СұхбатҚазір ұзақ отырып, асықпай шай ішу деген жоқ – АҚШ-тағы қазақ жанұясы

Қазір ұзақ отырып, асықпай шай ішу деген жоқ – АҚШ-тағы қазақ жанұясы

 

НЬЮ-ЙОРК. KazUnite – Қазақ қоғамында 30-дан асқандардың көпшілігі өздерін білім алудан, жаңашылдыққа ұмтылудан шектеп жататын. Әсіресе, бір-екі бала сүйген қазақ әйелдерінің көбі «маған оқу қайда?» деп, оқу мен даму жөніндегі арманынан қол үзе кетуге дайын тұратын еді. Алайда соңғы жылдары сең бұзылған сияқты. Жасы 50-ден асқанда білім қуып жүргендер де, балаларын жетектеп, еліміз түгілі шетелде білім алып, даму жолында жүрген көпбалалы аналар да бар.  Солардың бірі – 4 баланың анасы, бүгінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша Нью-Йорк университетінде оқып жүрген  Әйгерім Әзімхан.

– Әйгерім, қазақ қоғамында, шыны керек, көп адам қазірге дейін жасы 30-дан асса, «болды, осымен біттім» деп ойлайды. Балалары болса, «баламды жеткізсем болды» деп отырады. Ал сенің төрт баламен жүріп, «Болашақпен» шетелде оқуыңа не мотивация болды? Қалай шешім қабылдадың? Қорыққан жоқсың ба?

– Иә, рас айтасыз. Әсіресе, қыз-келіншектерге қиын, балалы болған соң қолың байланып қалады, өзіңе сенімсіздігің артады. Шетелде тұруды, білім алуды бұрыннан армандайтынмын. Төртінші балама аяғым ауыр кезде Кэмбриджен достарымыз оқып келіп, сол жақтың мәдениетін, өмірін, білімін әңгіме қылды. Әрине, қатты қызықтым, бірақ сіз айтып отырғандай, «қайдағы шетел, жақында босанамын, төрт баламен қайдағы оқу?» деп өзіме блок қойдым. Бірақ құрбым өзі сондай позитивті адам, маған: «бағыңды сынап көр, ешкім басыңды кесіп алмайды, тек өзіңе емес балаларыңа да инвестиция жасайсың» деп оталдырып қойды. «Неге оқымасқа, оқып жатқандардан қай жерім кем?» деп ойладым. Отағасы да бұл идеяны мақұлдады. Ағылшын тілін мектепте, колледже оқыдым ғой. Содан кейін мүлдем ағылшын тілінде практика болмаған. Кішкентайыма алты ай болғанда IELTS емтиханына дайындықты бастадым. Әрине, қиын, уақыт тапшы болды. Бірақ «амалын тапсаң, қар жанар» демекші, әйтеуір уақыт тауып, дайындық жасап жүрдім. Отағасының көмегі орасан зор болды. Емтиханнан жақсы нәтиже алып, «Болашаққа» тапсырып, стипендиат атандым. Қорқыныш, әрине, болды. Төрт баламен мұхит асып кету оңай емес. «Ауырып қалса қайтем, мектеп, балабақша мәселесі қалай болады, қалай тамақ тауып жейміз, не бауыр, не туыс жоқ, бірдеңе боп қалса, жақын жер емес» деген сияқты сұрақтар миымда айналып жүретін. Үлкен қызым қазір 10 жаста, ұлдарым 9 және 7 жаста, ең кенжеміз 3 жаста. «Қиналасың, балалардың ең болмаса екеуін елге тастап кет» деп ақыл айтқандар болды. Бірақ отағасы екеуіміз тәуекелге бел буып, бәріміз бірге келдік.

– Мен жақында тайм-менежмент жайлы қызық ақпарат іздеп отырып, екі баласы бар бір ер азаматтың «балаларың болғанда тайм-менежмент жасау қиын. Үйге келгенде оларға көңіл аудару керек, олар саған еркелеп, жұмысқа кетерде жылайды» деп, қиындатып отырғанын көрген едім. Сонда сен есіме түстің. Сен үй шаруасы, бала тәрбиесінің басым бөлігі мойныңа артылған әйелсің ғой. Әлі кішкентай-кішкентай төрт балаң бар. Оқуға қалай үлгеріп жүрсің?

