалды. Спорттың арқасында талай жерге барып жүрміз. Одан кейін Франциядағы қазақ диаспорасы мен сол елдегі елшіліктің шақыртуымен Дәулеткерей Кәпұлы, Танакөз Толқынқызы сынды бір топ ақын, зиялы қауым өкілдерімен бірге екі аптаға Парижге бардық. Ондағы әр күніміз таңнан кешке дейін қызыққа толы болды. Жай қыдырып барған жоқпыз, деректі фильмге түстік. Көп жерін араладық. Мәнді де мағыналы сапар болды.

Ол жақтан кейін Германияның бірнеше қаласына сапар шегіп, қайтар жолда Варшаваға соқтық. Жуырда Түркия елінде де болдық. Өз еліміздің ішінде де талай жерді аралап жүрміз. Жалпы, инстаграмдағы желі қолданушыларын қайда барғанымыздан хабардар етіп отырамыз.

– Сіздің ойыңызша, адам батыр болып туа ма, әлде батырлық жүре қалыптаса ма, немесе қанмен дари ма? 

– Адамның бәрі бірдей болып туады деп ойлаймын. Құдай екі көз, қос құлақ, бас беріп, бәрін бірдей етіп жаратады ғой. Ал батырлық өсе келе өзін-өзі тәрбиелеу арқылы жүре қалыптасады деп түсінемін. «Ер жігіт жанын Аллаға тапсырады, жүрегін халқына береді, намысын ешкімге бермейді» дегендей, жігіттің бойында намыс болса, екі сөйлемесе, білімді, иманды болса, халқына қамқор болса, сол батырлық деп ойлаймын.

– Отансүйгіш, батыр болу үшін жастарға қандай кеңес бересіз? Оларды немен айналысуға шақырасыз? 

– Әрине, мықты жастарымыз аз емес. Бірақ өкінішке қарай қазіргі таңда бірдеңені қүтіп немесе әкімдікке, үкіметке үміт артып, уақытты құр босқа кетіріп жататындар бар. Содан соң олардың уақыты көбіне әлеуметтік желіде, телефонға телмірумен өтіп жатыр. Жоқтан өзге вайндарды қарайтындарға қарным ашады. Кейбіреудің не спортқа, не өнерге, не білімге құлқы жоқ, имандылыққа бет бұруға да асықпайды. Олай дұрыс емес. Сондықтан жастар жалқаулықтан, еріншектіктен ада болса екен деймін. Кітапты көбірек оқып, мидың жұмысын дамыту керек. Қазақ жастарын мықты, рухты, батыр болуға шақырамын. Ол үшін дұрыс тамақтанып, тынбай ізденіп, аянбай еңбектену қажет.

– Сіз уақытты өзіңіз қалай тиімді пайдаланасыз? 

– «Ерте тұрған ерлердің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» демекші, ерте тұрамын. Әрине, сағат 9-10-ға дейін ұйықтауға менің де желкемнен тартып тұрады. Бірақ мен соны жеңуге талпынамын. Уақытты барынша тиімді пайдалануға тырысамын. Балаларыма, іні-қарындастарыма қамқорлық көрсетуге уақыт бөлемін.

– Спорттан бөлек ақындық, әншілік өнеріңіз де бар екен…

– Иә, бала кезден өнерге де әуеспіз. Анам да, бауырларым да әнші. Әкеміз балуан. Батырлық пен ақындық қанымызда бар. Қарулы күштердің сапында жүргенде әскерилер арасында ән байқауларына қатысып, жүлделі болған кездерім де болды. Жақында Түркияға жасаған сапарымызда Серікбол Сайлаубек, Азамат деген бауырларымызбен бірге «Алаштың бағы» деген әнді орындадық. Оның әнін өзім жаздым.

– Отбасыңыз туралы аз-кем айтып өтсеңіз.

– Спортшылар отбасымыз. Жарым да спортшы. Ұлым 10 жаста, қызым 9 мамырда 8-ге толады. Балаларым да спортқа әуес.

– Айтпақшы сіз жуан шегелерден түрлі ою-өрнек жасайсыз. Соның ішінде өзіңіз сыйлайтын азаматтарға тарту етіп жататын, жиі жасайтын өрнек қандай мағынаны білдіреді?

– Екі жүздік екі шегені бір-біріне байлап жасайтын өрнек – отбасының береке-бірлігінің мықтылығын білдіретін тұмар. «Шеге тағаны ұстайды, таға тұяқты ұстайды, тұяқ атты ұстайды, ат ер тоқымды ұстайды, ер тоқым ер жігітті ұстайды, ал ер жігіт елді ұстайды!» дейді. Сондықтан қазақтың жігіттері шегедей мықты болайық!

– Әумин! Сұхбатыңызға рақмет! 

 

Соңғы жазбалар

«Қай жерде емес, қандай ақпарат айтқаның маңызды»: New York Film Academy құндылығы неде

0
НЬЮ-ЙОРК. KazUnite - «Qazaqstan» ұлттық телеарнасы «Таңшолпан» таңғы ақпаратты-сазды бағдарламасының және Ауа райы болжамының жүргізушісі, «Болашақ» Халықаралық стипендиясының иегері, New York Film Academy түлегі...

Моңғолиядағы Баян-Өлгий аймағының әкімі болып этникалық қазақ тағайындалды

0
БАЯН-ӨЛГИЙ. KazUnite - Моңғолия премьер-министрінің бұйрығымен Баян-Өлгий аймағының әкімі қызметіне Заңғар Есентайұлы тағайындалды. Бұл туралы Kaznews ақпарат агенттігі хабарлады. Аталған БАҚ-тың дерегіне сүйенсек, жаңадан сайланған Баян-Өлгий...

TPAМПлин бe, тықыp тaянy мa: Дoнaльд Tpaмптың билiккe кeлyi әлeмгe қaлaй әcep eтeдi

0
HЬЮ-ЙOPК. KazUnite - Қaй кeз бoлcын әлeмнiң нaзapынaн әcтe тыc қaлмaйтын Aмepикa Құpaмa Штaттapы биылғы қapaшa aйы бacтaлғaлы бepi тiптeн жaһaнның бacты жaңaлығынaн түcпeй...

Қазақстанда Мемлекеттік сатып алуда қандай өзгерістер болып жатыр

0
АСТАНА. KazUnite - Мемлекеттік сатып алу – жаңашылдықтарды, озық технологиялар мен отандық өндірісті ілгерілетуге ықпал ететін тиімді тетік. Осыған орай ҚР Қаржы министрлігі өңірлерде...

Орталық Азия мен Қытай мемлекеттік басқару саласындағы ынтымақтастығын нығайтуда

0
Бейжіңде Қытай және Орталық Азия елдері: Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстан және Тәжікстанның мемлекеттік басқару академиялары басшылары қатысуымен семинар өтті. Онда жиналғандар мемлекеттік басқару саласындағы...