СұхбатОгайо штатының қазақтары елдегідей той жасап, соғым сояды – Ертөре Оразай

Огайо штатының қазақтары елдегідей той жасап, соғым сояды – Ертөре Оразай

 

KazUnite – АҚШ-та жыл сайын соғым сойып, қазақтың ұлттық мерекелері мен тұсау кесер, сүндет той, мерейтой сияқты отбасылық шараларды ұлттық нақышта дәстүрлі түрде атап өтетін, салтты сақтаған қазақтар қоныстанған штат бар. Ол – Огайо штаты. Бұл ретте Огайода тұратын қазақ азаматы, «ADL 100 Inc» компаниясының негізін қалаушы Ертөре Оразаймен сұхбат құрдық.

– Ертөре мырза, АҚШ-та тұрып жатқаныңызға неше жыл болды?

– АҚШ-қа алғаш рет 2003 жылы келгенмін. Оқуымды жалғастыру үшін АҚШ Мемлекеттік Департаменті қаржыландыратын Эдмунд Маски стипендиясының иегері ретінде келіп, Халықаралық қатынастар магистрі болдым. Техас штатында, Американың 41-президенті Джордж Буштың Мемлекеттік Басқару Мектебінде білім алдым. Екі жылдан кейін оқуымды тәмамдап, елге қайтып оралдым. Содан отбасын құрып, араға 13 жыл салып, жарыммен бірге АҚШ-қа қайта келдік.

Жарым білімін жалғастырғысы келіп, осында колледжде оқыды. Кейін кәсіпкерлік жолына түсіп, көлік-логистика саласында өз компаниямызды аштық.

– Қазіргі уақытта Огайода қанша қазақ тұрады?

– Бұл сұраққа нақты жауап беру қиындау. Мұндағы қазақтардың нақты санын білу мүмкін де емес шығар. Себебі ішкі миграция бар, осында көшіп келіп жатқандар да, Огайодан басқа штатқа қоныс аударып жатқандар да қаншама. Тек әлеуметтік желілердегі чат-топтарға қарап, болжам жасауға болады. Мысалы, Огайодағы қазақстандықтардың WhatsApp тобында 130 адам бар. Олардың отбасы мүшелерін қосқанда дәл қазіргі уақытта кемінде 200-300 қазақ Огайо штатын мекен етіп жатыр.

– Бір елден екінші елге көшкенде көбі өмірін жаңадан бастағандай болады. Елдегі бұрынғы қызметі, абыройы, атағы мен мәнсабы ол жақта маңызды болмайды. Бәрін басынан бастау керек деп жатады. Сонда АҚШ-қа барғанда аяқтан тұрып, ел қатарлы өмір сүріп кету үшін не маңызды?

– Расында да мұнда келген азаматтардың бұрынғы атақ-абыройы, мәнсабы – бәрі сол жақта қалғандай болады. Бұл жаққа келгеннен соң барлығын жаңадан бастауға тура келеді. Ненің маңыздылығына тоқталсақ, барлық елдегідей ең әуелі, әрине, біліктілік маңызды. Содан кейін ағылшын тілін білу қажеттілік. Бұл жақта ұлтына, нәсіліне, дініне қарай кемсітушілік мүлде жоқ. Адамның қолынан не келеді, неге бейім? Соған да байланысты. Егер белгілі бір кәсіптің шебері болса, қолынан іс келсе, жұмысын жан-жақты дамытып, ісін ілгерілетуіне мүмкіндік мол. Қолдаушыларды да, серіктестерді де табуға болады. Бастысы жігер, құлшыныс, аянбай еңбек етуге деген талпыныс керек.

– Еуропадағы қазақтар болсын, Кореядағы қазақтар болсын – көбі ол жаққа барғаннан кейін қара жұмыс істейтінін жазады. АҚШ-та да солай. Огайо қазақтарының тіршілігі қандай? Олардың арасында қара жұмыс істеп жүрген білімді, мықты мамандар бар ма?

