СұхбатПродюсер мамандығы және жаңа технологиялар әлемі

Продюсер мамандығы және жаңа технологиялар әлемі

 

НЬЮ-ЙОРК. KazUnite – «Болашақ» бағдарламасы бойынша Нью-Йорк фильм академиясының студенті Эльмира Ерікқызының продюсер Ажар Молдашовамен сұхбатын оқырман назарына ұсынамыз.

Эльмира: Нью-Йорк – ғажайып қала, қарама-қайшылықтар мен мүмкіндіктерге толы қала, күтпеген кездесулер мен тосынсыйлар қаласы. Жер шарының тұрғындарын магнит сияқты өзіне тартып алатындай күшке ие мегаполис. Қызықты оқиғалар қуған миллиондаған батыл азаматтардың ортақ үйі. Талантты және армандарына кәміл сенімі бар адамдардың мекені. Нью-Йорк кино академиясын қабырғасындағы жарты жылдық студенттік өмірімнен Нью-Йорк қаласын осы жағынан таныдым. Осы уақыт аралығында көптеген талантты қазақстандықтармен танысып, кездесіп үлгердім. Солардың бірі –  продюсер Ажар Молдашова. Ажармен продюсер мамандығы және жаңа технологиялар әлемі тақырыбында әңгіме өрбіттік.

Ажар, продюсер мамандығы көпшілікке әлі де аса түсінікті емес. Мысалы, дәрігер, журналист, ғарышкердің кім екенін жұртшылық жақсы біледі. Ал продюсерлер нақты немен айналысады?

Ажар: Иә, келісемін. Дәл солай. Алдымен, әртүрлі бағытта жұмыс жасайтын продюсерлердің өз ерекшеліктері де болатынын ұмытпау керек. Мысалы, кино, музыка немесе телевизия бағытында жұмыс істейтін продюсерлердің мақсаты бір. Яғни олар үшін сәтті әрі табысты жобаны жүзеге асыру болса, бірақ қолданатын құралдары әртүрлі болуы мүмкін. Ақпаратты тасымалдау жолдары ерекшеленеді. Негізі продюсерліктің тарихы әлеуметтік мәдениетпен бірге пайда болды десек те болады. Ал біз білетіндей, мәдениет әрдайым салт-дәстүр, ұлттық би, театрлық қойылым, сурет ретінде болды. Ежелгі Грекияның амфитеатрлары, мысалы, өз заманы мәдениетінің жарқын көрінісі. Түрлі жанрдағы әр қойылым, көрініс бірталай дайындықты талап етеді. Пьеса делік. Оны жазған адам, актерлерді жинау, олардың киімдерін дайындау, сахнаны әзірлеу, театрмен келіссөз жүргізу, халыққа хабарландыру, дайындықтарды ұйымдастыру – осының барлығынмен бір адам айналысқан. Көбіне, пьесаның авторы барлық дайындық шараларын өз мойнына алған. Олай болса, барлығымызға танымал Аристофан да, Аристотель де продюсер болды десек болады. (Күледі) Бірақ бүгінгі күні продюсердің жұмысы бірталай өзгеріске ұшырап, ұйымдастыру жұмыстарынан өсіп, өзге бір мықты күшке ие мамандыққа айналып отыр. Біздің заманғы продюсерлерді «бизнесмен-креатор» деп атар едім. Бір қарағанда, мүлде алыс, керексіз дағды, маңызсыз мәлімет – іске сол бір ерекше сиқыр беріп, болмайтындай көрінетін істі сәтті етіп шығарады. Сондықтан барлық білім мен дағды керек болып қалуы мүмкін. Продюсер үшін білмегеннен білген артық.

