СұхбатАра шаруашылығымен айналысу қаншалықты табысты – омарташы жауабы

Ара шаруашылығымен айналысу қаншалықты табысты – омарташы жауабы

 

KazUnite – Араларға қалай күтім жасау қажет? Аралар немен қоректенеді? Бұл шаруашылық қаншалықты табысты? Осы және басқа да сұрақтар жөнінде oмapтaшы Ғабит Нұрәділмен сұхбат құрдық.

Ғабит Нұрәділұлы 1966 жылы Алматы облысы Нарынқол ауданы Сүмбе ауылында дүниеге келген. Ол «Бал Ара» Қазақстан омарташылары Ұлттық одағының Вице-президенті. Омарташылықпен 2010 жылдан бері айналысып келеді. 2014-2015 жылдары Ресейдің Рязань облысы Рыбное қаласының Омарташылар академиясында білім алып, «омарташы-шебер» мамандығын бітірген. Бұл кәсіппен айналысуына нағашысы Болат аға себепкер болған. Нағашы ағасы ара өнімдері мен әртүрлі шөптен дәрі әзірлеп, ауыл халқына ем-дом жасаған. Жастайынан соны көріп өскен Ғабит Нұрәділұлы жазғы демалыстарында нағашысына көмектесіп, бұл кәсіпке деген қызығушылығы оянған.

Ғабит Нұрәділұлы, еліміздегі омарташылықтың тарихына тоқталып өтсеңіз…

Ең алғаш елімізге 1786 жылы Украинаның Киев қаласынан бал арасы әкелінді. Бұған себеп болған полковник әрі омарташы Н.А. Аршеневский 7 ай жүріп, қақаған қыстың суығында алып келген. Қазақстандағы омарташылықты кезең-кезеңге бөлуге болады. Шаруашылықтың ең алғашқы даму кезеңі Шығыс Қазақстан өңірі. Сол жақта ара шаруашылығы дамып, кейіннен республиканың барлық өңіріне тарайды. Елімізде Атырау мен Маңғыстау облысында бал ара үшін табиғи ресурстардың болмауынан (өсімдіктер, ағаштар), балға қорек болатын гүлдердің жоқтығынан омарта шаруашылығының дамымағанын айтуға болады.

Фото Ғабит Нұрәділұлының жеке мұрағатынан

Ұлы Отан соғысына дейін елімізде омарташылық өте жақсы дамыған. Cоғыстан кейін, әсіресе, республикамыздың шығыс өңірінде көптеген бал шаруашылығы ұжымшар (колхоз) мен кеңшарлар (совхоз) пайда болды. Атап айтқанда, Черемшанкада 10 мыңнан аса, Путинцевода 14 мыңнан аса, Коробихада 15 мың және Осиновкада 10 мың бал ара ұясы болған. Бұлардың бәрі – мамандандырылған ара шаруашылықтары.

– Бұл шаруашылық елімізде қалай дамып жатыр? Ал сіз бұл кәсіппен қашаннан бері айналысасыз?

Еліміздегі негізгі бал өндірушілер – Шығыс Қазақстан облысы. Мұнда 200 жылдай бұрын пайда болған ара шаруашылығы еліміздің оңтүстік-шығыс, оңтүстік және солтүстік аймақтарына таралды. Екінші орында Алматы, Түркістан, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облысы деп айтса болады. Ал Ақтөбе және Батыс Қазақстан облысында өте аз.

1991 жылы Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін нарықтық экономика жағдайында бал арасы шаруашылығының дамуы нашарлады. Шынтуайтында, елімізде ара шаруашылығымен негізінен орыс ұлтының өкілдері айналысқан. Алайда ХХ ғасырдың соңынан бастап қазақ халқы да ынта қойып айналысып келеді. Қазіргі таңда олардың саны артып, жақсы нәтижелерге қол жеткізіп жатыр. Айта кетер бір мәселе, ара шаруашылығы туралы көрнекі оқу құралдары мен әдеби кітаптар жоқтың қасы. Омарташылықтың қыр-сырын үйрететін әдеби кітаптар шығару қолға алынса деймін.