– Жалпы, өзім танитын азаматтардың жартысының, тіпті, жартысынан көбінің жоғары білімі бар. Яғни белгілі бір мамандықтың иелері. Әрине, оларға елдегі мамандықтары бойынша жұмыс істеп кетуі оңай емес. Өте қиын деп те айтуға болады. Мысалы, медицина саласы бойынша медбике өзінің кәсіби маман екенін дәлелдеу үшін үлкен емтихан сияқты сынақтан өтуі керек болады. Ол, біріншіден, оқыған пәндерін көрсетуі керек. Қанша пәні сәйкес келеді, қаншасы сәйкес келмейді? Сол сәйкес келмейтін пәндері бойынша емтихан тапсырады. 120 сағаттық сабақ тыңдауы керек. Оның нәтижесі бойынша емтихан тапсыруы тиіс. Оның сыртында тілді қаншалықты білетінін дәлелдейтінін көрсетіп, ағылшын тілінен тапсыратын тест тағы бар. Сондықтан екінің бірі мұндай сынаққа бара бермейді. Сол себепті де сіз айтып отырғандай, келушілердің көбісіне қолынан келетін іспен шұғылданып,  қара жұмыс істеуге тура келеді. Бірақ бұл жақта мейрамханада даяшы болу, көлік жүргізушісі болу қара жұмыс болып саналғанмен, аса ауыр да емес. Екіншіден, айта кету керек, мұнда барлық жұмыс автоматтандырылған, компьютерлендірілген. Сондықтан да қара жұмыс дегенде ауыр көтеріп, қиналатын жұмыс емес. Бірақ жасыратыны жоқ, көбі жоғарыда айтылған себептерге байланысты сондай жұмыстарды атқарады. Ал енді өз еліндегі кәсіби мамандығын әрі қарай жалғастырып жүргендер некен-саяқ. Өте сирек кездеседі.

Мен танитын азаматтардың арасында заңгерлер де бар. педагог мамандар да бар. Басқа да түрлі салада қызмет атқарған жоғары білімді адамдар бар. Бірақ олардың көбі осы жақта қазір қарапайым жұмыс істеп, нәпақасын тауып жүр.

– АҚШ-та өз елінде атқарған қызметін жалғастырып, маман ретінде өзін мойындату үшін не істеу керек?

– Бұл жерде мамандықтарға да байланысты. Мысалы, компьютермен істелетін бухгалтерия сияқты жұмыстардың айырмашылығы тек тілде. Ал бағдарламалар ортақ. Егер ағылшын тілін жетік меңгерсе, демек өз елінде атқарған жұмыстарын дәл солай жалғастырып, өзін мойындатып, дәлелдей алады. Ал егер гуманитарлық сала бағытындағы мамандықтар болса, оларға қиындау соғады. Себебі қолданылатын әдістердің айырмашылығы көп кедергі келтіреді. Жоғарыда айтып өткенімдей, біліміңізді растайтын дипломды дәлелдеудің өзі біраз уақыт алады. Пәндер айырмашылығы тексеріліп, оқымаған пәндер болса, қайтадан оқу керек болады. Біраз процедура жүргізіледі.

– Көбіне сыртқа шыққаннан кейін, әсіресе, Америкаға барған адамның өзіне деген сенімділігі басылып, бөтен ортаны жатсынып, қалай да күн көрсем болды деген ойдың соңында кететіндерін айтады. Адамның ойша өз-өзін осылай шектеуі олардың қара жұмыспен қалуына себеп болады деп жатады. Бұл шын мәнінде де солай ма?

– Бұл пікірмен келіспеймін. Себебі елде өзіне деген сенімділігі төмендеу болып жүрген адам АҚШ-қа келгенде мұндағы тең құқылықты көріп, бұрын ішіне бүгіп келген қабілетін ашып, осында жетістікке жетіп жүргендер көп. Оны әңгіме арасында өздері де «Осы жаққа келмесем, мұндай жетістікке жетпес пе едім?» деп мойындап отырады. Сондықтан да мен айтар едім, бұл жерде адамның өзінің ойлау жүйесі дұрыс болса, яғни керітартпалығы болмаса, барлық мүмкіндік бар. Өзін рухани дамыту бойынша да, жаңа бір кәсіп түрін ашамын, еңбек етемін деген адамға мүмкіндік мол. Тек адал еңбек ете білетін еңбекқор болуы керек. Керісінше, бұл жақта жаңа кәсіп түрін үйреніп, білім көкжиегін кеңейтіп, жаңаратын сияқты. Бұл тек қана менің ойым емес, кез келген азаматтан сұрасаңыз, осылай жауап береді. Бұрын өзіне сеніңкіремей жүріп, осы елге келген соң қолынан не келететінін көріп, өзінің күшіне сенімі артып, арманын іс жүзінде орындап, өзін жоғары бағалай бастаған мысалдар көп.

