Сұхбат«Кейде сөзімізді ұмытып қаламыз»: Гүлмира Жакилина «Сержан братан» веб-сериалы туралы айтты

«Кейде сөзімізді ұмытып қаламыз»: Гүлмира Жакилина «Сержан братан» веб-сериалы туралы айтты

 

НҰР-СҰЛТАН. KazUnite – «Шабдалы 18», «Теңбіл доп», «Сержан братан», «Ауыл мұғалімі» сериалдарын көрдіңіз бе? Осы және басқа да фильмдерге түсіп, көрерменнің көзайымына айналған елімізге белгілі кино және театр актрисасы, елордадағы Ә.Мәмбетов атындағы комедия және драма театрының әртісі Гүлмира Жакилинамен сұхбат құрудың сәті түсті.

– Гүлмира Тілепалдықызы, соңғы жылдары көптеген сериалдарға түстіңіз. Сізді көпшілікке танытқан қай рөліңіз? Өзіңіз үшін қай образыңыз ыстық?

– Көкшетау қаласындағы Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық драма театрында 18 жыл еңбек еттім. Осы театрда жүргенімде Тұрсынбек Қабатов «Базар жоқ алаңы» деген жоба өткізіп жатқанын естідім. Театрдағы әріптестерім: «барып, өнеріңді көрсетсеңші, комедияға жақынсың ғой» деп қолпаштаған соң қатысып көрейін деп шештім. Содан ол жобадан 2-орын алдым. Іріктеуден өткен соң Тұрсынбек Қабатов мені өз театрына шақырды. Шақырту түскен соң отбасыммен елордаға көшіп келдік. Ол жерде біраз жұмыс істеп, кейін Ә.Мәмбетов атындағы комедия және драма театрына ауыстым. Бір күні Баян Мақсатқызының жобасы «Қазақ аруы» сериалына түсуге шақырту алдым. Онда барлығы нағыз кәсіби мамандар болды. Кім қалай сөйлейді, қалай жүреді, қалай қарайды, камерамен қалай жұмыс істейді – барлығынан сол жерде алғаш рет практикадан өттім. Сөйтіп-сөйтіп сериалдарға, киноларға шақырту ала бастадым. Арасында ситкомдарға түстім. «Асыл Арман», «Шабдалы 18», «Теңбіл доп», «Бір келіншек», «Ауыл мұғалімі» сынды сериалдардан рөл бұйырды. Актерлерді көпшілік әртүрлі рөлдері арқылы танып жатады. Өзіме әр кейіпкерім, образым ыстық.

Кинолардың барлығы дерлік Алматы қаласында түсірілетіндіктен, кейде уақыт сәйкес келмей қалатын да кездер болады. Дегенмен «Қалауын тапса, қар жанар» демекші, бәріне уақыт табуға тырысамыз.

– Көпшіліктің көңілінен шыққан «Сержан братан» веб-сериалы туралы айтып беріңізші. Бұл рөлге кастинг арқылы қабылдандыңыз ба? Түсірілім кезінде қандай киын әрі ерекше сәттер болды?

– «Сержан бартан» туралы айтар болсақ, оған дейін «Класстастар» атты толық метражды кинода эпизодта ойнағанмын. Режиссер сол жерде мені көріп, кейіннен кастингке шақырды. Кастинг-директор хабарласып, сериал туралы айтып, сынақ ретінде видео жіберуімді сұрады. Ол кезде мен Нұр-Сұлтан қаласында театрда спектакльге дайындалып жүрген едім. Соның көрсетілімін жібердім. Сол күні кешкісін қоңырау шалып, кейіпкерім Жанардың рөлін ұсынды. Қыс мезгілі болатын. Түсірілім Алматы қаласында өтеді. Спектакльге дайындалып жүрген мен «бұл қалай болар екен?» деп біраз ойландым. Дегенмен ретін тауып, рөлімді сомдап шықтым.

Ал ерекше сәттер мен қиындықтар туралы айтар болсақ, барлық сериалда, киноларда қиындық та, қызық та болады. «Сержан братанның» түсірілімі қыс мезгілінде болғандықтан, күн суық еді. Бір сахнаны қайта-қайта түсіретін кездер де болды. Кейде күліп қоямыз, кейде сөзімізді ұмытып қаламыз. Ол сәттердің барлығы қызықты сәттер ғой. Мұның барлығы – түсірлім процесі кезінде болатын жағдай. Әр премьера шыққан сайын қиын сәттер ұмытылып кетеді.

– Туған жеріңізге, балалық шағыңызға бір саяхат жасап көрсек. Қайда өстіңіз, қандай оқушы болдыңыз? Әртіс болу балалық шақтың арманы ма еді? Ең алғаш рет сахнаға неше жасыңызда шықтыңыз?

