СұхбатҚазақ баласын асыраған америкалық ана: Диас әлі күнге дейін шошқа етін жемейді

Қазақ баласын асыраған америкалық ана: Диас әлі күнге дейін шошқа етін жемейді

 

НЬЮ-ЙОРК. KazUnite тілшісі бұған дейін сәби кезінен америкалықтар асырап, өсіріп жеткізген Диас есімді этникалық қазақ азаматымен сұхбаттасқан болатын. Бұл жолы Диастың америкалық анасы Джейнмен (сұхбат берушінің өтініші бойынша есімі өзгертілді) тілдесудің сәті түсті.

– Джейн ханым, неліктен дәл Қазақстаннан бала асырап алуға шешім қабылдадыңыздар?

– Күйеуімізбен отасқаннан кейін он бір жыл балалы бола алмадық. Жасым қырыққа толғанда бала асырап алу туралы ойлай бастадық. Көп ел менің жасымдағы адамдарға  бала асыруға рұқсат бермеді. Ал Қазақстанда ол кезде бала асырап алушылардың жасына қатысты шектеулер болмады.

Екінші себебі, таныстырамыз бен достарымыздың арасында Қазақстан мен Ресейден бала асырап алғандар көп еді. Олардан Қазақстаннан бала асырап алу процессі туралы біліп, танысқаннан кейін сондай шешімге келдік.

– Сіздерде таңдау мүмкіндігі болған шығар? Диасты асырап алғыңыз келуінің сыры неде?

– Балалардың фотосын көргенде Диас бірден көзіме түсті. Бет, әлпеті бізге, яғни филиппиндіктерге келеді. Диастың бұйра шаштары әкеме қатты ұқсайды. Әдетте асырап алушы ата-ана мен бала бір-біріне ұқсамайды. Сондықтан бала асыранды екені қатты білініп тұрады.

– Диаспен алғашқы кездесу қалай өтті?

– Диас тәрбиеленген балалар үйінде тек әйелдер жұмыс істейтін. Ол ер адамды бұған дейін тек теледидар арқылы ғана көрген. Әйелдердің ортасында жүргендіктен, күйеуім оны қолға алғанда Диас қорыққаннан шыңғырып, жылай бастады. Күйеуімнің алғашқы сөзі «мені жатырқап жатқан секілді, мүмкін сен қолыңа аларсың» деп менің қолыма ұстатты. Мен көтеріп едім, жылағанын қойды.

Ол бізді жатырқап, қатты қорыққан соң «Диаспен дұрыс қарым-қатынас орнату үшін асықпауымыз керек екен» деген ойға келдік. Бізге үйренісу үшін оған уақыт қажет болды.

– Диасты асырап алғаннан кейін қарым-қатынас орнатуда қандай қиындықтарға кезіктіңіз?

– Ең алдымен Диастың есімін Джеймс деп өзгерттік. Себебі біз Сан-Диего қаласында тұрдық. Сан-Диего Мексикамен шектесетіндіктен, онда мексикалықтар мен латын америкалықтар өте көп. Ал испан тілінде Диас сөзі өлім деген мағынаны білдіреді. Сол себепті Диасқа басқа есім береміз деп шештік. Бірақ оған Диас деген есім көбірек ұнайды.

Диасты алғаш үйге әкелгендегі сәттерді еске алар болсам, ол иттен қорқып қашты. Ол бұған дейін итті көрмеген. Оның үстіне, итіміз үлкен еді. Ол итті көрсе шыңғырып, қорқып жылайтын. Одан кейін бөлмесінен мүлде шықпай қойды. Оның киімін ауыстыру, түнде «пижамасын» кигізу мүмкін емес болды. Біз ата-ана ретінде балаға жаңа адамдарға үйренісіп, оларға сенім білдіру үшін уақыт, сабырлық керек екенін түсіндік.

Филиппиндіктердің басты тағамдары – тауық пен шошқа еті. Бірақ Диасты да, Әлияны да қанша тырыссақ та, шошқа етіне үйрете алмадық. Екеуі әлі күнге дейін шошқа етін жемейді.

Біз өткерген қиындықтардың тағы бірі – Диаспен коммуникация құру еді. Ол ағылшынша түсінбейтін. Сондықтан бастапқыда ымдап сөйлесетінбіз. Бірақ уақыт өте келе, жағдай түзелді.