– Шыны керек, менде оқу басталғанда үрей болды. Тапсырма өте көп, бәрі ағылшынша, одан бөлек балалардың сабағы, үй шаруасы бар дегендей. Жылап, «неге келдік?» деген кездерім де болды. Бірақ тірлігіңнің бәрін жоспарлап, сол жоспардан ауытқымай жасасаң, үлгересің. Отағасы екеуіміз міндеттерді бөліп аламыз. Тамақ пісірсем, бірден екі түрлісін дайындап қоямын, үйді жинасақ бірге жинаймыз дегендей. Сәл кеш жатып, ертерек тұрасың.

– Нақты мысалмен айтып берші, «Болашақпен» оқуға түсіп, Америкаға келген соң сенің күнделікті тіршілігіңде не өзгерді? Бұрын жасайтын қандай  іс-әрекеттерден (activities) тыйылдың? Нені тоқтатуға, нені үйреніп, бастауға тура келді? Мысалы қыдыруды, дүкен аралауды, үйде торт пісіруді тоқтату секілді. Орнына не үйрендің тірлікті жеңілдету үшін?

– Теледидарды мүлде қарамаймын, әлеуметтік желіде көп отырмаймын, тіркелушілерімді үш есеге азайттым. Бұрынғыдай ұзақ отырып шай ішпейміз, елде болғанда құрбыларыммен көп бас қосып, отырыстарға баратын едік. Қазір ондай жоқ. Кітапханаға көп баратын болдым, сабағымды сол жақта қарасам, қонымдырақ болады. Метрода, автобуста уақытты бекер өткізбей, сонда да сабақ оқимын. Киімдерді және үйге керек заттарды, кеңсе тауарларын дүкен араламай, интернет арқылы тапсырыс беремін. Үйде артық зат ұстамаймыз.

– Жалғыз жүріп оқу мен баламен жүріп оқығанның не айрымашылығы бар, сеніңше? Қайсысы жемісті болады? Және баламен жүріп оқығанда білімді толық сіңіру үшін қандай қабілет керек? Не істеу керек?

– Әрине айырмашылық көп. Жалғыз оқығанда университеттің көптеген іс-шараларына қатыса аласың, қалаған уақытыңда кітапханаға барып, оқу кестесін өзіңе ыңғайлы етіп құрастырасың, бірге оқитын достарыңмен қыдырып, бас қоса аласың, қосымша жұмыс істеуге мүмкіндік болады.  Оқудың қаншалықты жемісті болуы өзіңе байланысты деп ойлаймын. Жалғыз жүріп те қиналып, үлгере алмай, әрең дегенде В, С алып жүрген басқа елден келген студенттерді де көрдім. Баламен жүріп оқығанда білімді толық сіңіру үшін күйзеліске төзімділік, тайм менеджмент, сабырлылық керек шығар. Барлық нәрсені дер кезінде, кейінге қалдырмай, тұрақты түрде орындасаң, бәріне үлгересің. Қазақ «жүгі жеңіл есек жатаған болады» деп дөп айтқан ғой. Шаруаң көп болса, үлгеруден басқа амал жоқ.

– Шетелдіктер, ер азаматтардың өзі бір-екі баламен жүріп жетістікке ұмтылу оңай емесін айтады ғой. Сеніңше, біздің қазақ әйелдері 4-5 баламен жүріп оқығанда, жетістікке ұмтылғанда қайдан күш алады?

– Жалпылама емес, жеке өз басым туралы айтайын. Маған күш жігерді отағасы береді. Сәл салым суға кетіп бастаса, маған демеу беріп, қолдап, көмектесіп тұрады. Кейде жанашырлық танытып, кейде әдейі намысыма тиіп дегендей. Одан бөлек оқымасаң, шәкіртақыңнан айырыласың, ол да – бір мотивация. Керісінше, жалғыз жүріп оқысам, көңілім құлазып, жүрегім аурып, сағыныштан сарғайып, оқи алмайтын ба едім?

Ақыры әлемдік топ жоғары оқу орнында оқып жүрген соң максималды түрде білім алғым келеді. Менің оқып жатқан мамандығым маркетинг – өте қызық, нағыз сұранысқа ие, заманауи мамандықтардың бірі.

