СұхбатӘлемнің ірі компанияларына таныссыз жұмысқа тұруға болады – Schlumberger компаниясының вице-президенті

Әлемнің ірі компанияларына таныссыз жұмысқа тұруға болады – Schlumberger компаниясының вице-президенті

 

НЬЮ-ЙОРК. KazUnite – Әлемдік ірі компанияда жұмыс істеу үшін не істеу керек? Шетелдік компанияда қызметіңіздің өсуі үшін бойыңызда қандай қасиет болуы керек? Әлемдік компания мамандардың білімі мен тәжірибесінен басқа қандай қасиеттеріне назар аударады? Schlumberger компаниясының жас мамандарға қандай мүмкіндік береді? Осы және басқа да маңызды сұрақтар жөнінде Еуропа, Африка елдерінде жұмыс істеген, бүгінде АҚШ-та қаржы саласы бойынша әлемдік Schlumberger компаниясының вице-президенті Нұржан Оңалтаевпен сұхбат құрдық.

– Нұржан мырза, сіз АҚШ-қа дейін Еуропа мен Африка құрлығының бірқатар елдерінде қызмет атқарған екенсізАл мектепті қай жерде оқып едіңіз? Қазіргі жұмыс орныңыз туралы да айтып өтсеңіз.

– Жетісай қаласында №6 орта мектепте оқыдым. Мектеп бітіргеннен кейін KIMEP-ке оқуға түстім. Атырауда екі жыл жұмыс істедім. Одан кейін Алжирге жұмыс бабымен көштім. Қаржы саласында қызмет етемін. Отбасын құрғаннан кейін жарыммен Парижге көштік. Екі қызым сонда дүниеге келді. Балаларым Францияда балабақшаға барды, мектеп табалдырығын да сонда аттады. Еуропадан кейін Африкадағы Конго еліне қоныс аудардық. Конгода үш жыл жұмыс істедім. Онда да қаржы саласының маманы болдым. Қазір АҚШ-та Schlumberger компаниясында қызмет етемін, қаржы мәселесі бойынша вице-президентімін. Schlumberger – мұнай саласындағы ең ірі компанияның бірі. Онда жүз мың адам жұмыс істейді. Бірнеше елде филиалдарымыз бар. Қазақстанда да бірнеше қалада кеңсесі орналасқан.

– Бір елден екінші елге жиі көшуді, үнемі орта ауыстыруды балаларыңыз қалай қабылдайды? Қандай да бір қиындық тудырмай ма?

– Балаларымыз оған үйренген. Менің ойымша, керісінше, жиі қоныс аудару адамды шыңдайды. Болашақта қыздарым қайда көшсе де, қайда тұрса да, сол ортаға тез сіңісіп кете алады.

Фото Нұржан Оңалтаевтың жеке мұрағатынан
Фото Нұржан Оңалтаевтың жеке мұрағатынан

– Әлемдік ірі компанияда жұмыс істегісі келетін, бірақ соған батылы жетпей жүрген отандастарымызға қандай кеңес берер едіңіз? 

– Шетелдік компанияда жұмыс істей бастағанда сенімсіздік болды. Бірақ уақыт өте келе, ол компанияда жұмыс істеп жүрген шетелдік мамандар өзім секілді адамдар екенін, олардың да білмейтіндері бар екенін ұқтым. Америкалық менен көбірек біледі немесе еуропалықтың істеген жұмысын мен істей алмаймын деген ойлардан арылып, талпыну қажет.

Көптеген елдің азаматтарымен еңбек еттім. Қазір де шетелдік азаматтар қол астымда жұмыс істейді. Барлық адамның мүмкіндігі бірдей. Тек еңбек пен талпыныс керек.

Орта білім болсын, жоғары білім болсын, сабақты жақсы оқу керек. Бұл дегеніміз тек өткен тақырыпты жаттап, айтып беріп, жақсы баға алу емес. Тақырыпты және оның логикасын түсіну маңызды. Кейде Қазақстаннан «жұмысқа орналастыр» деп хабарласады. Мені Қазақстан компаниясында жұмыс істейді деп ойласа керек. Адам талпынса, кез келген компанияға жұмысқа таныссыз-ақ тұра алады. Әлем бойынша компаниялар өте көп.

Тағы қосарым, көбіне адам сағат тоғыздан алтыға дейін кеңседе отырып, жұмыс уақыты біткенде үйіне қайтуға асығады. Алайда жақсы нәтижеге жету үшін басқаларға қарағанда көп жұмыс істеу қажет. Жұмысты жақсы көріп істеу өте маңызды. Әлемдік ірі компанияда жұмыс істеу үшін өзгелерден бөлектеніп тұру керек. Мәселен, департаментте он адам болса, оның ең үздігі сен болуың керек.

– Ол үшін не істеу керек? 

– Берген тапсырманы робот секілді таңнан кешке дейін отырып, істеу мақсат емес. Ең алдымен бұл жұмысты не үшін істеп жатқаныңды түсіну керек. “Компанияның мақсаты не?” деген сұрақтың жауабын білу маңызды. Адам жаңа жұмыс орнына барғанда онда тың өзгеріс алып келуге, жоғары нәтиже көрсетуге талпыну қажет. Мәселен, жаңа жұмыс орнына барғаннан кейін “Біз осы әдіспен жұмыс істеп жатқанымызға он жыл болды” десе, “жоқ, мен жаңа, одан да нәтижелі әдісті орнатамын” деп жаңашылдық алып келуге тырысу керек. Сонда компания басшылығы “мына маман тек қатардағы қызметкер емес екен“ деген оймен оған үздік маман ретінде қарайды. Бұл, әлбетте, компанияда мәнсабыңның өсуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар» үлкен мақсат қоюдан қорықпаңдар» деген кеңес айтар едім.

