НЬЮ-ЙОРК. KazUnite – Америкада үй тазалығы жұмысы қаншалықты табысты? Осы және басқа да сұрақтар жөнінде АҚШ-та клининг бизнесімен айналысып, жас та болса бірнеше адамды жұмыспен қамтып, жақсы табысқа жеткен қазақ қызы Сымбат Каримбековамен сұхбат құрдық.
– АҚШ-қа оқуға, жұмыс істеуге немесе тұрақтап қалу мақсатында келгендер айналысатын кәсіптердің бірі тазалық бизнесі деп жатады. Америкалықтар арасында тазалық қызметіне сұраныс көп, үй, кеңсе тазалаумен айналысатын компания құру табысты бизнестердің бірі деседі. Бұл қаншалықты рас?
– Клинингті бизнес фул-тайм немесе парт-тайм деп бөлінеді. Фул-тайм дегеніміз – аптасына 5-6 күн тұрақты жұмыс. Яғни белгілі бір уақытта келісілген жерге барып, жұмыс жүргізіледі. Ал парт-тайм үйде отырған аналарға, студенттерге тиімді. Қолы босағанда тапсырыс берушімен бір күн бұрын келісіп, жұмыс істеуге болады. Бұл жұмысты тұрақты бизнеске айналдырып отырғандар да, жай қосымша табыс ретінде айналысып жүргендер де бар. Бірінші күн жұмыс көп болса, екінші күні тапсырыс болмауы мүмкін. Бірақ мұнда міндеттеу болмайды. Адам қаласа барады, қаламаса бармайды. Өз ыңғайына қарай тапсырыс берушімен келісіп, уақытты өзі белгілеуіне болады. Сол жағынан жақсы, тиімді жұмыс.
Жалпы, тазалық жұмысын жеке кәсіпкерлік немесе ЖШС ретінде тіркеуге мүмкіндік бар. Егер табысы жылына 18 мың доллардан аз болса, салықсыз, одан көп болса, салықпен тіркеледі. Тіркеудің түрлі жолдары бар. Әр штаттың заңына сәйкес, заңдастыруға болады.
– Сіз бұл бизнесті қалай бастадыңыз?
– Бұл бизнеске мен карантин уақытында келдім. Пандемияға дейін Нью-Йоркте клинингтік компанияларда бір жылдай жұмыс істеп, біраз тәжірибе жинағанмын. Табысым тұрақты әрі жақсы болған. Карантин кезінде Лос-Анджелеске қоныс аудардым. Бизнестік бағыттағы жұмыс осы жақта басталды. Сондықтан бизнесті Калифорнияда тіркедім. Дегенмен жұмыс Нью-Йоркте де қатар жүргізілді.
– Мұны Америкаға келген кез келген адам кәсіп қылы ала ма?
– Бұл бизнесті кез келген адам жасай алады. Бірақ өзіндік ньюансы бар. Америкалықтар негізінен сенімділікті, тұрақтылықты, орынды жауап бергенді, жұмысқа кешікпей, уақтылы барғанды жақсы көреді. Себебі олар уақыттарын алдын ала жоспарлайды. Дегенмен бірден америкалықтарға қызмет көрсету қиындау. Ол үшін сайтыңызды ашып, тәжірибе жинау керек. Сіз туралы пікірлер болмаса, америкалықтар хабарласпайды. Өйткені олар сенім білдіріп, үйлерін кілтімен қалдырып кетеді. Егер үйдегі бір заттар орнында болмаса, сізді сайтта тіркелген құжаттарыңыз арқылы тауып алады. Сонымен қатар клиенттерді ТМД-лықтардың әлеуметтік желілердегі топтарынан да табуға болады. Олар қызметтің бағасына мән береді. Содан кейін көбіне үйінен кетпей, жұмыс барысын бақылап жүреді.
– Тазалық бизнесімен айналысу үшін қандай бюджетпен бастау керек, қанша шығын кетеді?
– Заңды түрде жұмыс жүргізу керек болса, бастапқыда бизнес ашудағы құжат жұмыстарына 450 доллардай қажет. Одан кейін тазалық жұмысына қажетті химиялық заттар керек болады. Оның мөлшері жұмыстың ауқымдылығына, әр адамның қандай көлемде қолданатынына байланысты. Бес үйдің тазалығын жүргізуге шамамен 20 доллар кетуі мүмкін. Жалпы, бұл бизнестің шығыны өте аз.
– Сіз қанша адамға жұмыс бердіңіз?
– Қазіргі уақытта бұл бизнесім жұмыс істеп тұрған жоқ. Бұл жұмысқа қазір тек айналама аз да болсын пайдам тисін деген мақсатта ғана қарап жүрмін. Егер тапсырыстар түсіп жатса, осы жұмыспен айналысатын тұрақты 4-5 әпкем бар, сол кісілерге айтамын. Филадельфияда 2 адам, Нью-Йоркте 1 адам, Нью-Джерсиде 1 адам жұмыс істеп жүр. Бұрын Нью-Йоркте 17 адам жұмыс істеген.
– Табысыңыз қалай болды?