Байқағаным бұл жақтың адамдары расында да нәзіктеу. Себебі кішкентайынан өбектеп, әбден баланың көңіліне қарап, жағдайын жасап, тірлікке көп араластырмай өсіреді. Ал бізде қалай? Жеке өз басым 10 жасымнан бала қарап, үйдің тірлігіне әбден араласып, мектепте, кейін оқу орнында белсенді болдым. Ұрыс та естідік, таяқ та жедік. Күйзеліске төзімді болдық. Бір мысал айтайын. Өткенде сабаққа бара жатсам, мектептен хабарласып, «Абылай (үшінші балам, 7 жаста) құлап қалды, қазір медпунктте, келіп, алып кетіңіздер» деді. Өзім бара алмайтындығымды, біраздан кейін әкесі алып кететінін айттым. Кешірек үйге келген соң Абылайдан не болғанын сұрасам, ойнап жүріп тізесімен құлап қалған, оны мұғалім көріп, мектеп дәрігеріне апарған. «Аяғың ауырды ма?» десем, «жоқ» дейді. Балаға шамадан тыс қамқорлық көрсетіп өсірген соң, кейін үлкен болғанда шыдай алмайтындығы содан шығар деп ойлаймын. Әрине, бұл балаға тым көңіл бөлмеу керек деген сөз емес, тек шектен шықпай, балансты ұстау керек.

– Сонымен, тұрмыс құрып, бала тапқан соң, «оқысам, шет елге шығып көрсем, өзімді дамытсам, жетістікке жетсем» деген арманы кеудесінде  тұншығып жатқан әйелдерге не айтасың?

– Ең алдымен сенімсіздік пен қорқынышты жеңу керек. «Менің қолымнан келмейді» деген блокты алып тастау керек. Қазір дамыған заман, ақпарат көп, ағылшын тілін меңгеру жолдары да көп. Оқып жатқан студенттерден сұрасаңыздар болады. «Болашақ» бағдарламасы арқылы, не жай өз бетіңізше тіл курсына түсіп, не басқа да ЖОО грантын жеңіп алып, шетелге шығуға болады. Адамның жасағанын адам жасайды. Мен төрт баламен оқып үлгеріп жүрсем, демек сіздің де қолыңыздан келеді.

Қазір балаларым америкалық мектеп пен балабақшаға барып жүр. Осы тектес мектептер елімізде де бар ғой, бірақ ақысы ең кемі 2 млн теңгеден басталады. Ал біздікілер тегін барып жүр. Тағы қайталап айтамын, білім алу қашан да кеш емес, «менің қолымнан келмейді» деп ойламаңыз. Егер осы сұхбатты оқығаннан кейін мотивация алып, «оқимын» деп бел бусаңыз, ертең емес, бүгіннен бастап тұрақты, жүйелі түрде дайындық жасаңыз. Сонда келер жылы немесе одан кейінгі жылы сіз де мен сияқты сұхбат беріп отырасыз. Жетістік  1%  ақыл мен 99% еңбекқорлықтан тұрады.

Зейінің ашылсын. Сұхбатыңа рақмет!

 

Соңғы жазбалар

ОРЫС ӘСКЕРІ НЕГЕ ӘЛСІЗ?

0
KazUnite / Нұржан Байтас - Ресейде мобилизация басталғалы ірі қалаларындағы жөнін тапқан ер азаматтары елінен кетіп жатыр. Ресейден ебін тауып кетіп қалуға бет алған...

Қазақтарға ғана құшағын ашқан америкалық бала

0
НЬЮ-ЙОРК. KazUnite - Лас-Вегас әуежайында Димаш Құдайбергенмен кездескен америкалық жанкүйерлердің арасындағы қазақ әншісінің мейіріміне бөленген Габриел есімді ұл баланы қазақтармен нендей тылсым байланыстыруы мүмкін? Бұған...

Лас-Вегастағы кездесу: 9 жасында Димаштың әндерін тыңдап, тілі шыққан Габриел

0
ЛАС-ВЕГАС. KazUnite - Төрткүл дүние көз тіккен кәсіпқой боксшылар Геннадий Головкин мен Сауль Альварестің теңдесіз трилогиясында Қазақстанның Әнұранын шырқауға арнайы барған қазақ әншісі Димаш...

Ашық аспан астында: Қызылорданың мерейтойы этно бағытта өтті

0
ҚЫЗЫЛОРДА. KazUnite - Ұлыстың бекемдігі үшін қазақ баласын жастайынан мергендікке баулыған. Жебесі үш жүз құлаштан асып нысанаға тиген батырлар жайлы тарихымызда талай дерек бар. Тіпті...

Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Нью-Йоркке келді

0
НЬЮ-ЙОРК. KazUnite - ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 77-сессиясына қатысу үшін Нью-Йоркке жұмыс сапарымен келді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті. Мемлекет...