– Ал Америкадағы, соның ішінде Огайодағы қазақ қауымдастығында азаматтар бір-бірін демеп, мотивация беріп отыра ма? Бір-біріне қолдауды қалай көрсетеді?

– Осындағы қазақ қауымдастығы туралы айтатын болсақ, әрине, бір елдің азаматтары болған соң бір-біріне демеу болып, барынша қолдау көрсетіп отырады. Көмек дегенде қалай? Мысалы, бір азамат кәсіпті қалай бастарын білмей жүрсе, сол салада жетістікке жеткен екінші азамат оған өзінің бастан өткерген қиындықтарын қайталамас үшін тәжірибесімен бөлісу арқылы көмектеседі. Алайда «бұл кісі ана рудан, ана кісі өз ауылымыз жақтан» деген сияқты ұғым мүлде жоқ. Себебі айналаның бәрі бәсекелестікке толы орта. Барлығы да оны келген бірінші күннен түсінеді. Бұл жерде адамның қолынан не келеді? Сол бойынша бағаланады. Қолынан іс келетін адам жерде қалмайды. Ондай адамнан көмекті де ешкім аямайды. Ал жалқау, жатыпішерлер қай елде болса да, алысқа бармайды.

Огайодағы қазақтардың ұйымшылдығы ерекше. Мен өз басым 4 штатта, яғни Нью-Йорк, Калифорния, Техас, Огайо штаттарында тұрып көрдім. Соның ішінде береке-бірлігі жарасқан ерекше ұйымшылдығымен көңілге жаққаны осы Огайодағы қазақ қауымдастығы. Оның бір себебі мұндағы қазақтардың көбі орта буыннан асқан отбасылы, балалы-шағалы адамдар болғандықтан да шығар. Мысалы, Нью-Йорк, Лос-Анджелестегі қазақтардың көбі – білім қуып келген жастар. Олардың ойында негізінен сабақ, емтихан, дисертация қорғау сияқты шаруалар тұратындықтан, әрине, уақыттары да бола бермейді. Ал Огайодағы қазақтардың басым көпшілігі емтиханнан, сабақтан қолдары бос, өздерінің кәсібін дөңгелетіп жүрген орта жастағы адамдар болғандықтан ба, ұйымшылдық ерекше көрінеді.

Бұл жақта енді көшіп келіп жатқан отандастарымызға алғашында уақытша тұратын орын қарастырып немесе қастарына тұрғызып, оқуға, жұмысқа орналасу бойынша көмек қолдарын созып жатады. Тіпті мекенжай, пошта керек кезде де осында бұрыннан тұрақтаған қазақтар енді кеп жатқандарға пошта мекенжайын беріп, хат-хабарларды алып отыруға, көлік алғанда тіркеуге жәрдемдеседі. Екі көлігі барлар уақытша пайдалануға бір көлігін бере тұратындар да бар.

– Огайодағы қауымдастық қаншалықты жиі бас қосады, қандай шаралар өткізіп жүр?

– Ең бірінші Қазақстанның Тәуелсіздік күні, Наурыз тойы атаусыз қалмайды. Мерекелік шаралар, тойлар күн жылы кездерде қаладағы саябақтарда ашық аспан астында, ал күн суытқанда мейрамханаларда өткізіледі. Огайоның қазақтары кез келген мерекеде бас қосып отырады. Мысалы, жеке адамның немесе отбасының мерейтойы және кішкентай нәрестенің дүниеге келуі, яғни шілдехана, бесік той, тұсау кесу, құдайы тамақ сияқты рәсімдер тура өз еліміздегідей өтеді. Үлкен тойлар ұйымдастырылып тұрады. Тойлар елдегідей асабалардың басқаруымен ұлттық нақышта өткізіледі. Жыл сайын қыс түскенде елдегідей соғым сойылады. Огайодағы ұйымшылдықтың ерекшелігі осында. Бұл басқа штаттарда жоқ деуге болады.

Фотода Ертөре Оразай достарымен. Огайо штаты

– Америкаға әлемнің қай түкпірінен барса да, адамдар өз еліндегі жақындарына көмектесіп жатады. Қазақстандықтар да сөйтеді. Жалпы, АҚШ-тағы қазақтар елімізге қаншалықты жақын әрі жақсы жағынан қалай әсер ете алып жатыр деп ойлайсыз?