– Негізінен табысым 4-5 мың доллар болды. Жаз айларында 8-10 мың долларға дейін таптым. Сол сияқты қыздардың арасында да бір күнде мың доллардай табысқа шыққан кездері болды. Менің тарапымнан кеткен қателіктердің бірі бизнесті жүргізумен қатар, өзім де жұмыс істеуім. Себебі уақыттың тапшылығынан бизнесті бақылауда ұстауға мұрша болмай, жарнамаға өте көп шығын шықты. Жарнаманың бағыты бұл жақта басқашалау. Оның өзі – бөлек тақырып.
– Бұл бизнеспен әлем астанасы Нью-Йоркте айналыстыңыз. Көбіне Нью-Йоркке енді келгендер осындай компанияларда қолма-қол ақшаға жұмыс істегісі келсе, жұмысты қайдан іздеуі керек?
– Мен АҚШ-қа 5 жыл бұрын келдім. Ол кезде клинингте істейтін адамдар саны өте аз болған. Соңғы жылдары Украинадағы соғысқа байланысты ол жақтан адамдар мұнда өте келіп жатыр. Соның да әсері болар, қазір бұл бизнес түрі біраз бәсеңдеді. Қазіргі таңда жұмыс табу оңай емес. Сондықтан жұмыс іздеп жүрген адамдарға берер кеңесім өзі тұратын қаладағы топтарға жарнамасын жазып, тапсырыс алуға тырысуы керек. Солай біртіндеп тапсырыстар түседі. Егер ағылшын тілін білмесе, әр қаладағы ТМД елдері азаматтарының топтарына жазса да болады. Бірақ бұл – парт-тайм жұмыс. Жарнама жаза салып, күндіз-түні жұмыс істейтін мүмкіндік бірден болмайды. Өйткені жоғарыда айтқанымдай, жергілікті америкалықтар сенімділікті жақсы көреді. Сол себепті де олардан тапсырыс алу үшін тәжірибе жинақтап, өзі туралы жағымды пікір қалыптастыру қажет.
– Посткеңестік елдерден келгендердің әлеуметтік желідегі өз топтары бар. Олардың қауымдасып жүретіні рас па? Жалпы, посткеңестік елдерден келгендер арасында бизнес жасап, тауар, қызмет сату, клиент табу оңай ма?
– Иә, ТМД елдері азаматтарының топтары бар. Онда 15-20 мыңға дейін адамдар отырады. Қазақтардың, өзбектердің және басқа да ұлт өкілдерінің жекелеген өз топтары да бар. Сол топтардан да бір-біріне қолғабыс жасап, жұмыс, жалға берілетін үй тауып беріп жататын жағдайлар кездеседі.
– Ал жаңа келгендерді алдап кететін, өз мүддесіне пайдаланғысы келетіндер бола ма? Мысалы, Америкаға енді келген қыз бала уақытша тазалық жұмысы арқылы күн көргісі келсе, ол алданып қалмауы үшін, еңбекақысын дұрыс алуы үшін не нәрсеге мән беруі керек? Қалай сақтануы қажет?
– ТМД-дан келген адамдарға бизнес жарнамалауда телеграмдардағы топтарға қарағанда инстаграмда жүргізу тиімдірек деп айтар едім. Себебі телеграм топтарда көбіне жұмыс, үй тауып беру жағынан ақпараттық қолдау болуы мүмкін. Бірақ ол жерде ешкім киім сатып алмайды. Сондықтан инстаграм немесе сайт арқылы тек ТМД-лықтарға ғана емес, америкалықтарға да тауарлар сатуға болады.
Алдап кететін жағдай америкалықтар тарапынан болмайды. Алдау-арбау негізінен ТМД-дан келген орыстілділер арасында болуы мүмкін. Сол жағынан сақ болу керек. Әсіресе, үй іздегенде. Себебі үйді 6 ай немесе 1 жылға жалға алу жөнінде төлемақы төлегенде, олар кейін депозитті қайтармай қоюы мүмкін. Депозит мөлшері пәтерақының мөлшерімен тең болады. Сондықтан үйді сенімді таныстар арқылы іздеген дұрыс. 5 мың долларға дейін алданып қалып, 911-ге телефон соқса да оған көмектесе алмайды. Сонымен қатар жұмыс кезінде денсаулығын зақымдап алған жағдай болса, адвокат жалдап, компаниядан жәрдемақы алуға болады. Осының бәрін толығырақ алдын ала зерттеп алған жөн. Құжатсыз жұмыс істеген жағдайда да барлық нәрсеге мұқият болу керек. Ал америкалықтар құжатқа қатты қарайды.
– Бұл бизнесті қазақтар қалай игеріп жүр?
– Бұл бизнес Қазақстанда да бар. Бірақ елде бұл қызмет түрін негізінен ауқатты адамдар қолданады. Қарапайым адамдар үйлерін өздері тазалайды. Ал Америкада жергілікті тұрғындардың көпшілігі осы қызмет түрін пайдаланады.
Бұл жұмыс ер, әйел болып бөлінбейді. Ер адамдар да көп. Бірақ табыс әр күні әрқалай болғандықтан, ер адамдар көбіне тұрақты жұмысқа кетіп қалады.
– Сұхбатыңызға рақмет!