Эльмира: Бүгінгі таңда қазақстандық жоғары оқу орындарында продюсер мамандығы жеке мамандық ретінде өткізілмесе де, продюсер шеберлігі, мамандықтың негіздерін үйрететін тағы басқа бір семестрлік арнайы пәндер бар. Ал интернет кеңістігінде, продюсер мамандығы бойынша дайындайтын курстар өте көп. Бірақ оқу орнында білім алып, осы мамандық иесі атанғысы келетіндерге қандай ЖОО-ны ұсынар едіңіз?

Ажар: Менің ойымша, продюсер мамандығын оқытатын АҚШ-тың барлық ЖОО-лары сапалы білім беріп, теориясымен қатар практикасын да үйрете алады. Себебі біз білетін продюсерліктің негізі АҚШ-та пайда болды. Ол кино саласының дамуымен тікелей байланысты, кейіннен музыка, телевизия және басқа салаларда қолданыла бастады. Ал бүгінгі таңда адам өмірінде жаңа технологиялар белсенділігінің артуының себебінен, продюсерлердің жұмыс бағыты кеңейе түсті. Мысалы, ғаламтор кеңістігінде медиа контент шығару мен оны дамыту, жеке бренд жасау және тағы басқа жаңа бағыттар дамып келеді. Негізі, продюсер сөзінің өзі бүгінгі технология заманының ең сәнді сөздерінің біріне айналды. Оны көптеген бағытта қолдануға болады. Мамандықтың ерекшелігі де сонымен байланысты. Кез келген бағытта жұмыс жасауға болады.

Эльмира: Продюсер үшін ең маңызды деп қандай қасиеттерді атап айтар едіңіз?

Ажар: Кең ой өріс, сараптамалық-талдамалық зерттеу әдісін жеке қасиетке айналдыру, дұрыс жоспар құра білу. Және, әрине, аудиториясын тану, жасап жатқан медиа өнім кімге арналады? Ол ортаның қызығушылықтары мен мұқтаждықтарын нақты білу маңызды. Продюсердің көрген-түйені басқалардан асып түсуі керек.

Эльмира: Әлеуметтік желілердің бүкіл медиа саласын өзгеріске ұшыратқаны барлығымызға мәлім. Медиа контент ещқашан бұрын-соңды болмаған қарқынмен жаңарып отырады. Тақырыптар да алуан түрлі. Продюсерге деген сұраныс күннен-күнге артып келеді. Тұтынушылардың көңілін өз медиа өніміне аудару үшін мамандар бірігіп, түрлі жолдар қолдануда, тіпті қитұрқы амалдарды да іске қосып жатқанын көріп жүрміз. Ал ғаламтор кеңістігіндегі медиа контенттің сапасын қадағалау әзірге мүмкін емес. Осы алуан түрлі ақпаратқа толы жаңа кеңістікте адам өз-өзін жоғалтып алмауының қандай жолдары бар деп ойлайсыз?

Ажар: Иә, келісемін. Қазіргі медиа нарығында продюсер ең маңызды мамандықтар қатарында. Иә, медиа нарығы. Медиа саласы – ең қуатты әрі табысты нарықтардық бірі екенін әрқашан есте сақтауымыз керек. Яғни егер кез келген адам қандай да бір контент тұтынса, ол оны сатып алды деп есептеу керек. Төлем ретінде ақшаның барлық түрі немесе өз уақыты қоланылады. Иә, «қазір уақыт – ақша»  деген сөзді тура мағынасында да қолдануға болады. Әр адам ақпараттық сауаттылықты үйренуі керек. Балаларды мектепте ақпаратты сараптауды үйретіп, көрсету – бүгінгі заман талабы. Біз Илон Масктің ғажайып жерасты пойызымен жаңа цифрлық әлемге зымырап жеткен сияқтымыз. Бұл жаңа цифрлық әлемде медиа контент ғаламтордың өмір сүруін қамтамасыз ететін жанармай рөлін атқарады. Сонда ғаламтор мен жаңа технологиялар достасып, бүкіл жер беті адамдарына өмір сүрудің жаңа талаптарын қоюда, және сіз жаңа талаптарға үйренбесеңіз, даму немесе өмір сүрудің өзі қиындап кетеді. Ойланып қарасаңыздар, бұл сөздің жаны бар екенін түсінесіздер. Аз ғана уақыт ішінде адамзаттың әлемге деген көзқарасы айтарлықтай өзгеріске ұшырап үлгерді. Жанұя, достық, білім, мектеп, дұрыс тамақтану және тағы басқа қарапайым ұғымдарға деген көзқарас өзгере бастады. Ойымды түсінген боларсыздар. Әрине, адам өміріне алып келген жақсы тұстары сансыз көп, алайда бұл ғажайып тасымал жолының кері әсері де жоқ емес.