Бұрын бұл шаруашылықты қолдаған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Премьер-министрі С.А. Терещенко болатын. Ол сол кезде «омарташылықты қолға алып, дамытып, үлкен ұйым құрайық» деп ұсыныс жасаған. Содан  көптеген елге барып, омарташылықтың тәжірибесімен таныстық. Қай елде қалай дамып жатқанын да көргеннен кейін, 2010 жылы елімізде «Бал ара» Қазақстан омарташылар Ұлттық одағын құрып жұмыс істеп келеміз.

– Шаруашылығыңызда араның қандай түрлері бар?

Еліміздің географиялық жағдайына байланысты араның 3 түрі: Шығыс Қазақстан облысында ғана кездесетін ортаорыс (среднерусская порода), карпатка және карника тұқымы бар. Біз шаруашылығымызда карника тұқымымен айналысамыз. Себебі олар өте жақсы жұмыс істейді және қыстауы да тиімді. Ара ауруларына да төзімді әрі агрессивті емес.

– Аралар қалай және немен қоректенеді?

Олар өсімдіктермен, ағаштар гүлдеген кезде шырынынан шірнесін (нектар) алады және гүл тозаңын алып қоректенеді.

– Ара шаруашылығының қандай артықшылығы бар?

Омарташылықтың ерекшелігі басқа шаруашылық секілді ешқандай бақташы қажет емес. Олар өздері ұшып, өздері алып келеді және қыстық қорегін дайындайды. Мысалы, мал шаруашылығында қысқа жем-шөп дайындаса, ал мұнда ешқандай дайындықтың керегі жоқ. Артықшылығы – рентабельділігінде. Еліміздегі омарташылардың 95 пайызы арнайы көлігі бар көшпенді әдісті пайдаланады. Бұл өте тиімді. Ал әуесқой омарташылар саяжайында немесе тауда ара ұстайды, олардың жері де тұрақты. Онда бір ұядан 20-25 келі бал алса, көшпенді арашылар әр ұядан 95-110 келіге дейін өнім жинайды.

Фото Ғабит Нұрәділұлының жеке мұрағатынан

– Араларға қалай күтім жасау қажет?

Негізі аралар күздік балымен емес, маусым-шілде айында жинаған балымен қыстағаны дұрыс. Бұл оның қыстан шығуына, ішкі құрылысының назиматоз сияқты әртүрлі ауруларға төзімді болуы үшін қажет. Аралар өте жақсы әрі қуатты болу үшін ерте көктемде және кеш күзде оларға міндетті түрде профилактикалық ем шараларын жасаған жөн.

– Бал деп жатырсыз, олардың қандай түрі бар және қасиетіне тоқталып өтсеңіз…

Біз ара сүті мен балды ғана алмаймыз, ара желімін (прополис), гүлдің тозаңын және ара наны мен балдың сусыны секілді барлығы 15 түр бал өнімін аламыз.

– Бал өнімі мен ара сүтіне сұраныс қай кезде көп?

Пандемия кезінде ара шаруашылығының жағдайы өте қиын кезеңде болды. Тіпті, олар көше алмады. Алайда артықшылығы ара өнімдеріне сол кезде адамдар көңіл бөлгендіктен, оған сұраныс артты.

– Бұл шаруашылықтың негізгі өнімі – балды қалай өткізесіздер және қандай сату жолдарын қолданасыз?

Көбінесе бал өнімдері жәрмеңкелер, жыл сайынғы байқаулар арқылы ішкі нарыққа сатылады. Сондай-ақ Еуропада да байқаулар өтеді. Ал аз мөлшерде Сауд Арабиясы, БАӘ, Өзбекстан және Қытай Халық Республикасына экспортталады.

– Сығылып алынған балдан кейінгі нәрсе кәдеге жаратыла ма?

Иә, әрине. Ол нәрсе денсаулыққа өте пайдалы. Асқазан ауруларына, әсіресе, асқазан ойық жаралары мен парадонтозға, тістің құрттамауы үшін өте жақсы әсері бар.

