KazUnite – Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданында «Алтайдай жер қайда?!» халықаралық ақындар айтысы өтетіні белгілі болғаннан бері ұйымдастырушылардың да, айтысқа қатысатын ақындардың да көңілі асқақтап қалды. Айтыс қазақтың төл өнері, көне өнері болғандықтан, дүйім жұрттың да жақсыны көрмекке асығары сөзсіз. Бұл айтыс басқа айтыстан өзгерек – ұдайы бола бермейтін халықаралық деңгейде өткелі жатқан сөз өнері сайысына еліміздің ақындарымен қатар Өзбекстан, Қырғызстан және Моңғолия елдерінің бетке ұстар ақындары қатысып, бой көрсетеді.
Қазақ елінен бірқатар от ауызды, орақ тілді ақындарымыз да қатысқалы отырғаны мәлім. Соның ішінде топ жарып, түрлі деңгейдегі айтыс ареналарында ақындығымен жарқ етіп, бас жүлделерді жеңіп алып жүрген айтыскер Мұхтар Ниязовты сұхбатқа тарттық.
– Мұхтар, атыңыз алты Алашқа мәлім азулы айтыскер екеніңізді білеміз. Сіздің өнеріңізге халқыңыз тәнті. Талай тақырыптағы айтыста келелі мәселелерге ұтқыр жауап тауып, тыңдармандарыңызды тамсандырып жүрген жайыңыз бар. Жалпы, айтыста бір тақырыпты қозғаған жөн бе? Әлде асыл сөзге ерік берген жөн бе?
– Айтыста бір тақырыпты тұрақты қаузай берген жөн болмас. Айтыс синкреттік жанрдағы өнер болғандықтан әрі тыңдарман халықтың көңіл-күйіне тікелей оң әсер ететін өнер болғандықтан, арнайы бір тақырыпқа қазық қақты, арқандап байлағандай етіп, берілген бір тақырыптың айналасында ғана сөз жарыстырар болсақ, ол айтыстың жасандылығына алып келеді. Айтыста көмейден шығар сөзді өз кеңістігінде еркіндігіне жіберу қажет-ақ. Дей тұрғанымен ақындарға осы тақырыпты қозғау басты нысан деп айтудың ешқандай әбестігі жоқ. Жалпы қазақ айтысының тарихына қарасаңыз, қашанда бір арнайы тақырыбы болған. Тәуелсіздік жылдарынан бері ұйымдастырылған айтыстар ауқымды тақырыптардың аясында өткізіліп келеді. Тақырып берген соң соның кеңінен ашылуына мән беру керек, ол толық ашылмайынша айтыстың деңгейі көтерілмейді. Бірақ тақырыпты ашу керек екен деп, өлең қылып жаттап алып, оны орындаушы деңгейінде ғана жеткізетін болсақ, оның да еш мәні болмайды.
Катонқарағайда өтетін айтыстың да миссиясы зор деп ойлаймын. Бұл жерде көптеген ауқымды мәселелер көтерілетіні бесенеден белгілі. Алты Алашқа сауын айтқан сол өңірдің азаматтары туған жеріне қатысты бүгіні мен болашағына сеп болатын тағдырлы шешімдерді қабылдауға ақындардың бір-екі ауыз сөзі түрткі бола ма деген ниетін білдіріп жатқандай. Біз де құптарлық іс-шараға тығыз жұмысымызға қарамастан, атсалысуға бекініп отырмыз.
– Қазіргі уақытта айтыс өнері қаншалықты дәріптеліп жүр?