Эльмира: Адамдар жаңа ақпарат заманына бейімделіп үлгере алмады дегеніңіз бе?

Ажар: Иә, дәл солай. Ұялы телефондардан әлем кітапханалары мен мұражайларын қамтитын қалталы компьютерлерге көштік. Он жыл бұрын адамдар кинолардан керемет ақылды адамдарды компьютердің батырмаларынан тез-тез соғып, ғалам проблемаларын шешіп немесе апаттардың алдын алып, адам санасын өзіне бағындырып жатқан көріністер орын алып жатқанда, оның біздің шынайы өмір екенін түсінген, соған сенген адамдар қатары болса да, аз болды. Көпшілік тек қана қызықты кино көріп отырған.

Эльмира: Иә, «Терминатор» сияқты, адам келбетті роботтар және олар өз бетінше адам жасап берген сана арқылы шешім қабылдап, сөйлей алатын болады дегенге күлетін уақыт та болғаны рас.

Ажар: Иә, сол әйгілі «Терминатор» киносын жиырма жыл бұрынғы және бүгінгі жастарға көрсетсек, олардың сезімдері, реакциясы мүлде өзшеге болатыны сөзсіз. Себебі олар туған орта өзге. Және осы цифрлық әлемде продюсер мамандығының маңыздылығын ең бірінші болып түсінген ол АҚШ болатын. Сондықтан бұл ел медиа саласында алдыңғы қатарда. Бүгінгі күні де мамандықтың дамуына көп күш салуда.

Эльмира: Продюсер қалай баршаға ұнайтын өнім жасап шығарса болады? Қалай ойлайсыз?

Ажар: Менің ойымша, ең жоғары деңгейде орындалған керемет, дара идеялардың өзін, белгілі бір топтар қабылдамайды, оларға жай ғана ұнамайды. Бірақ бұл қалыпты көрініс екенін түсіну керек. Балмұздақтың өзін ұнатпайтын адамдар да бар ғой (күледі) Жалпы адам көңілінен не шығады? Өзіне таныс, түсінікті, санасы қабылдай алатын дүние. Сюжетпен, кейіпкерлермен ортақтасатын ойы, өмірлік тәжірибесі болса. Балалық шақтан көріністер, алғашқы махаббат, сезімдер, жеккөруден бастап шексіз махабатқа дейін.

Эльмира: Ажар, сізді  продюсер әрі журанлист ретінде білемін. Сіздің АБС+ бағдарламаңызбен өте жақын таныспын (күледі). Менің кенже ұлым не бары үш жасында бағдаралама қатысушыларының артынан ағылшынша сөздерді қайталап отыратын. Балаларға арнлаған контенттің продюсерлік жұмысында қандай еркшеліктер бар деп ойлайсыз?

Ажар: Басты  ерекшелігі – аудиториясы. Балар аудиториясы – ең  шынайы әрі әмірлісі. Ұнатпаған контентті оларға күштеп, алдап қарата алмайсыздар. Оған ешкімнің күші жетпейді. «Бұл бағдарлама сендерге жазуды, оқуды немесе өзге тілді меңгеруді үйретеді» десеңіз де, бала үшін ол дәл сол сәтте маңызсыз. Және түрлі әдістермен көбіне ата-анасын өзі қалайтын мультик қойып беруіне мәжбір етеді. Сондай күшке ие бүлдіршіндер (күледі).