– Кəсіпкерлерді қолдау ретінде мемлекеттен қандай да бір көмек алдыңыз ба?

Мемлекет тарапынан асыл тұқымды әр бал арасы үшін (ара отбасына) 5 мың теңге мөлшерінде селекциялық көмек көрсетіледі. Басқа ешқандай көмек жоқ.

Абай атамыздың «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» сөзін ұстанып, маңдай терімнің арқасында кәсібімді дөңгелетіп, ерінбей еңбек етіп келемін.

– Атакәсібіміз омарташылықты жандандыруға қызығушылық танытқан жандар бар ма, мамандар жеткілікті ме?

Әрине, жеткіліксіз. Бірақ соңғы уақытта жақсы үрдіс байқалып келеді. Еліміздің ауылшаруашылық колледждері мен университеттерінде ара шаруашылығына байланысты кафедралар ашылып жатыр. Сондай-ақ магистранттар мен докторанттарға зерттеу тақырыптары беріліп, мамандар даярлана бастады. Осындай бастамалар көңілге сәл де болса қуаныш сыйлайды…

– Бұл кәсіппен айналысатындарға қандай кеңес берер едіңіз?

Оларға бірден көп мөлшерде 100 немесе 200 ара отбасынан емес, алғашқы кезде 10 немесе 20 ара отбасынан бастау қажет дер едім. Сосын омарташыны ара шаққан кезде оның уынан түрлі аллергиялық реакциялар болуы мүмкін. Егер болса, бұл кәсіп омарташығы тиімсіз, айналыспаған жөн. Табысқа байланысты бұл кәсіппен айналысқан адам шығындарын 2 жылда толығымен қайтарып, пайдаға кенеле алады.

– Бұл шаруашылықта қандай мәселелер бар?

Шешімі табылуы тиіс жұмыстар көп. Ең маңыздысы, өндірілген өнімді тұтынушыға жеткізу. Сондықтан омарташылардың басын біріктіретін бір құрылым ұйымдастырылса деген ұсынысым бар. Мұның шешіліп-шешілмеуі әзірге белгісіз. Екіншіден, ара өнімін қабылдайтын және оны өткізетін орынның болуы. Үшіншіден, бүгінде елімізде омарташылардың жұмысын ұйымдастыратын қаржылық және өндірістік базасы бар арашыларды құрал-жабдықтармен, дәрі-дәрмектер және селекциялық материалдармен қамтамасыз ететін ұйымның болмауы және халықаралық нарыққа шығудың қиындығы. Мысалы, ара өнімдері экспортталатын елдің талабына сай болуы қажет. Өнімімізді нарыққа ұсынуға қажеттілік туғандықтан, кооперативтер құру өте маңызды. Сол себептен бал өнімдерін дайындайтын және оларды ішкі және сыртқы нарыққа шығаратын ұйымдар қажет. Төртіншіден, жаңадан бастаған омарташылардың біліктілігін арттыруға арналған курстар мен тағылымдамадан өткізетін орындар даярлау қажет.

– Қай елдің ара шаруашылығы дамуының тәжірибесін ұсынар едіңіз?

Иә, ол өте маңызды. Мысалы, АҚШ, Норвегия елдерінің тәжірибесі қызықты. Бұл мемлекеттерде омарташылардың мамандандырылған кооперативтері құрылған. Өнімдерін арашылар өндіріп, кооперативке өткізеді. Ал олар әдемі безендіріп дүкендерге таратады, делдалдарды сақтандырады. Балды ыдысқа құю өнімділігі аса жоғары және қымбат тұрады. Бұл кооперативтер әуесқой омарташылардың да өнімдерін қабылдайды. Тіпті, шағын арашылар ұжымында көптеген мамандық иелері қамтылған. Тұрақты түрде жұмыс істейтін Франция, Норвегия, Австралия елінде ірі отбасылық ара фермаларымен қоса отбасылық кооперативтер де көп. Шетелде омарташылардың ең негізгі пайдасы бал өнімдерін шығарып, оны тұтынушыға жеткізу. Негізгі пайдасы шығарған өнімін арттыру бойынша тозаңдандыра алуы.