– Әрине, дұрыс айтасыз. Әлемнің қай түкпірінде жүрсек те, әр қазақтың жүрегі елім деп соғады деп ойлаймын. Қайда жүрсе де қазақ – бір қазақ. Әрдайым Қазақстанның жағдайын елдегі қазақтармен бір деңгейде ойлап жүреді. Елде қандай да бір жағдай орын алса, елеңдеп, бірінші болып Америкадағы қазақтар көмек қолын созып жатады. Дереу әлеуметтік желілерде талқылап, қаржылай көмек көрсету бойынша жұмыстар жүргізіледі. Керек болса, қоғамның назарын аудару үшін петиция жасап, қол жинап, пикет, шеру ұйымдастыратын қоғам белсенділері Нью-Йоркте көп. Алайда «Қаңтар» оқиғасы кезінде барлық штаттарда қолдау акциялары өтті. Біздің Огайода да қазақтар Цинциннатидің орталық алаңына «Еліміздің тұтастығы бұзылмасын! Шетел әскері кірмесін!» деген жазуы бар плакаттарды көтеріп шығып, «біз сіздермен біргеміз!» деп ұрандады. Әрдайым «еліміз аман болсын!» деп тілеу тілеп отырады.

Фотода Ертөре Оразай мен Марат Омаров Тәуелсіздіктің 30 жылдығында

Сонымен қатар елден өнер адамдары келіп жатады. Бірер жыл бұрын Димаштың концерті өтті. Жақында Мейрамбек Беспаев пен Ғазезхан Шекербековтің концерті ұйымдастырылды. Сол кезде Мейрамбек пен Ғазезхан арнайы шақыртумен Огайода да болып қайтты. Осындағы жергілікті қазақтармен жүздесіп, жақсы кеш өтті. Жалпы, осындай өнер адамдары келгенде де қолдау көрсетіп, оларды Огайоға шақырып жатады. Келе алмаса, қай штатта өтсе, сол жақтарға барып тұрады. Геннадий Головкиннің жекпе-жектеріне де қай қалада ұйымдастырылса, сол жақтарға бірігіп барып, жанкүйер болып қайтады.

– Сұхбатыңызға рақмет! 

Сұхбаттасқан Нұрдәулет Кәкіш

 

Соңғы жазбалар

«Қай жерде емес, қандай ақпарат айтқаның маңызды»: New York Film Academy құндылығы неде

0
НЬЮ-ЙОРК. KazUnite - «Qazaqstan» ұлттық телеарнасы «Таңшолпан» таңғы ақпаратты-сазды бағдарламасының және Ауа райы болжамының жүргізушісі, «Болашақ» Халықаралық стипендиясының иегері, New York Film Academy түлегі...

Моңғолиядағы Баян-Өлгий аймағының әкімі болып этникалық қазақ тағайындалды

0
БАЯН-ӨЛГИЙ. KazUnite - Моңғолия премьер-министрінің бұйрығымен Баян-Өлгий аймағының әкімі қызметіне Заңғар Есентайұлы тағайындалды. Бұл туралы Kaznews ақпарат агенттігі хабарлады. Аталған БАҚ-тың дерегіне сүйенсек, жаңадан сайланған Баян-Өлгий...

TPAМПлин бe, тықыp тaянy мa: Дoнaльд Tpaмптың билiккe кeлyi әлeмгe қaлaй әcep eтeдi

0
HЬЮ-ЙOPК. KazUnite - Қaй кeз бoлcын әлeмнiң нaзapынaн әcтe тыc қaлмaйтын Aмepикa Құpaмa Штaттapы биылғы қapaшa aйы бacтaлғaлы бepi тiптeн жaһaнның бacты жaңaлығынaн түcпeй...

Қазақстанда Мемлекеттік сатып алуда қандай өзгерістер болып жатыр

0
АСТАНА. KazUnite - Мемлекеттік сатып алу – жаңашылдықтарды, озық технологиялар мен отандық өндірісті ілгерілетуге ықпал ететін тиімді тетік. Осыған орай ҚР Қаржы министрлігі өңірлерде...

Орталық Азия мен Қытай мемлекеттік басқару саласындағы ынтымақтастығын нығайтуда

0
Бейжіңде Қытай және Орталық Азия елдері: Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстан және Тәжікстанның мемлекеттік басқару академиялары басшылары қатысуымен семинар өтті. Онда жиналғандар мемлекеттік басқару саласындағы...