– Сіз шетелде білім алдыңыз ба? Әлде Қазақстан дипломымен шетелдік компанияға жұмысқа тұру мүмкін бе? 

– Мен шетелде оқымадым. Шетелдік компанияда дипломға емес, істеген жұмысыңа қарайды. Қандай нәтижеге жете білдің, сол маңызды.

АҚШ компанияларын алатын болсақ, мұнда адамды ұлтына, дініне байланысты шеттету жоқ. Жұмысқа аларда адамның біліктілігіне, біліміне қарайды. Адамның кәсібилігі бәрінен жоғары тұрады, дискриминацияға жол берілмейді.

Шетелдік компанияда жұмыс істеу үшін ең алдымен ағылшын тілін білу керек. Тілсіз шетелдік компанияда жұмыс істеу мүмкін емес. Тіл үйрену қазіргі таңда үлкен мәселе емес.

– Сіз қанша тілде сөйлейсіз? 

– Қазақ, орыс, ағылшын, француз тілдерінде еркін сөйлеймін, жазамын және оқимын.

Фото Нұржан Оңалтаевтың жеке мұрағатынан

– Әлемдік компанияда жұмыс істеу үшін сапалы білім алып, бірнеше жыл тәжірибе жинау қажет. Тек жұмыс істеп қана қоймай, онда жақсы нәтиже көрсеткеннен кейін әлемдік ірі компанияларға өз кандидатурасын ұсына алады. Солай ма? 

– Шетелдік компанияда бірнеше жыл жұмыс істеп жүрген адам ретінде айтарым, мұнда үміткерге тек қандай маман екен деген сауалмен қарамайды, оның жақсы адам болуы маңызды. Жұмыстан бөлек қайырымдылықпен айналысу да үлкен рөл атқарады. Бұрын адамның адами қасиеттеріне көп мән берілмейтін. Сондықтан тек мәнсап қуып қана қоймай, қоғамға пайдаңды да тигізуің керек.

– Тамаша, алысқа бармай-ақ өзіңіз жұмыс істейтін компанияны алайық. Қазақстандықтардың Schlumberger-ге жұмысқа тұрып, шетелге көшпестен елде жүріп, қашықтан қызмет көрсетуге мүмкіндік бар ма?

– Жоғарыда айтып өткенімдей, Қазақстанда филиалдарымыз бар. Компания жоғары оқу орындарын жаңа бітірген мамандарды жұмысқа алуға құлықты. Себебі оларға қажетті білім беріп, барлығын үйретеміз. Жас мамандарды Ресей, Еуропа немесе АҚШ-қа тренингке жіберетін арнайы бағдарламалар бар. Мамандар аталған елдерде бірнеше ай оқиды. Барлық шығынды компания өтейді. Оған қосымша ай сайын айлық төлейді.

Фото Нұржан Оңалтаевтың жеке мұрағатынан

– Болашақта Қазақстанға қайту жоспарда бар ма?

– АҚШ – болашағы зор мемлекет. Балаларымыз осында жоғары оқу орнын бітіргенін қалаймыз. Бірақ АҚШ-та түпкілікті қалу жоспарда жоқ. Егер болашақта жұмыс бойынша жақсы ұсыныстар түсіп жатса, елде де тұруға дайынбыз. Төлқұжатымыз Қазақстандікі. Бізде басқа елдің азаматтығын алу мүмкіндігі болды, бірақ сонда да паспортымызды сақтап жүрміз.

– Сұхбатыңызға көп рақмет! Сәттілік серігіңіз болсын!

 

Соңғы жазбалар

Шольц Путинге Канттың сөздерін мысалға келтіруге тыйым салды

0
Берлинде неміс философы Иммануил Канттың 300 жылдығына орай мерейтойлық жылдың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл туралы Берлин-Бранденбург ғылым академиясы мәлім етті, деп хабарлайды KazUnite тілшісі. Іс-шара Пруссия...

Грекиялықтар елдің НАТО-дан шығуын талап етті

0
Грекия астанасы Афинада коммунистік партия мен халықаралық және бейбітшілік комитетінің мүшелері қатысқан салтанатты бейбітшілік шеруі өтті, деп хабарлайды KazUnite тілшісі  902.gr-ға сілтеме жасап. Агенттіктің хабарлауынша,...

«Таза Қазақстан»: Мақаншы ауданындағы Айдынды-Алакөл жағалауы тазартылды

0
KazUnite - Қазақстанда «Таза Қазақстан» ауқымды экологиялық акциясы жалғасып жатыр. Абай облысы Мақаншы ауданындағы Айдынды-Алакөл жағалауында жалпы аудандық сенбілік өтті. Акцияға ауданның 11 ауылдық округі мен...

В5+1 форумында Anelya Alimova мен Business Woman KZ келісімшартқа отырды

0
АЛМАТЫ. KazUnite - Алматыда АҚШ және Орталық Азия елдері – Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстан үкіметтері мен іскер топтары өкілдерінің қатысуымен «В5+1» форматындағы...

«Қазақстандықтарды байытқым келеді»: Америкада косметикалық брендін қалыптастырған қазақтың миллионер қызы

0
НЬЮ-ЙОРК. KazUnite - АҚШ-қа Эйнштейн визасы арқылы келген тұңғыш қазақтың кім екенін білесіз бе? Ол – People Awards нұсқасы бойынша халықаралық бизнес-сарапшы, Халықаралық ғылыми...