– Ғабит мырза, алда қандай жоспарыңыз бар?

Біз «Апимондия» Дүниежүзілік ара қауымдастықтары Федерациясының мүшесіміз. Осы қауымдастық аясында қазір министрлікке ұсыныстар әзірлеп жатырмыз. Еуропаға экспорт жасау, содан кейін алқаптарды өңдеген кезде жоғарғы сұрыпты пестицидтерді пайдаланбау қажет. Өйткені соның салдарынан аралар қырылып жатыр. Жер шарында өсімдіктердің 4/5 бөлігі тозаңдандырылмаса, құрып кетуі мүмкін. Араларды тозаңдандыруға пайдалану жеміс-жидектердің, көкөніс пен мал азығы техникалық дақылдардың өнімін 50 пайызға арттырады. Мемлекет тарапынан осы тозаңдандыруға субсидия бөлінсе, омарташылықтың ауылшаруашылық агротехникасындағы маңызы едәуір артатын еді. Болашақта мұндай тозаңдандырылған дақылдар тікелей ара шаруашылығының дамуына тәуелді болуы мүмкін. Сондықтан қоршаған ортаны радионуклидтерден, ауыр металдан, тұздар мен пестицидтерден ластануды бақылауда және биологиялық тепе-теңдікті сақтауда араның маңызы өте зор. Жоспар көп, осы секілді көптеген жұмысты бірігіп іске асыруымыз қажет.

– Әңгімеңізге рақмет! Игі істеріңізге толағай табыс тілеймін!

P/S: ауыл шаруашылық, кәсіпкерлік саласында қажырлы еңбектің арқасында жетістікке жеткен және қарапайым еңбек адамдарын дәріптеу тұрғысында
«Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ «Кәсіби шеберлерді таны» жобасын қолға алды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Еңбекқорлық біздің негізгі құндылығымыз  болуы қажет. Оны ұлт сипатын айқындайтын асыл қасиетке айналдыруға тиіспіз» деп адал еңбектің басты құндылық екеніне ерекше назар аударған болатын.

Сұхбаттасқан Сабина КӘКІМЖАН

 

Соңғы жазбалар

АҚШ Сенаты TikTok-қа тыйым салу немесе сату туралы заң жобасын мақұлдады

0
ВАШИНГТОН. KazUnite - АҚШ Сенаты TikTok әлеуметтік желісінің иесі қытайлық ByteDance концернін басқа иелік етушіге беруге міндеттейтін заң жобасын қабылдады. Заң жобасында Қытай тарапына...

Шольц Путинге Канттың сөздерін мысалға келтіруге тыйым салды

0
Берлинде неміс философы Иммануил Канттың 300 жылдығына орай мерейтойлық жылдың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл туралы Берлин-Бранденбург ғылым академиясы мәлім етті, деп хабарлайды KazUnite тілшісі. Іс-шара Пруссия...

Грекиялықтар елдің НАТО-дан шығуын талап етті

0
Грекия астанасы Афинада коммунистік партия мен халықаралық және бейбітшілік комитетінің мүшелері қатысқан салтанатты бейбітшілік шеруі өтті, деп хабарлайды KazUnite тілшісі  902.gr-ға сілтеме жасап. Агенттіктің хабарлауынша,...

«Таза Қазақстан»: Мақаншы ауданындағы Айдынды-Алакөл жағалауы тазартылды

0
KazUnite - Қазақстанда «Таза Қазақстан» ауқымды экологиялық акциясы жалғасып жатыр. Абай облысы Мақаншы ауданындағы Айдынды-Алакөл жағалауында жалпы аудандық сенбілік өтті. Акцияға ауданның 11 ауылдық округі мен...

В5+1 форумында Anelya Alimova мен Business Woman KZ келісімшартқа отырды

0
АЛМАТЫ. KazUnite - Алматыда АҚШ және Орталық Азия елдері – Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстан үкіметтері мен іскер топтары өкілдерінің қатысуымен «В5+1» форматындағы...