Эльмира: Иә, олар айтқанынан қайтпайды (күледі).

Ажар: Алдымен баланың көңілін аудару керек. Әрине, ол жарық, түрлі-түсті әдемі сурет. Есте қалатын көңілді музыка, дыбыстар. Содан кейін барып баланы ойынға қосылуға, достасуға шықырып, мақсат тұтқан идеяны жолдауға болады. Мысалы, оқыту мақсаты, АБС+ бағдарламасын келетін болсақ. «Спокойной ночи, малыши» бағдарламасын барлығымыз білетін шығармыз. Музыка, шағын мультфильм және тұрақты кейіпкерлер арқылы бағдарлама продюсерлері балалардың көңілін аулап, тәрбие бағытында жұмыс жасады. Сонымен қатар көрсетілім тұрақтылығы да маңызды. Адамдар табиғаты бойынша тұрақтылықты, сенімділікті жақсы көреді. Бүлдіршіндерге сенімді достар керек, ұнатқан кейіпкерін ертең осы уақытта көретінін білуі керек. Сонда осындай ұмытылмас дүние туады деп ойлаймын.

Эльмира: Иә, келісемін. Бұл бағдарлама – керемет жасалған телевизия тарихында қалуға лайықты өнім. Ал сіз оның сәтті болуының бір себебі – интернеттің қарқынды дамымағаны, яғни айтарлықтай бәсекелес болмауы деп ойламайсыз ба?

Ажар: Ғаламтор бізге беретін мүмкіндіктер, әрине, таңғалдырарлық. Бірақ «Спокойной ночи, Малыши» бағдарламасының басты ерекшелігі – ол замандастарды біріктіре алғанында. Сол жиырма бес жыл алдыңғы балалрды қуантып, үйлеріне шаттық сыйлай алғанында. Барлық жанұя бірге көре алатын, жылы сезім сыйлайтын контент болатын. Иә, теледидарды уайымдамай, барлық жанұя мүшелермен көре беруге болатын кездер болған. Сонымен сол балалық шағында көрген бағдарламалар, алған естеліктеріне орай да, бүгінгі ересектер қызығушылықтарына қарай бөлінеді. Осы мәлімтті қолданып, бүгінгі отыз жастағы адамдарға арналған сәтті жобаларды жүзеге асыруға болады.

Эльмира: Телевизия жоғалып барады, ал теледидардың үйлерінде болуына қарсы азаматтар қатары көбейіп жатыр дегенге не айтасыз?

Ажар: Теледидар мен телевизия бөлек дүние екеніне көңіл аударсақ. Бұрын ажырамас түсініктер болса, бүгін олай емес. Теледидар арқылы телеконтенттен басқа өнім де қарауға болады. Ал телеарналар теледидардан басқа да информация тасымалдау жолдарын қолдана алады. Телеарналардың ерекшелігі – ол бағдаралма кестесі бойынша жұмыс жасауында. Ол, әрине, заманауи өмір салтымен онша үйлеспейді, себебі адамдардың жұмыс уақыты өзгерді. Түнде жұмыс жасап, күндіз ұйықтайтын адамдар да бар. Бірақ та классикалық телевизия моделін ұнатанын көрермендер де бар. Сондақтан телевизия жоғалып кетеді деп оайламаймын. Иә, өзгерістерге ұшырайды, бірақ алдағы уақытта осы қалыпта жұмыс жасады деп ойлаймын. Ал теледидар туралы жағымсыз пікірлер, босқа уақыт өлтіру, қолында пульты бар еріншек, сана уландырушы деген сөздермен байланысты деп ойлаймын. Алайда шындыққа келетін болсақ, телеарналар күші азайғанымен, қазірде бос уақытын тиімсіз, бостан-босқа құртып отырған, еріншектікке беріліп отырған немесе миларын уландырып отырған адамдар көп, тек қана олар енді тек теледидар алдында емес, қалталы компьютерлерінің көгілдір экранының алдында отыр (күледі).