Біз Қазақстаннан бірден екі бала асырап алғандықтан, екі бауырды жақындастыруда да қиындықтар болды. Бірі қазақша ғана түсінсе, енді бірі орыс  тілінде сөйлейтін. Тіл мәселесі басында екеуінің жақсы тіл табысуына кедергі болды. Екеуін жақындастыру үшін,  Әлия мен Диас біраз уақыт бір бөлмеде тұрады деп шештік.

– Диас сұхбатында сіздің бала кезінен оның шыққан тегі, туған жері туралы ақпаратты кітапханадан іздеп, көрсетіп, түсіндіретініңізді айтқан еді. Сіз үшін Диастың тарихи отаны, шыққан тегін білуі неліктен маңызды болды?

– Менің ата-анам 1951 жылы Филипиннен АҚШ-қа көшіп келді. Мен АҚШ-та дүниеге келдім. Ана тілімді білмей, ағылшын тілінде сөйлеймін. Балаға шыққан тегін білуі маңызды екенін өз тәжірибемнен білемін. Сондықтан Диас өз мәдениеті, тарихы туралы білгенін қаладым.

Біздің ортада қазақтар болмады. АҚШ-тың кітап дүкендерінде Қазақстан тарихы туралы кітап табу қиын еді. Саяхаттағанда Алматы туралы кітап тапқанда қатты қуандық. Онда Алматының суреттері көп еді.

– Диас биологиялық анасын іздеймін деген шешімін қалай қабылдадыңыз?

– Диас шешімі туралы алғаш айтқанда қандай реакция білдіру керектігін білмедім. Ол оның биологиялық анасын табу туралы шешімі мен үшін ауыр тиеді деп ойлады. Бірақ ол үшін биологиялық анасын тауып, онымен тілдесуі маңызды екенін түсіндім. Мен тек бір нәрседен қорықтым. «Анасы оны қабылдамаса қалай болады?» деп уайымға салындым. «Туған анасы қарым-қатынас орнатудан қашса, Диастың реакциясы қалай болады?» деген ой мазалады. Осындай қорқыныштарыма қарамастан оған қолдау білдіремін деп шештім. Өзімді оның орнына қойдым. Себебі мен туған ата-анамды білемін, ал ол білмейді.

Диас он сегізге толғанда оған туу туралы куәлігін бердім. Онда биологиялық анасының аты-жөні жазылған. «Биологиялық анаң туралы тек осы ғана ақпарат бар», – дедім. Оның өзінің шыққан тегі туралы жақынырақ білуі маңызды екенін түсініп, оған қолдау білдірдім. Мен үшін баламның бақыты маңызды.

– Сұхбат бергеніңіз үшін рақмет!

Сұхбаттасқан Әсем Әлмұханбет

 

Соңғы жазбалар

АҚШ Сенаты TikTok-қа тыйым салу немесе сату туралы заң жобасын мақұлдады

0
ВАШИНГТОН. KazUnite - АҚШ Сенаты TikTok әлеуметтік желісінің иесі қытайлық ByteDance концернін басқа иелік етушіге беруге міндеттейтін заң жобасын қабылдады. Заң жобасында Қытай тарапына...

Шольц Путинге Канттың сөздерін мысалға келтіруге тыйым салды

0
Берлинде неміс философы Иммануил Канттың 300 жылдығына орай мерейтойлық жылдың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл туралы Берлин-Бранденбург ғылым академиясы мәлім етті, деп хабарлайды KazUnite тілшісі. Іс-шара Пруссия...

Грекиялықтар елдің НАТО-дан шығуын талап етті

0
Грекия астанасы Афинада коммунистік партия мен халықаралық және бейбітшілік комитетінің мүшелері қатысқан салтанатты бейбітшілік шеруі өтті, деп хабарлайды KazUnite тілшісі  902.gr-ға сілтеме жасап. Агенттіктің хабарлауынша,...

«Таза Қазақстан»: Мақаншы ауданындағы Айдынды-Алакөл жағалауы тазартылды

0
KazUnite - Қазақстанда «Таза Қазақстан» ауқымды экологиялық акциясы жалғасып жатыр. Абай облысы Мақаншы ауданындағы Айдынды-Алакөл жағалауында жалпы аудандық сенбілік өтті. Акцияға ауданның 11 ауылдық округі мен...

В5+1 форумында Anelya Alimova мен Business Woman KZ келісімшартқа отырды

0
АЛМАТЫ. KazUnite - Алматыда АҚШ және Орталық Азия елдері – Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстан үкіметтері мен іскер топтары өкілдерінің қатысуымен «В5+1» форматындағы...