– Бұрынғы Семей облысы Ақсуат ауданы Ойшілік ауылында туып-өстім. Сол ауылдағы мектепте білім алдым. 2-3-сыныпта оқып жүргенімде мектепте спектакль қойылып, ең алғаш рет соған қатыстым. Сол кезден бастап мектепішілік іс-шаралар мен концерттерді ұйымдастырып жүрдім. Байқауларға, сахналық қойылымдарға қалмай қатысатынмын. Бала кезде сахнаға шығып, бір-екі ауыз сөз сөйлегеннің өзі қуаныш қой. Сахнадағы әр сәт ерекше болатын. Билеп шықсаң да, хормен тұрып ән айтсаң да, ата-ана үшін үлкен мәртебе ғой. Осы уақытқа дейін анам әрбір жетістігіме қуанып, тілеуімді тілеп отырады. Берілген рөлдерді сомдап немесе рөлді өзім ойдан шығарып жүрген кезде «актриса болсам» деген балалық арманым болды. Сол арман жетелеп Алматыға апарды.

1994 жылы мектеп бітірген соң Алматы қаласындағы Т.Жүргенов атындағы академияға оқуға түстім. Ол жерде ұстазымыз Нұрқанат Жақыпбайдан тәлім алдық. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғазиза Әбдінәбиева ұстазымыз болды. Сол кісілердің өнегесін көріп, төрт жыл бойы білім алдық. Сахнаның не екенін, қалай сөйлеу керек, сахнада өзін-өзі қалай ұстау керек – барлығын үйреніп шықтық. Ол бөлім «Драма және кино актрисасы» болатын. Қазақтың маңдайына біткен Қасым Жәкібаев, Әмина Өмірзақова сынды өнер майталмандарының еңбегі сіңген Ғ.Мүсірепов атындағы балалар және жасөспірімдер театарында Нұрқанат ағамыз «Жас Абай» қойылымын қойды. Сол қойылымда «массовкаға» шықтық. Музыкалық спектакльде барлығымыздың партияларымыз болды. Өз рөлдерімізді сомдап шықтық. Бұл 2 курс оқып жүрген кезіміз болатын. Осы қойылыммен біздің курс Жезқазған қаласына конкурсқа барып, 2-орынға ие болдық. Сол біздің алғаш рет үлкен сахнаға шығуымыз еді. Оқуымыз аяқталған соң тағайындау арқылы Көкшетау қаласындағы Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық драма театрына жұмысқа орналасып, сол жерде шыңдалдым деуге болады.

– Қандай арманыңыз бар? Мысалы, Голливуд немесе басқа да шетелдік киноларға түскіңіз келе ме?

– Адам болған соң арман көп қой, әрине. Голливудқа немесе басқа елге барып, киноға түсу – барлық актердың арманы. Басқа аудиториямен жұмыс істеп көргісі келеді. Шетелдің түсірілім алаңын, ондағы ойындарын көріп, тәжірбие жинаған жақсы ғой, әрине. Бірақ оның барлығы бір Алланың қолында.

– Алда қандай рөлді сомдағыңыз келеді?

– Оны нақты айта алмаймын әзірге. Режиссер қандай рөлді ұсынса, сондай бір рөл бұйырар. Бірақ сомдағым келетін образдарым да бар. Бірақ ол әзірге құпия боп қала тұрсын. Әр нәрсе сәтімен болар.

– Отбасыңыз туралы аз-кем айтып өтсеңіз.

– Көкшетауда қызмет еткен уақытта жұбайыммен таныстым. Ол да өнер адамы. Батыс өңірінің тумасы. Көкшетауға мен сияқты тағайындаумен барған. Екеуміз сол жақта отбасын құрып, шаңырақ көтердік. Аллаға шүкір екі қызымыз бар. Қазір студент.

– Сұхбатыңызға рақмет! 

Сұхбаттасқан Ақбота Құндақбай

 

Соңғы жазбалар

Астанада мәдениет саласындағы әйелдерді қолдау Орталығы ашылды

0
Rixos President Hotel қонақүйінде ART QALQA (AQ) мәдениет саласындағы әйелдерді қолдау орталығы тұсаукесері өтті. Орталықтың алғашқы іс-шарасы - суретші Әсемгүл Жанахметованың «Әлем – әйел...

Нью-Йорк сән апталығында қазақтың үш қызы халықаралық коммерциялық емес ұйым ашты

0
KazUnite - Нью-Йорк сән апталығы аясында фэшн және сұлулық индустриясында тарихи оқиға болды, яғни International Beauty Fashion Association (IBFA) ұйымының ресми ашылу салтанаты өтті. Бұл...

Елеусін Бұйрин – Қазақ баспасөзінің алғашқы қарлығашы

0
Елеусін Бұйрин – қазақ халқының тарихында ерекше орын алатын тұлға, алғашқы ұлттық газеттің редакторы әрі ағартушы. Елеусін Бұйрин қай жылы және қай жерде дүниеге келген? 1874...

«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша қазақстандық балаларға 888 млн доллар аударылды

0
KazUnite - Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың қыркүйегінде «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауы аясында «Ұлттық қор – балаларға»...

Табысқа жетуге құштарлық: Мотивациясы жоғары адам үшін мүмкіндік те жоғары

0
Арманы мен мақсатына жетуге деген мотивациясы жоғары адамның айналасынан сол мақсатқа жеткізетін мүмкіндіктерді пайдалана білу қабілеті де жоғары. KazUnite компаниясы жүргізген әлемеуттік зерттеу нәтижесі...