Эльмира: Біз бұл тақырыпты әлі ұзақ талқылай алатынмыз анық. Иә, щынымен де маңызды әрі терең тақырып. Продюсер маманының маңыздылығы артып, сонымен қатар әлеуметтік жауапкершілігі де артып отырғаны анық. Сізге сәттілік тілеймін.

Ажар: Отандастарымызбен байланыстыратын АҚШ жерінде тұңғыш ақпараттық порталдың құрылуына өте қуаныштымын. АҚШ-та талантты, дарында қазақстандықтар өте көп. Әрқайсысын мұнда өзінің ерекше өмірлік жолы, арманы, мақсаты жетелеп алып келді. Мен отанымды өте жақсы көремін және оның жарқын болашағына сенемін. Және біздің мекен тәрбиелеген жастар әлемнің жақсы жағынан дамуына үлкен үлес қосады деп ойлаймын. Оған түрлі салалрда өзін көрсеітіп жүрген жастар дәлел. Ол IT болсын, спорт, өнер, кино болсын бәрібір, себебі біз алмайтын асу жоқ. Дәл қазір бұл сөздерге қатты сенбейтін боларсыздар, дегенмен әлемге сараптамалы-талдамалы  түрде қарасаңыз, түсінікті болады деп ойлаймын. Біздің алғашқы аұпараттық порталымызға сәттілік тілеймін!

– Сұхбатыңызға рақмет! 

Сұхбаттасқан Эльмира ЕРІКҚЫЗЫ,

«Болашақ» бағдарламасы бойынша

Нью-Йорк фильм академиясының студенті

 

Соңғы жазбалар

В5+1 форумында Anelya Alimova мен Business Woman KZ келісімшартқа отырды

0
АЛМАТЫ. KazUnite - Алматыда АҚШ және Орталық Азия елдері – Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстан үкіметтері мен іскер топтары өкілдерінің қатысуымен «В5+1» форматындағы...

«Қазақстандықтарды байытқым келеді»: Америкада косметикалық брендін қалыптастырған қазақтың миллионер қызы

0
НЬЮ-ЙОРК. KazUnite - АҚШ-қа Эйнштейн визасы арқылы келген тұңғыш қазақтың кім екенін білесіз бе? Ол – People Awards нұсқасы бойынша халықаралық бизнес-сарапшы, Халықаралық ғылыми...

Қазақстан ҰҚШҰ-дан шығуға мәжбүр болуы мүмкін – саясаттану профессоры

0
НЬЮ-ЙОРК. KazUnite - Саясаттану профессоры Полин Джонс жақында CDDRL және TEC бірлесіп ұйымдастырған Reds семинарында сөйлеген сөзінде Украинадағы Ресейдің жаңарған агрессиясы Мәскеудің Еуразиялық көршілерімен...

Қытай мен Астана хабы мемлекеттік басқару бойынша жаңа жобалар талқылауда

0
Астана Мемлекеттік қызмет хабы Басқарушы комитеті төрағасы Алихан Байменов пен Қытай ұлттық мемлекеттік басқару академиясы атқарушы Вице-президенті Си Чунтао екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Кездесуге ҚХР-ның...

«New York Fashion Week-2024» халықаралық сән көрсетілімінде Қазақстанның Әнұраны шырқалды

0
Нью-Йорк қаласындағы «Leman Ballroom» залында  «New York Fashion Week-2024» халықаралық сән көрсетілімінің 16-маусымы ашылуында қазақстандық дизайнердің ұлттық сән үлгілері ұсынылып, қазақ әншісі өнер көрсетті,...