– Айтыс деген қашанда көшпенділер дәуірінен бері отырықшы елге айналсақ та, өзінің сұранысын жоғалтпаған өнердің түрі ғой. Әлсіреген я болмаса өрлеген тұстары болған да шығар. Бірақ бір нәрсе ақиқат – бұл өнер қазақ халқының генофонында бар. Ат сүрініп болғанша ақыл табатын, көкжиегі кең, үлкен таныммен, зор парасатпен ұштасып жатқан және оны табан астында айта білетін халықтың биік шоғыры осы айтыстың ішінде тұр. Дамыған заман, жан-жақты жетіліп келе жатқан дәуір шапшаң ойлап, шапшаң сөйлеп, шапшаң әрекетке көшуге икемдеп жатыр. Айтыста да тапқырылықты туралау міндеті артып келеді. Мен айтыскерлік қабілет әр қазақтың бойында бар десем, жаңылмайтындаймын. Тез шешім қабылдау қасиетін дамыту бір жағынан логиканы, бір жағынан сөзді бетінен қалқып емес, тереңінен қиыстыруға машықтандырады дегім келеді. Ұлы Абайдың «көзінен басқа ойы жоқ» деген ғибратты сөзіне үңілсем, шынында да айтыс көргенін ғана сөз қылатын емес, жалпы ұрпақты жақсылыққа тәрбиелейтін өнердің түрі шынтуайтында. Сондықтан осы өнерді жойып алсақ, біз көптеген тарихи құндылықтарды жойып алуымыз мүмкін. Айтыс ескірмейтін мәдени мұра, халық өзінің жаны қалаған өнерді жадынан ешқашан жоймайды, ұмыттырмайды. Айтыстың қарыштауына, салмақтануына зор үлесін қосып жүрген Жүрсін ағамыздың еңбегі зор. Оған халық куә.
– Аға буынның ізін басқан жастардың арасында ақындығы елең еткізіп жүрген жастар бар ма?
– Сабақтастығы нығайған аға буын мен жас буындағы өнері өрістеген ақындар баршылық. Тәжірибесі аз жас ақындарға көңіл толмайды деуге болмас, кәдімгі сөз сұрап тұрған жастар бар. Айтқан сөзі атқан оқтай болып тұрған бірнеше жастар біздің назарымызда. Келе-келе олардың топшысы бекіп, айтыстың айдынына бұлақ болып құйылары анық. Дегенмен «жасыған шегені жаңа шеге айдап шығады» дегендей, келе жатқан толқын бұрынғы толқыннан әлде қайда қуатты болуы керек. Қадір Мырза Әли: «Балам озық өлең бол, Қыз көзіндей терең бол. Өз әкеңнен биік бол, Өз балаңнан төмен бол», – дейді ғой. Мен осы өлең жолдарын жас ақындарға қаратып айтар едім.
– Айтысты тамашалайтын көрерменнің қарасы азайып бара жатқан жоқ па?
– Айтысты тыңдайтын көрермен азайып бара жатыр деуге келмес. Дұрыс ақпарат тараса, заманға сай маркетинг жасалса, телевизия, радиода таратылса, инновациялық технологиялар арқылы айтысты дәріптесе, халықтың сана-сезімінде қаттала береді. Қара домбыраны алып ап, ескі шапанды киіп ап, баяғы ғасырлардағы кейіпке кіріп сөйлейтін болсақ, әлбетте оның қызығы азаяды. Айтысты ұйымдастырушылардың – халық пен айтыскерлердің арасында көпір салушылардың еңбегіне байланысты бәрі.
– Халықаралық айтыстың ерекшелігі неде? Оны халықаралық деңгейде өткізу қиындық туғызбай ма?
– Қазақ пен қырғызда айтыс өнері өте жақсы сақталған. Қытай, Моңғолия мен Өзбекстандағы қандастарымыздың бойында тұнық тілімен, дәстүрімен, сол саф қалпында сақталған қаншама өнердің түрлері бар. Халықаралық дегенде басқа ұлт өкілдері келіп айтыса қоюы екіталай, негізі түрлі мемлекеттерде тағдырдың айдауымен кезінде елден жырақ кеткен өзіміздің қазақ бауырлардың өнер көрсетуі ғой. Бұл да сол тұрып жатқан елдің менталитетін, салт-дәстүрлерін, сана-сезімін өлеңге орап, халықтың жүрегіне ұялатқанымен ерекше. Ұдайы болмаса да халықаралық айтыстың өтіп тұрғаны жақсы.
– Мұхтар, сұхбатыңызға рақмет. Сізге суырып салма өнердің шыңына шыға беруіңізге тілекшіміз!
Сұхбаттасқан Назерке Өрқара